Бұл мәселе жақында «Atyraý» газетінде жарық көрген мақалада көтерілді.
– Тасын түртсеңіз, әр түп шөбінің түбінен тарих төгілетін елміз ғой, - делінген онда. – Ашығын айтқанда, қазіргі ұрпақ «репрессия» дегенді тарихшылармен ғана байланысты термин санап, астарына үңілуге бас қатырмайды. Өкініштісі сол, кейде әдебиет пен тарихқа салақ ұрпақ өсіп келе жатқан секілді көрінеді де тұрады…
«Қазақ елі азаттыққа қол жеткізгенше екі бірдей төңкеріс пен екі бірдей алапат аштықты бастан кешті. Талай жаумен тіресіп, талай жаумен күресті. Алаш қаймақтарын қынадай қырған сталиндік аяусыз қуғын-сүргіннің де құрығына ілікті» деп бастай берсеңіз, жаттанды, құлақ тұнған тіркес ретінде қабылдайды. Мүмкін, бұл біздің тарихи оқиғаларды тек даталы күні ғана еске алып, бір мәрте жазып, айтумен немесе қағаздағы есеп үшін ғана өткізілетін шаралармен шектелгенімізден де шығар. Әлде сапсиған сандардан құралған «Тарих» оқулығының әсері ме? Бәлкім, жас ұрпақты жалықтырмайтын оқу тәсілдері қажет болар!..
Жасырып қайтейік, мамыр айында саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы мақала жазуға кірісіп, екі-үш жас замандасымнан бұл күннің мәні мен мағынасы туралы ойларын сұрағанымда ұққаным осы болды.
Жә, тарихи оқиға туралы жаза берейік, керек ұрпақ оқыр, түсінер. Қалай болғанда да қазақ зиялыларымен қоса, қазақ руханияты қудалауға түсті. Сол сұрқия дәуірде қазақ халқы сандық тұрғыдан да, сапалық тұрғыдан да зор шығынды бастан өткерді. Тіпті, бүгінгі күнге дейін еңсемізді тіктей алмайтындай дәрежеге түскеніміз рас. Зұлмат жылдардың жазықсыз жазасын тартқандар қатары шектен тыс көбейіп, халық шекара асуға мәжбүр болды емес пе?!
Біз осындай қиын кезеңдерді артқа тастап барып, ел болдық. Ел болып, алпауыт қазақ өркениетін қалыптастырдық. Дегенмен, Алаш ардақтылары дұрыс ардақталып жүр ме?..
Әрине, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сұрапыл жылдарда ел мен жері үшін қаза болғандардың есімін ақтауға мүмкіндік алдық. Мемлекет басшысының «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес елімізде 11 өңірлік комиссия құрылып, жұмыс жасады. Мемкомиссия жазықсыз жазаланғандарды, күштеп елден аластатылғандарды, діни, ұлттық және саяси құқығы бұзылғандарды ақтау бағытында жұмыс істеді. Зерделеп, зерттеді. Репрессияға ұшырағандардың тізімін жасап, санаттарға бөлді. Десе де, біз сөйлескен жастардың иығын қиқаң еткізгенінен-ақ қаншама еңбек еш кетіп жатқандай әсер пайда болды.
Репрессия мен ашаршылық – тоталитарлық қылмыстың ең сорақы түрлері. Демек екеуін жеке-дара айтпай, қосарлап көрсету қажет секілді. Шындығында, қазақ халқын бір емес, үш мәрте қырғынға ұшыратқан аштықтың астарында нендей саясат жатыр еді?..
Осы сұрағымызды арнайы «Atyraý» газеті үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжановқа қойып, ойын білген едік. Оның пікірінше, түптеп келгенде кеңестік социалистік идеяның, теория мен практиканың Қазақстанда орын алған бұрмалаулары мен қателіктерін және іркілісін түсініп, ғылыми дәйектеуге, шығармашылық ізденіске сұраныс та, қажеттілік те жеткілікті. Бірақ тоталитаризмнің екі қылмысын қазақ халқы ешқашан кешірмейді және олар ұмытуға жатпайды. Керісінше, ұрпақтан ұрпаққа аманаттай береді. Оның бірі – 1917 жылғы қазанда билікке келгеннен 1991 жылы тарқағанша Кеңес Одағы Компартиясы (КОКП) үздіксіз жүргізген саяси қуғын-сүргін. Ал, екіншісі – әр кезеңдегі, әсіресе, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық.
– 1931-1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық «гуманитарлық апат» деген анықтаманың аясына сыймайды. Ол – адамзатқа қарсы жасалған қылмыс, ғаламдық қасірет. Ашаршылықтың әлденеше жылға созылуына, қисапсыз қайғы-қасірет әкелуіне себеп болған басты фактор – қоғамның обьективті-ырғақты даму диалектикасы мен қисынын бұзған номенклатура өктемдігі. Кеңестер елінде номенклатура деп басшы қызметтерде отырған адамдар қауымдастығын атады. Экономика салаларының, білім мен ғылымның, құқық қорғау органдарының әрқайсысының өз номенклатурасы бар еді. КСРО-да партиялық номенклатура бәрінен жоғары тұрды. Батыс зерттеушілерінің бұған «жаңа тап», «бюрократиялық артықшылыққа ие тап» деп атақ-айдар тағуы кімнің кім екенін айқындай түседі. Мемлекеттік деп аталған меншіктің қызығын, материалдық, қаржылық ресурстарды бөлу рахатын, баршаға міндетті шешім қабылдау құқығын партиялық номенклатура ешқашан уысынан шығарған емес. Бұл – бір. Екіншіден, ғылым ашаршылықтың түрлі формасы мен деңгейін анықтап отыр. Эпидемиялық ашаршылыққа құрғақшылық, су тасқыны, тағы басқа мерзімдік-мезгілдік құбылыстар туындатқан қиындықты жатқызады. Келесі түрі – тұтынған азық-түлік калориясының адам ағзасының сұранысына сай келмей, төменгі деңгейде қалуы. Яғни, азық-түлік мәселесінің барынша асқынған көрінісі – ұзақ мерзімге созылған аштық («хронический голод»). Осы соңғы түрі 30-шы жылдар басындағы қазақ даласын жайлады. Ол қалаларды, индустрия ошақтарын айналып өтті, қазақ ауылдарын баудай түсірді, – дейді Хангелді Махмұтұлы.
Кім-кімді де «тарихтың ақтаңдақтары аршылып жатыр ма, шаң басқан архивтер қаншалықты ақтарылды?» деген ойдың мазалары анық. Рас, ашаршылық ақиқатын ашуға арналған еңбектер баршылық. Бірақ діттеген меже мен мақсатқа жеттік деу артық секілді.
Пікірімізді қоштаған тарихшы-ғалым мұны бүгінде ғылыми еңбекті қалың оқырманның оқи бермейтінімен байланыстырады.
– Ақиқатты көркем суреткерлікпен ашудың әлеуеті де, пайдасы да зор. Мәселен, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы ойшыл ғұламаны әлемге танытты емес пе?! Демек ашаршылық, қуғын-сүгін құрбандары туралы кемел де көркем туынды керек. Ол экранға «Қыз Жібек» фильмі тәрізді биік өремен шықса, ұлттық тарихымызды, қасіретті тағдырымызды бүгінгі ұрпаққа боямасыз, қалтқысыз жеткізе алар едік, – деп өзінің нақты пікірін айтқан профессор Әбжанов қазақтың аштыққа ұшырауын халықтың шаруаға қырсыздығынан көрген бәзбіреулердің «аузын жапты».
Шынында, шаруаға қырсыздығынан өлер болса, қазақтар ХХ ғасырға жетпей-ақ, қырылып қалар еді. Қазақ хандығы шаңырақ көтергенде халқының саны 200 мың ғана болған. Ал, арада төрт ғасырдан астам уақыт өткенде қазақтың саны 6 миллионға жетті. Осыншама уақыт бойы өсіп-өнген халқымызға аяқ астынан шаруаға қырсыздана қалатындай не көрініпті?!
Бәрі де сыртқы күштер мен факторлардың, сайқал саясаттың әкелген сойқаны. Рас-ау!..
