– Бүгінде жас сарбаздар айдың-күннің аманында ажал құшып, өзіне-өзі қол жұмсап, ауыр дене жарақаттарын алып мүгедек болып немесе ақыл-есінен ауысып армияда неше түрлі жан түршігерлік қайғылы оқиғалар орын алуда, - дейді С.Асқарқызы. – Кейбірін ғана айта кетсек, 14 қарашада түнгі сағат 1-де Жаркенттегі 74261 әскери бөлімде офицер Д.Нұрланұлының өлігі табылған, туыстары оның қол-аяқтары байланып, аузына қолғап тығылғанын, басы жарылғанын айтуда. 7 қарашада ҰҚК Шекара қызметінің сарбазы басынан автоматпен екі оқпен атып өлтірілді. ҰҚК өлімнің себебі-суицид деп хабарлады. 16 қыркүйекте Арыс гарнизонының әскері қарумен басынан жарақат алды. 13 қыркүйекте Жезқазғанда сарбазға оқ тиіп, ауруханаға түсті. 7 қыркүйекте "Оймаша" полигонында взвод командирі сарбаз М.Баркұловты атып өлтірді. 13 маусымда Аягөз гарнизонының 10810 әскери бөлімінде жас сарбаз А.Өсербай көптеген ішкі және сыртқы дене жарақаттарынан қаза тапты. 6 маусымда Отардағы № 30212 әскери бөлімнің сарбазы Н.Әбділпат ант қабылдамай жатып дене жарақаттарынан комаға түсіп кетті. 5 қаңтарда Жаркенттегі 74621 әскери бөлімінің сарбазы қайтыс болды. Ұлттық Ұланның 5571 әскери бөлімі сарбазы М. Ербаян комаға түсіп, мүгедек болды. 2023 жылғы 18 қаңтарда Астана маңында оқу-жауынгерлік тапсырма кезінде парашютпен секірген сарбаз қаза тапты. 2023 жылғы 15 тамызда Талдықорған авиациялық базасында сарбаз қаза тапты. 2023 жылы 30 қыркүйекте "Оймаша" полигонында сарбаз А.Арашбай қаза тапты. 2023 жылы 08 қазанда Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлім қызметкері Қ.Сұлтанов оқ жарақатынан қаза тапты. 2023 жылы 12 қарашада 6637 әскери бөлімінің сарбазы мылтық оғынан қаза тапты. Туыстарының айтуынша, олардың көпшілігі Отанға қызмет етуге деген үлкен-ынта-жігерімен өз еріктерімен әскерге аттанған.
Өкінішке орай, бұл тек санаулы ғана қайғылы жағдайлар және оның объективті себептері жойылмайынша әскер қатарында бұл бассыздық тоқтамайды.
Біріншіден, Қорғаныс министрлігі, ІІМ және ҰҚК қылмыстарды ашуға мүдделі емес, керісінше – жасыруды әдетке айналдырған, әйтпесе, цифрландыру ғасырымызда бюджет қаражатына орнатылған бейнекамералардың не жұмыс істемей, не оқиға болған кездегі жазбалардың оқылмай қалуын немен түсіндіруге болады?!
Екіншіден, жазасыздық жайлап алған. Сарбаздардың қаза болу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істердің түгелге жуығы қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылады. Әскери прокуратураның мәліметінше, 2020 жылдан 2023 жылдың сәуіріне дейін еліміздің Қарулы Күштерінде 270 адам қаза тапқан. Олардың ішінде (шамамен) 86 әскери қызметші өзін-өзі өлтірсе, 20 суицид әрекеті тіркелді. Бұл ретте "суицидке дейін жеткізу" бабы бойынша тек бір ғана (!) адам сотталған. Жарғылық қатынастарды бұзумен байланысты қылмыстар үшін тек 12 әскери қызметші сотталған. Әскерді жайлап алған жазасыздыққа бұдан мықты дәлел келтіру мүмкін емес.
