RSS лента

Қазақстан қымбатшылықтан қашан құтылар екен?!

  • 12.02.2023, 03:36,
  • 696
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turantimes.kz

Көкөніс бағасында айтарлықтай өсім бар, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

ҚАЗІР БАЗАРҒА БАРА ҚАЛСАҢ, ҚҰСТЫҢ СҮТІНЕН БАСҚАСЫНЫҢ БӘРІ БАР. СӨРЕЛЕР САМСАҒАН АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАҒАМДАРЫ, ТҰРМЫСҚА ҚАЖЕТТІ БАСҚА ДА ЗАТТАРДАН КӨЗ ТҰНАДЫ. БІРАҚ, ҚҰНЫН СҰРАСАҢ КӨҢІЛІҢ ҚҰЛАЗИДЫ. «ҮЙДЕГІ КӨҢІЛДІ БАЗАРДАҒЫ БАҒА БҰЗАДЫ» ДЕГЕН КЕЗЕҢ БОЛДЫ. ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ЕКІ ӨКПЕДЕН ҚЫСҚАНЫ СОНШАЛЫҚ, БҮГІНДЕ ҮКІМЕТТІҢ БЕЛГІЛЕГЕН ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАҒАМДАРЫНЫҢ ДА БАҒАСЫ КӨТЕРІЛІП, ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛТАСЫН ҚАҒЫП ТҰР.

 

БАР БОЛҒАНЫ 19 ӨНІМ

 

Көп алысқа бармай-ақ, жақында Ұлттық статистика бюросы таратқан хабарға зер салсақ, онда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының 0,3 пайызға, жылдық мәнде 23,4 пайызға өскенін мәлім еткен. Соның ішінде, көкөніс бағасында айтарлықтай өсім бар екені белгілі болыпты. Мәселен, желтоқсанда қияр 35,6 пайызға, қызанақ 14,6, тәтті бұрыш 8,4, пияз 7,9, қызылша 3,8 пайызға қымбаттаған. Бұл, әрине, тұтастай еліміз бойынша алғандағы деректер. Ал, өзге өңірдегі ағайындар «ақша көп» деп санайтын мұнайлы аймақтағы ахуал қандай? Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне 19 түрлі өнім кіреді. Алайда, кейбір халық қалаулылары бұл тізімнің тым аздығын алға тартуда. Мәселен, мемлекет реттейтін мұндай тағамның құрамына Ресейде 24, Беларусь Республикасында 28 өнім түрі енгізілген екен. Ал, Қазақстандағы тізімде ет-көкөніс пен жарманың кейбір түрі, жеміс-жидек пен балалар тағамы жоқ болып шықты. Әйтсе де, депутаттар ұсыныс берді екен деп, Үкімет оның түрін көбейтуге асығар емес. Биыл да әлеуметтік маңызы бар тағам түрлері сол 19-дан аспады. Шамасы барының өзінің бағасы ұстауға ырық бермей тұрғанда, оның санын арттыру «сау басқа сақина тілеумен» бірдей екенін құзырлы орган басшылары жақсы түсінсе керек. Мұнайлы аймақтағы бағаны бағамдамас бұрын, әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарына тоқталайық. Олар: 1-сұрыпты бидай ұны, 1-сұрыпты бидай наны (қалыпты), рожки (салмақтық), қарақұмық жармасы, тегістелген күріш (дөңгелек дәнді, салмақтық), майлылығы жұмсақ 2,5% пастерленген сүт, майлылығы жұмсақ 2,5% айран, майлылығы 5-9% сүзбе, күнбағыс майы, асханалық сәбіз, картоп, тағы басқа. Бұл ел Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы» қаулысымен бекітілген тауарлар.

 

БІР ЖЫЛДА 16 ТАҒАМ ТҮРІ ҚЫМБАТТАДЫ

 

Мәселен, Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Руслан Дәулетовтің айтуынша, баға өскенімен, тұрақтылық байқалып отыр.


– Өткен аптадағы статистикалық көрсеткішке сәйкес, бағалардың өсу индексі – 0,2 пайызды құрады. Атап айтқанда, үш тауардың құнында өсім байқалды, олар: рожки – 3,8%, күріш – 0,7%, тұздалмаған сары май – 1,0%. Қалған 16 тауардың бағалары тұрақты. Жыл басынан бергі статистикалық көрсеткішке сәйкес, бағалардың өсу индексі 1,1 пайызға жетті. Деректерге қарағанда 6 тауар түрінің құны өскені байқалады, олар: рожки – 6,7%, күріш – 6,3%, күнбағыс майы 2,0%, тұздатылған сары май – 1,4%, сүзбе – 2,4%, пияз – 10,3%-ға көтерілді. Ал, үш тауардың бағасы төмендеген, бірінші сұрыпты бидай ұны – 97,1%, қарақұмық жармасы – 95,7%, қант өнімі – 97,9%), - деді бөлім басшысы.