Ал, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Педагогика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, Халелтану зерттеу орталығының меңгерушісі, алаштанушы Ғабит Базарғалиевтің пікірінше, Алаштану саласында зиялы қауым бірлесіп зерттейтін, ғылыми шешімін күтіп отырған мәселелер көп-ақ. Алаштың әлеуметтік, саяси және экономикалық бастау көздері, партияның XX ғасырдың алғашқы жиырма жылындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде алған орны мен атқарған рөлі, 1917 жылғы екі революция аралығындағы Алаштың басқа партиялармен өзара қатынасы мен байланысы, партия дамуындағы ішкі қайшылықтар, Алаш қозғалысы көрнекті қайраткерлерінің көзқарас эволюциясы, Алаш қайраткерлерінің саяси қуғындалу қасіреті, Алаш қозғалысы және оның Орта Азия мен Еділ бойының түркітілдес халықтарының саяси партиялары мен қоғамдық қозғалыстарымен байланысы, Алаш қозғалысы мен оның қайраткерлері идеяларының бүгінгі Қазақстандағы жетістіктері мен тарихи сабақтастығы мәселелері әлі де зерттеуді қажет етеді.
– Жас ұрпақты Алаш идеясымен кең ауқымда және жүйелі түрде таныстырып, оны отаншылдық рухта тәрбиелеу мақсатында Алаш қозғалысына қатысты архив құжаттарын, бірінші кезекте 1928-1932 жылдарға тиесілі ғасыр құжаты аталған «Алаш ісі» сот процестері материалдарын көп томдық түрінде жариялау ісі қолға алынбай келеді. Мұны өзге елдер, тіпті осындай зұлматты қолдан жасаған Ресей елінің өзі де құрастырып аяқтауға таяу. Осы «Алаш ісі» сот процесімен тікелей байланысы бар келесі мәселе – XX ғасырдың 20-50-ші жылдарында жүргізілген саяси репрессия материалдарын, Қазақстандағы репрессия тарихын, ресейлік ғалымдарды араластырмай-ақ, отандық тарихшы-ғалымдардың күшімен қорытып, көп томдық жариялау ісін қолға алу керек. Сондай-ақ ұлықтау негізінде Астана, Алматы, Семей, Қарқаралы, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Түркістан қалаларының орталық көшелерінің біріне «Алаш» есімі беріліп, салтанатты түрде ескерткіш немесе тақта орнатылса, Алаш аты уақыт өткен сайын Қазақ Елінің көгінде жарық жұлдыздай жарқырай бермек, – деп, біздің «келер ұрпаққа ұсынылуы үшін қандай қадамдар жасалуы керек?» деген сұрағымызға ойын білдірді.
Айтпақшы, қазір сол зұлмат жылдарды зерттеп жүргендер ашаршылықтың құрбандары жайында әртүрлі деректі айтады. «Отызыншы жылдары қырылғандар саны – 2 миллионнан астам, ал, оның алдындағы ашаршылықтың құрбандары – 1 миллионнан асады» дейді кейбіреулер. Бұл деректер қаншалықты нақтыланған?..
Тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжановтың сөзінше, аштықтан болған адам шығынын дәлме-дәл ешкім айта алмайды. Түрлі демографиялық, деректік өлшемдермен, есептермен болжауға болады.
– Менің ойымша, 1931-1933 жылдарғы ашаршылық кем дегенде 3 миллион қазақтың өмірін қиды. Әрбір алтыншы қазақ туған елінен безіп, жат елге, жат жерге кетті. Егер 1897 жылы отар өлкеде 3,5 миллион қазақ тұрып жатқанда, әлем халқы санындағы үлесі 82% еді. 1939 жылы олардың саны 2,3 миллион адам болып, республика тұрғындары арасындағы үлесі 38%-ға дейін қысқарған еді. Жан шошытарлық қасірет азабы бүгінге дейін жүрек сыздатады, – дейді ғалым.
Әлбетте, өткенсіз бүгін жоқ. Ал, тарихсыз халықтың да болмайтыны түсінікті. Ендеше, жас ұрпақ өз мемлекетінің тарихын білмейінше, болашағын қалыптастыра алмайды. Тарихи зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет, дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады емес пе?!
Ең болмаса, жеті атасын білетіндер көбейсе екен!..