Үшіншіден, тергеу органдары мен соттар басшылыққа тәуелді, сондықтан объективті және жан-жақты тергеу болмайды. Қала мен облыстық комиссиаттар әскерге жарамды деп таныған жастардың өзін-өзі өлтіруінің әрбір фактісі шындығына келсек, әскердегі заңсыздықтармен тікелей байланысты.
Сонымен қатар, командирлер сарбаздардан ақша бопсалайды немесе оны жасайтындарды қорғаштайды, ал сарбаздар қуғынға ұшыраудан қорқып шағымданбайды. Қаза болған сарбаздардың көпшілігі өлерінің алдында туыстарынан ақша сұраған.
Жуырда ғана Қарулы Күштер дивизионының командирі С.Асановтың 12 кило есірткімен ұсталуы армиядағы ушығып кеткен тәртіпсіздіктің айқын дәлелі.
Озбырлық пен заңсыздықты тоқтату үшін әскерге реформа қажет:
1.Қолбасшылықтың ықпалынан тәуелсіз әскери соттар құру керек және сот процестерінің ашықтығын қамтамасыз ету керек, бұл қоғам және БАҚ өкілдеріне істердің барысын бақылауға және сот жүйесінің жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Армиядағы әлімжеттік, зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыстарды тергейтін арнайы тергеу топтарын құру қажет. Тергеу объективті және бейтарап жүргізілуі үшін әскери тергеу органдары қолбасшылықтан тәуелсіз болуы маңызды. Жабулы қазан жабулы күйінде қалмас үшін тергеу нәтижелерін жариялауды міндеттеу керек.
3.Әскерде жасалған адам өміріне қарсы қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Бүгінгі таңда әскердегі адам өлтіру – «адам өлімі түріндегі ауыр зардаптарға әкеп соқтырған жарғыдан тыс қатынастар» ретінде дәрежеленуде. Қылмыстық Кодекске өзгеріс енгізу керек - адамның өлімі жарғыдан тыс қатынастардың "салдары" ретінде қаралмауы тиіс, ол қасақана кісі өлтіру немесе өмірге қарсы қылмыс ретінде дәрежеленуі керек. Әскердегі әлімжеттік сияқты заңсыздықтарды кісі өлтіру немесе ауыр жарақат салу сияқты ауыр қылмыстардан ажыратып, кінәлілердің әрекеттерін дұрыс дәрежелеп әділетті жаза тағайындау қажет.
4.Әскери қызметшілерге шағымдануы үшін сенім телефондары мен Колл орталықтары сияқты құпия және қауіпсіз арналар ашу керек. Сарбаздарға ақысыз заң көмегін көрсетуді енгізу керек.
Шынайылықты қамтамасыз ету үшін әскери бөлімдердің бейнежазбалары онлайн режимде Бас прокуратураға тікелей бағынатын жедел орталыққа түсіп отыруы керек.
6.Армияны Ұлттық алдын алу тетігі жүйесіне қосу қажет. 2016 жылдан бастап ҰАТ (Национальный превентивный механизм) колониялар мен уақытша ұстау изоляторы сияқты жабық мекемелерде қамалғандармен жұмыс істеп, олардың құқықтарын қорғап келеді. Әскери бөлімдерді ҰАТ-нің мандатты мекемелерінің тізіміне қосу - сарбаздардың қызмет жағдайларын тұрақты бақылауда ұстап, зорлық-зомбылық пен әлімжеттік жағдайларын дер кезінде анықтап ауыр зардаптарды болдырмауға мүмкіндік берер еді.
Бейбіт күнде жас жігіттер әскерде ажал құшпауы керек. Армияда ең бастысы тәртіп болуы керек, сонда ғана, ата-аналар әскерге жіберген ұлдарының үйге аман-сау қайта оралатынына сенімді болады.
Осы көрсетілген реформалар сарбаздарымыздың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауадай қажет.