Мәселен, өткен жылдың өзінде олардың саны 13 есеге өскен екен...
Қыстың қаһарынан да қаймықпайды
Бірақ бұл жерде көптеген жүргізушілерді бір сұрақ мазалайды: Қазақстанның сақылдаған сары аязына бұл көліктер қалай шыдайды? Біз бұл сауалды сала мамандары мен сарапшыларға қойып көрген едік.
«За рулем» журналының бас редакторы Алексей Алексеев заманауи көліктердің қандай ауа райына да төтеп бере алатынын айтады.
Алексейдің айтуынша, электрокөліктердің қуат көзі жазғы мезгілде 500 шақырымға жетсе, қыста сәл азайып, бұл көрсеткіш 300-ге төмендейді. Алайда, соңғы шығып жатқан батареялардың қуаты әлдеқайда жоғары. Сондықтан бұл да қазір ешқандай қиындық тудырмайды екен.
Бұл жерде заманауи көліктердің тағы бір артықшылығын айтпай кетуге болмас. Бұл – олардың тез қызып, жылынуы. Электромобиль бірінші секундта-ақ ішке ыстық ауа айдай бастайды. Кәдімгі көліктердегідей салонның жылынғанын күтіп отырудың қажеті жоқ.
Қуаттау қиынға соқпасын десек...
Бүгінде жай көліктерді электромобильдер алмастырып жатыр. Олардың қатары артпаса, азаяр емес. Әрине, бұл – қазіргі заман талабы. Десек те, кей мамандар бұл көліктер қатаң климаттық жағдайға қауқарсыз келетінін де айтудан кенде емес. Осы орайда, біз сол заманауи көлік иелерінің өздерін сөзге тартып көрдік.
Біз тілдекен су жаңа «Tesla Y» электрокөлігінің иесі Евгений Борисов бұл көліктің қуат шығыны едәуір көп екенін жасырмайды. Мәселен, минус 25 градус салқындықта көліктің қуат жұмсау шығыны үш есе көбейеді екен. Ал, 80 пайыз қуат тек екі күнге ғана жетеді. Онда да, күніне 50-60 шақырым жүргенде ғана. Ал, жазда ол көлігін бес-алты күнде бір рет қана қуаттайды екен.
Көлік иесі, елімізде қуаттау мәселесі өкінішке орай әлі де шешіле қоймағанын айтып қынжылыс білдіреді.
Қуат көзі демекші, Астана мен Алматыда елуден астам электроқуат стансасы бар екен. Ал, Павлодарда былтыр бесеу, Қостанайда екеу және Ақтауда біреуі тіркелген. Тағы бірі Астана-Щучинск автожолында орналасқан. Барлығы елімізде осындай жүзден аса нысан есептеледі. Соның 102-сі «Оператор ЭЗС» компаняилар желісіне тиесілі екен. Қалғаны «eDrive.kz» (82 станса), «Qasqir.kz» (27 станса), «Kusto Group» (25 станса) еншісінде.
Бұдан бөлек, «ҚазАвтоЖол» мекемесі де халықаралық және республикалық маңызы бар автокөлік жолдарында электроқуат стансаларын көбейту үшін жеке инвесторларды да тартуға әрекеттеніп жатқанын айтпай кетуге болмайды. Айталық, Астана-Щучинск және Астана-Теміртау автожолдарында осындай бес станса салуды бір компания қолға алып жатыр екен. Бұл туралы Көлік министрлігі Автокөлік жолдары комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.
2023 жылы электромобильдерге арналған инфрақұрылымды жүргізу үшін арнайы жол картасы жасақталды. Сол бойынша 2029 жылға қарай барлық ірі қалалар қажетті нысандармен қамтамасыз етілетін болады. Көптеген маңызды меморуандумдарға қол да қойылған. Қалғаны енді уақыттың еншісінде.
Тиімді ме, тиімсіз бе?
Желіде электромобильдерге қатысты түрлі әңгімелер айтылып жатады. Бірі суыққа төзімсіз, тек оңтүстік өңірлердің ауа райына арналған десе, екіншісі қарапайым көліктен гөрі он есе қолайлы екенін айтуда. Ендеше, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Біз мұны сарапшы мамандардан біліп көрдік.
Ұлттық санақ бюросының мәліметіне сүйенсек, былтырғы қарашадағы көрсеткіш бойынша Қазақстанда 6 мыңнан астам электромобиль тіркелген екен. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 10,4 есеге көп. Жыл сайын мұндай көліктердің саны бірнеше мыңға артып жатыр.
Сонымен, электрокөліктер қаншалықты тиімді?
Автокөлік нарығының мониторинг және талдау агенттігінің директоры Артур Мискарянның пікірінше, бұл көліктер жазда қалай қолайлы болса, қыста да солай.
Тағы бір атап кетер жайт, электромобильдер салқын мезгілде жылдам қызады.
Сондай-ақ, мамандар қандай көлікті болмасын көлікжай ішіне қойып тұру қажеттігін алға тартады. Соңғы кезде көліктер тұрғын үйлердің алдында қаз-қатар тізіліп тұратын тенденция қалыптасқанға ұқсайды. Бұдан көліктің сапасына да зиян келеді, әрі табиғи тосын жағдайларда әбден бүлінуі де мүмкін. Сол сияқты, электрокөліктердің де көшеде тұруы дұрыс емес. Бұл өз кезегінде олардың қуат көзінің азаюына да алып келуі мүмкін. Мұны естен шығармаған жөн. Бұл – мамандардың ескертуі.
Сонымен бірге, электрокөлікке отырмастан жарты сағат бұрын салон ішін жылытып алған жақсы. Оның үстіне, электромобильдерді қашықтықтан да қыздыра беруге болады. Сондықтан мұндай мүмкіндікті мүлт жібермеген абзал.
Көшеде көлік көбейді...
Бүгінде қай қаланың көшелерінде де көлік көбейіп, кептелістер көптеп орын алуда. Соның ішіне, әлемнің түкпір-түкпірінде электр қуатымен қозғалатын көліктер қатары артуда. Ендеше, электрокөлік жүргізушілері астындағы темір тұлпарлары туралы қандай ойда екен?
Бізбен әңгімелескен Данияр Қуанышев жарты жылдан бері «Tesla Y long range» көлігін тізгіндеп келеді екен. Ол бұл көлікті экологиялық жағынан таза болғандығы үшін таңдағынан айтады.
Ал, қуат көзіне қатысты мәселе оның ойынша қазір орын алғанымен, көп кешікпей ертең-ақ шешімін табатын шаруа.
Айтпақшы, «жасыл» көлік жүргізушілерінің өз алдына бөлек бас қосатын клубы да бар екен. Онда олар бір-біріне өзара қолдау білдіріп, тәжірибе алмасып тұрады. «Енді тек мемлекет қолдау көрсетсе болғаны» дейді олар.
P.S. Қалай болғанда да, әлем көшінен қалуға болмайды. Жаңа замандағы темір тұлпар тізгінін ұстаған жандар осыны айтады.