«Көлікті қысқы мезгілде оталдыру үшін бес минут жеткіліксіз. Екіншіден, заң нормасына сүйеніп көлікті бес минуттан соң бірден айдап кету оның бұзылуына әкеліп соғуы мүмкін. Оның үстіне, еліміздегі климаттың шұғыл континенталды екенін ескеру керек. Әрі, қазір көліктер бұрынғыдай гаражда емес, көшеде немесе үйлердің қасында тұрады. Демек, оларды асықпай қыздырып, қозғалтқыштарын ретке келтіріп алу керек. Содан кейін ғана қозғалуға болады» дейді сарапшы Әлібек Ұмаев.
Бұдан бөлек, әр көліктің техникалық жағдайы әртүрлі екенін де ескеру керек-ақ. Қымбат әрі жаңа көліктер тез оталса, арзаны және ескісі олай болмайтыны белгілі.
«Бұл заң нормасы жиырма жылдан бері бар екен. Әрі, әлем елдерінде де қолданысқа енгізілген. Айталық, Германияда заңға бағынбаған жүргізушілер 500 еуроға дейін айыппұл арқалайды. Бірақ, ол елдің көліктері мен жол сапасын біздің жағдаймен салыстыруға болмайды ғой. Біздің көлікті қыста оталдыру үшін 10 емес, 20 минут қажет болады» дейді көлік жүргізуші Тұрар Сабыров.
Сондай-ақ,, бұл мәселеге қатысты Ішкі істер министрлігі де түсінік берді.
- Ішкі істер министрлігі жаппай айыппұл (аталған норма бойынша) салуды көздемейді. Құқық бұзу деректеріне қатысты азаматтардан шағым түскенде ғана сол бойынша заңды шара қабылданады, — деп жауап берді Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомствоның мәлімдеуінше, шараның негізі мақсаты – қоғамдық тәртіптің сақталуы.
- Көлікті бес минуттан артық қыздыру деген — шартты ұғым. Ең біріншіден, адамдар «тыныштығымызды бұзды, жарты сағаттан бері көлігінің қозғалтқышын дарылдатып мазамызды алды» деп шағымдануы мүмкін. Сондай жағдайда тыныштықты бұзғаны үшін белгіленген ережелерге сәйкес шара қолданылады. Мұндағы мақсат — ортақ қоғамдық тәртіпті сақтау, халықтың тыныштығын қорғау, — деп түсіндіреді министрліктен.
Қолданыстағы Жол қозғалысы қағидасының 88-тармағы 5-тармақшасына сәйкес, тұрғын пунктілерінде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көлік құралдарының тұрғындарға қолайсыздық тудырып тоқтап тұруына тыйым салынады. Осындай талап ЖЖҚ-ның 17-бөлімінің 122-тармағы 4-тармақшасында да көрсетілген.
- Бұл — жаңа норма емес. Ол Жол жүрісі қағидасында 20 жылдан астам уақыттан бері бар. Егер көлік құралы тоқтап тұрған кезде қозғалтқышы 5 минуттан артық жұмыс істеп, тұрғындарға қолайсыздық тудырса, бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабы 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамына сәйкес қарастырылады. Ішкі істер органдары аталған құқық бұзушылық үшін азаматтарға жаппай айыппұл салуды мақсат етпейді. Көрсетілген бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс азаматтардың шағымдары түскен кезде ғана, куәгерлер құқық бұзушылық туралы фотосы мен бейнематериалдарын ұсынған жағдайда ғана қозғалады, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Еске салсақ, таяуда Мәжілістің жалпы отырысында депутат Серік Ерубаев қатты аязды күндері автокөлікті жылытуға 5 минуттан көп уақыт кететінін айтты. Осы орайда ол көліктің қозғалтқышын ұзақ қыздырғаны үшін айыппұл салу нормасы қисынсыз екенін атап өтті.
Айта кетейік, осы норма аясында айыппұл 5 АЕК сомасында қарастырылған. Ал осы талапты қайтадан бұзғандарға 10 АЕК айыппұл салынады.
Сенатор Марат Қожаев аталған тәртіп кезінде көршілер мен басқа да адамдарға зиян келтірмеу мақсатында енгізілгенін айтты.