Мəселен, Мəжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның пайымдауынша, пəтер иелері кооперативтерінен мүлік иелері бірлестіктеріне немесе жай серіктестіктерге ауысу туралы заң шығарылып, реформа қолға алынғанына үш жылдан астам мезгіл өткеніне қарамастан, бұл саладағы жағдай еш өзгеріссіз, сол «баяғы жартас бір жартас...» күйінде қалуда. Бұл туралы «Атырау» газеті жазады. Бастапқыда «сүйтеміз, бүйтеміз, бəрін де үйлестіреміз, қатырамыз» деп ұрандатқанмен, жаңа басқару нысанын құрушылардың қарекеті баяу болып тұрғанға ұқсайды.
– Тұтастай алғанда, осыған дейінгі кезең біздің жалпы пайдаланудағы, ортақ игіліктегі мүлікті басқаруға деген жауапкершілігіміздің төмендігін, былайынша айтқанда, оған құлқымыздың жоқтығын байқатты. Сол сияқты, тұрғын үй қорының жайкүйі бірдей емес. Соның салдарынан коммуналдық қауымдастықтардың алдына таңдалған басқару формасына қарай түрліше міндеттер қойылған. Осының өзі жағдайды одан сайын күрделендіріп тұр» деп түйіндеді ойын халық қалаулысы.
Ал, қазақстандық тұтынушылар мен кəсіпкерлердің құқықтарын қорғау одағының төрағасы Талғат Мұхаметқалиевтің пікірінше, қайткенде де, кондоминиумды басқарудың жаңа формасын қабылдап, ертелі-кеш соған көшуге тура келеді. ПИК-терді сол күйінде қалдыру үлкен қателік болар еді. Өйткені, осыған дейін тұрғын үйлерді басқарып келген пəтер иелері кооперативтерінің көпшілігі өздеріне жүктелген міндетті ойдағыдай орындай алмады немесе нəтижесі күткендегідей болмады. Яғни, ПИК-тердің төрағаларының дені тұрғындармен ақылдасып, санаспай, басқарма мүшелерімен кеңеспей, «өзі би, өзі қожа» дегенге салынды. Халықтан жиналған ақшаны қалай болса, солай жұмсап, ойына келгенін істеді. Ақыры дау-жанжалға ұласып, сыбайлас жемқорлық əрекеттеріне ұрындырды. Мұндай ахуал пəтер иелерінің наразылығын туғызып, кооператив басшыларына деген сенімсіздігін күшейтті. Осыларды көріп, біле отырып, ұсынылып отырған мүлік иелері бірлестіктеріне немесе жай серіктестіктерге ауыспай, пəтер иелері кооперативтерін орнында қалдыру дұрыс емес.
– Мəселен, МИБ пен ЖС жағдайында бір үйге бір қожайын болады. Басқаша айтсақ, бұл дегеніңіз, ортақ пайдаланудағы əркімнің жеке баспанасы тəрізді. Кез-келген мəселені сол жаңадан құрылған бірлестік немесе жай серіктестіктің төрағасы тұрғындардың көз алдында отырып, жариялы түрде шешеді. Бүлінген нəрсені сол бойда жөнге келтіріп алуға (мысалы, көпқабатты үйдегі ақаулы жеделсатыны жөнге келтіруге), басқа да проблемаларды шұғыл шешуге мүмкіндік бар. Осы шаруаларға шығындалған қаржы, жалпы жиналған ақша сомасы, өзге де кіріс-шығыстар есебі бірлестікке мүше мүлік иелеріне белгілі, ешқандай да күмəн тууына негіз жоқ. Қалай дегенде де, басталған істі соңына дейін жеткізіп, «ұзын арқан, кең тұсауға» салынбай, мəселені біржақты ету керек, - дейді қоғам белсендісі Балжан Досмұхамбетова.
«Білмейтін жердің ой-шұңқыры көп» дегендей, жаңаның аты жаңа емес пе, оны бірден меңгеріп, көндігіп кету де оңай емес. Осыны ескеріп, Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрғын үй-коммуналдық қызмет саласындағы реформа шеңберінде мамандарды дайындап, қажеттілігіне қарай қайта даярлықтан өткізуді қолға алып отыр. Ол үшін елімізде арнайы «Тұрғын үй қатынастары, тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық саласына қажетті мамандарды дайындау, қайта даярлау жəне біліктілігін көтеру» бағдарламасы қабылданған. Оны «Қаз ТҮКШ орталығы» АҚ жүзеге асырады. Бұл бағдарлама бойынша оқу курсынан өткендерге акционерлік қоғамның сертификаты беріледі.
«Мұның бəрі реформаны сəтті жүзеге асыруға мүмкіндік береді, септігін тигізеді» деп санайды сарапшылар.
Сайып келгенде, бұл кондоминиумды басқарудың жаңа формасына көшу уақыт талабы екенін меңзегендей.