 

Баға бағамы жайлы баяндаған Руслан Дәулетов жылдық көрсеткішті де бағамдауды ұмытпады. Айталық, өткен жылдың 25 қаңтары мен биылғы 24 қаңтар кезеңімен салыстырғанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке жататын тауардың 16 түрінен баға өскен. Атап айтқанда, бірінші сортты бидай ұнынан пісірілген нан 1,7 пайызға, рожки – 37,1, күріш – 56,3, қарақұмық жармасы 19,4 пайызға, күнбағыс майы 14,6, сары май 31,1, сиыр еті 16,9, құс еті 34,5, айран - 2,8, сүзбе 17,2 пайызға, картоп 9,5, сәбіз 12,6, пияз 39,1, қант 43,4, тұз 40,7, ал жұмыртқа бағасы 26,4 пайызға көтеріліп кетті. Осы уақыт аралығында қырыққабаттың құны ғана төмендеп, екі тауардың бағасын тұрақтандыруға қол жеткен.

 

Бөлім басшысы осы аптада бәсі жоғарылаған 3 тауарға тоқталды: Ол – күріш. Бұл өнім түрі өңірімізде өндірілмейді. Сондықтан тауар Ресейден және еліміздің Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарынан тасымалданып отыр. Қазіргі таңда көтерме бағада 350-400 теңге, ал қала сауда нүктелеріндегі бөлшек саудада 400-450 теңгеден сатылып жатыр. Рожки де солай. Жергілікті тауар өндірушілер арқылы Қызылорда, Алматы, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Шымкент қалаларынан жеткізіледі. Сауда нүктелерінде 310-320 теңге, ал «Айналым схемасы» арқылы 40 сауда-саттық нүктесінде 308 теңгеден сатылуда. Мұнда да бағаның қымбаттау себебі: рожки өнімінің 90 пайызы көршілес облыстардан (ШҚО, Қостанай, БҚО, Алматы обл.) және Ресей, Белорусь мемлекеттерінен тасымалданады. Логистикалық шығындар мен рожки өнімінің қаптама бағасының өсуіне байланысты құны қымбаттап отыр. Р.Дәулетов тұздатылған сары майға қатысты да осындай уәж айтты. Нарықта оның орташа бағасы 4725 теңгеден сатылып жатыр. «Айналым схемасы» арқылы 39 сауда-саттық нүктесінде 3260 теңгеден тұр. Баға қымбаттауының себебі де сол таныс схема: «Сары май өнімі өңірде өндірілмейді, 100 пайыз көршілес облыстардан Шығыс пен Батыс Қазақстан, Қостанай, Алматы облысынан және Ресей, Белорусь мемлекеттерінен жеткізіледі».

 

КЕЛІСІМ ҚИЫНДЫҚТАН ҚҰТҚАРА МА?

 

Облыс бойынша 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына күнделікті мониторинг жүргізіліп тұрады. Осы тауарлардың құнын тұрақтандыру мақсатында «Айналым схемасы» арқылы 12 114 тоннаға жуық 18 түрлі әлеуметтік азық-түлік өнімі сатып алынып, 58 сауда-саттық нүктесінде қолжетімді бағамен сатылып жатыр.

 

Өңірге қажетті өнімдерді тасымалдауға кәсіпкерлік субъектілермен қажетіне қарай келісімшарт жасақтасу жоспарлануда. Атап айтқанда, атыраулық тұтынушыларға қолжетімді бағамен қант жеткізу мақсатында «Көксу қант зауытымен» 1 900 тонна қант тасымалдау үшін келісімге келдік. Сонымен қатар 2023 жылға маусымаралық кезеңге Атырау облысы әкімдігі мен өңірдегі шаруа қожалықтары және көтерме тасымалдаушылармен меморандум жасақталды. Соған сәйкес, олар әкімдіктің белгілеуі бойынша 8 842 тонна көкөніс өнімдерін нарықтағы құнынан 15 пайызға төмен бағамен тұрғындарға сататын болады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру және тұрақтандыру қорына қажетті тауарларды сатып алу, халыққа қолжетімді бағада ұсыну жұмыстары әкімдіктің тұрақты бақылауында және бұл бағытта жұмыстар алға қарай да жүргізілетін болады, - деді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Жұмасейітов.

 

Әрине, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын түрақтандыру мақсатындағы жұмыстар Атырау қаласы бойынша да жүзеге асып жатыр. Қала халқы мен қонақтарын делдалсыз ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін әр аптаның сенбі-жексенбісінде «Сарайшық» коммуналдық базарында жәрмеңке өткізіле бастады. Руслан Дәулетовтың айтуынша, жыл басынан бері барлығы 8 жәрмеңке ұйымдастырылып, оған 20-ға жуық кәсіпкер қатысқан. Онда, негізінен, қарапайым халықтың күнделікті сұранысына аса қажетті көкөніс өнімдері, жұмыртқа, сиыр мен жылқы, қой еті, құс еті, сүт және сүт өнімдері, шұжық және де азық-түлік өнімінің түрлері нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен сатылады. Оған қала мен аудандардан келген танымал кәсіпорындар, тауар өндірушілер, шаруа қожалықтары мен ірі көтерме сауда орнының тасымалдаушылары келіп, халыққа өз өнімдерін тікелей ұсынады, - дейді бөлім басшысы.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости