RSS лента

Елдегі жұмыс күшінің артуына ресейліктер әсер еткен бе?

  • 11.10.2022, 22:54,
  • 360
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Аталған тақырып бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасады.


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың хабарлауынша, 2016-2020 жылдары жұмыс күші жылына орта есеппен 36,4 мың адамға өссе, бұл көрсеткіш былтыр 2 есе өсіп, 76 мыңға жетті.


«Оларды жұмыспен қамту мәселесіне келсек, аталған кезеңде жалдамалы жұмыскерлер саны 68,8 мың адамнан 23,5 мың адамға дейін азайды. Бұл жағдай жұмыс орындардың жеткіліксіз болуына байланысты туындап отыр.  2000-шы жылдардан бастап дүниеге келген балалардың саны артты. Сол балаларымыз ержетіп, қазір еңбек нарығына қосылуда. Сол себепті, алдыңғы жылдары біртіндеп азайып келе жатқан өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны қайтадан өсіп, 51 мың адамға көбейді», — деді Т. Дүйсенова.  


Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 654 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Оның 225,5 мыңы немесе 34,5%-ы Ұлттық жобалар аясында, 203,9 мыңы  немесе 31%-ы – Мемлекет басшының «10 мың адамға 100 жұмыс орны» тапсырмасының аясында құрылған жұмыс орындар; ал, 224,3 мыңы немесе 34,3%-ы жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындары. 


Жұмысқа орналасқан осы азаматтардың 67%-ы қазіргі таңда 10%-дық зейнетақы аударымдарын тұрақты аударып жатыр немесе өздерінің жұмыс істеп жатқандарын растап мәлімет берді.


Біріншісі, бұл 10 Ұлттық жобаның аясында құрылып жатқан жұмыс орындары.


Осы бағыттағы жоспарлы көрсеткіштер орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен келісілген. Бүгінгі таңда бұл жоспар 75,6%-ға орындалды. Мемлекет тарапынан субсидия берілетін жұмыс орындарын ескергенде 203,3 мың жұмыс орны құрылды. Шаралардың ойдағыдай атқарылуына «Кәсіпкерлікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» сияқты Ұлттық жобалардың табысты жүзеге асуы септігін тигізді. Жаңадан ашылған жұмыс орындарының 92%-ы осы 3 жобаның еншісінде. Ал, басқа жобаларда ең азы 492, ең көбі 6,2 мың жұмыс орны құрылды.


«Ұлттық жобалар аясында өңірлерде құрылған жұмыс орындарының 55% – тұрақты. Онда жұмыс істейтін азаматтардың 46%-ы міндетті зейнетақы жарнасын төлеп отыр. Бұл ретте, тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша ең төменгі көрсеткіш үш өңірде тіркелді: Қостанай облысында – 39%, Ақтөбе облысында – 37% және Ақмола  облысында – 33%. Осы орайда, Қызылорда облысының өте жақсы нәтижеге қол жеткізгенін атап өткен жөн. Облыста құрылған жұмыс орындарының 88%-ы – тұрақты жұмыс орны. Олардың 84%-ы зейнетақы аударымымен расталған», — деді Т. Дүйсенова.


Ұлттық жобалардың тағы бір бағыты – субсидия берілетін жұмыс орындарын құру арқылы жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Қазір бұл бағыттағы жоспарлы көрсеткіштер орындалды. Субсидия берілетін жұмыс орындарына қамтылған 152 мыңнан астам азаматтың 41%-ы – жастар. Осы шаралардың нәтижесінде жастар нақты машықтар мен дағдыларды игеріп, әрі қарай тұрақты жұмысқа орналасатын болады. Алайда, өңірлердің көпшілігі бұл бағдарламаларға қатысқан тұрғындарды тұрақты жұмысқа орналастырмаған.


Ел бойынша жоспар 34,8%-ға ғана орындалды. Ең жоғары көрсеткіштер Ақмола, Жамбыл, Қызылорда және Алматы облыстарында тіркелді.  

Ал, ең төменгі көрсеткіштер Шымкент қаласында – 8,9%, Түркістан – 13,5% және Павлодар – 25,1% облыстарында. Жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша да ахуал дәл осындай сипатта болып отыр. Аталған 3 облыс мұнда да көш соңында тұр.  


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, бүгінгі таңда Ұлттық жобалардың бәрі цифрландырылған. Сол себепті, Электрондық еңбек биржасында жұмыс орындары мен зейнетақы аударымдарына мониторинг жүргізіледі. Бұл шара Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес, еңбек шарттарын тіркеу мәселесін де қамтиды. Бұған дейн 112,6 мың электронды келісімшартқа мониторинг жүргізілді. Оның төрттен біріне жуығы 12 айға дейінгі мерзімге жасалғаны анықталды.


Электрондық еңбек биржасының тағы бір артықшылығы – еңбек ресурстарының ел ішіндегі қозғалысына мониторинг жүргізуге мүмкіндік бар. Соңғы 3 айдың өзінде ұлттық жобаларда көрсетілген 28,3 мың бос жұмыс орнының 4 мыңнан астамын басқа өңірлерден келген адамдар иеленген.  


Еліміздің өзге аймақтарынан еңбек күшін тарту бойынша көш басында Алматы қаласы мен Қарағанды облысы тұр. Өңірлер арасындағы ауыс-қиыстың 58%-ы осы бағыттардың еншісінде. 


«Бұған дейін Электрондық еңбек биржасына шығарылған бос жұмыс орындарының 87%-ын адамдар иеленіп үлгерді. Бір сөзбен айтқанда, Электрондық еңбек биржасы халықты жұмыспен қамту мәселесін шешудің тиімді құралына айналып келеді. Сондықтан, оны жергілікті атқарушы органдар белсенді түрде қолдануға тиіс», — деді Т. Дүйсенова. 


Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің келесі шарасы – Президенттің қалалар мен аудандарда тұратын 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасы.  Жұмыс орындарын құру жоспары Солтүстік Қазақстан (84%) және Павлодар (99%) облыстарынан басқа барлық өңірде асыра орындалған.


Алайда, Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне жүгінсек, облыстарда тапсырманың орындалу деңгейі біркелкі емес. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы 14 ауданның 11-інде жұмыс орындарын құру жоспары 60%-дан төмен, Мағжан Жұмабаев ауданында жоспар небәрі 22%-ға орындалған. Павлодар облысындағы 13 ауданның 7-еуінде жоспар орындалған жоқ. 


Жұмыспен қамту ауқымын кеңейтудің тағы бір шарасы –  азаматтарды жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныстандыру бағдарламасы.


Т. Дүйсенованың айтуынша, бүгінге дейін бұл бағыттағы жоспарлы көрсеткіш 71%-ға орындалды. Дегенмен, қыста күн суыған кезде оңтүстік өңірлерден келетін көш тоқырайды. Сол себепті, квоталар толық игерілмей қалуы мүмкін. Қазір Павлодар облысында 1 мыңнан астам квота игерілген жоқ. Ал, Солтүстік Қазақстан облысына 500 адам, Қостанайға 362 адам жоспардағыдан аз келді.


Бұдан бөлек, көшіп келген отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелерін жұмысқа орналастыру ойдағыдай болып жатқан жоқ. Үш өңірде, атап айтсақ, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында жұмысқа орналасу үлесі – 58,5%-дан 67%-ға дейін. Тіпті, жұмысқа орналасқанның өзінде олардың 54,4%-ы ғана зейнетақы аударымын жасап отыр.  


Қазір қоныс аудару бағдарламасын қайта қарау жоспарлануда. Алдағы уақытта азаматтар бос жұмыс орны бар өңірлерге ғана көшетін болады. 


Мемлекет басшысының Жолдауындағы жұмыспен қамту туралы тапсырманы және жоғарыда айтылған міндеттерді шешу үшін алдағы үш жылда мынадай нақты шаралар қабылдауды жоспарланып отыр:  

Біріншіден, Отбасының цифрлық картасын қолдана отырып, халықты жұмыспен қамту саласында проактивті қызмет көрсету. Бұл тәсіл 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін болады.


Бұдан басқа, Электрондық еңбек биржасының базасында тоқсан сайын бос жұмыс орындарының онлайн жәрмеңкесі өткізіледі. Электрондық еңбек биржасы Жоғары және орта оқу орындарында жұмыс істейтін мансаптық орталықтарға орнатылады. Сонымен қатар жыл соңына дейін электрондық еңбек биржасы мобильдік қосымшасын да іске қосу жоспарланған. Осылайша, Электрондық еңбек биржасы жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің жолын тоғыстыратын кездесу алаңына айналуға тиіс.


Екіншіден, жыл сайын кемінде 100 мың жасты олардың оқуына, жұмысқа орналасуына және жеке іс ашуына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына тарту жоспарлануда. Индикаторлар уәкілетті органдармен бірге пысықталып, өңірлерге берілді. 2023-2025 жылдарға арналған бюджет жобасында бұл шараларды іске асыру үшін 534 млрд теңгеден астам қаржы көзделген.


Үшіншіден, Ұлттық жобалар аясында құрылатын жұмыс орындарының 10%-ын жастарға беруді ұсынамыз. Бұл шара 50 мың жасты жұмыспен қамтамасыз етеді.


Төртінші, «10 мың адамға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында жастарға арнап кемінде 10 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Осы индикатордың бәрі 1 қарашаға дейін өңірлерге түсіндіріліп, жүктелетін болады.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәліметінше, 2012-2021 жылдар аралығында Қазақстандағы шағын және орта бизнестің даму серпіні оң нәтиже көрсетіп отыр.


Министрдің айтуынша, Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 17%-ға өсіп, 33,5%-ға жетті. Шағын және орта бизнестің өнім шығаруы 5 есеге артып, номиналды мәнде 42,8 трлн теңгеге жетті.


Жалпы ішкі өнім 2,5 еседен астам өсімді құрап, 2021 жылғы көрсеткіш 82,2 трлн теңгені құрады. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы саны 75%-ға өсіп, 1,4 млн субъектіге жетті. Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 45%-ға өсіп, 3,5 млн адамды құрады.


«Егер 2012 жылы еліміздің жалпы несие қоржынындағы шағын және орта бизнес қарыздары шамамен 15% немесе 1,5 трлн теңгені құраса, 2021 жылы шағын және орта кәсіпкерлік кредиттеу айтарлықтай өсті және 5,7 трлн теңгеден астам сомаға немесе 27%-ға жетті», — деді ұлттық экономика министрі өз баяндамасында.


Бұл ретте егер 2012 жылы шағын және орта кәсіпкерліктің қарыздары 500 млрд теңге немесе 33,5% болса, 2021 жылы қаржылық қолдау ұлғайтылып, 2,2 трлн теңгеге жетті, шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы қарызындағы жеңілдетілген несиелердің үлесі шамамен 39%-ды құрады.


«Соңғы 10 жылда мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың өнім шығару көлемі 53 трлн теңгені құрады, бұл шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің жалпы өнім шығаруының 23%-ын құрайды. Бүгінде Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларын алушылар шамамен 118 мың адамды немесе жұмыспен қамтылған шағын және орта кәсіпкерлердің 3,4%-ын жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді», — деді Әлібек Қуантыров.


Сонымен қатар ведомство басшысының хабарлауынша, жұмыспен қамтуды ынталандыру мақсатында Ұлттық жоба шеңберінде мынадай қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары іске асырылуда:

  • несиелер бойынша субсидиялау және кепілдік беру;
  • жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар беру;
  • қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету;
  • шағын және орта бизнес үшін ақпараттық-консультациялық қызметтер көрсету.

Аталған іс-шаралардың жұмыспен қамту нәтижелері келесідей:

  • 2021 жылы 137 мың жұмыс орны сақталып, 12 мың жаңа жұмыс орны құрылды; 
  • 2022 жылдың 9 айында  11 мың жаңа жұмыс орны құрылды;

Сондай-ақ Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады.


Облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде халықтың табысын арттыру бағыттары айқындалғанын атап өтті. 

Осының негізінде жыл соңына дейін 30 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірдің барлық саласында 21,8 мың жаңа жұмысорнықұрылды. Ұлттық жобалар шеңберінде 3,2 мың адам жұмысқа орналастырылып, олардың зейнетақы аударымдары 84%-ды құрады.


Облыс әкімінің айтуынша, «Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасына» 41,2 мың адам қатысты. Оның ішінде, 9,2 мыңы бос жұмыс орынға, 12,9 мыңы субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды. 2,3 мыңы қайтарымсыз грант алып, жеке кәсібін ашты.  

Өңір басшысы Н. Нәлібаевтың айтуынша, Президенттің 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес, осы жылы облыста 4 587 жұмыс орнын құру жоспарланған. 


«9 айдың қорытындысымен 5 691 жұмыс орны ашылып, көрсеткіш 124,1%-ға орындалды. Ал, 100 мың жасты жұмыспен қамту тапсырмасына сәйкес келесі жылы аймағымызда 6 мыңға жуық жасты жұмыспен қамту көзделген. Нәтижесінде, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9%-ға дейін төмендейтін болады», — облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.


Сонымен қатар Н. Нәлібаев халықтың табысын арттыру бағытында да өңірде нақты шаралар қолға алынғанын атап өтті.


«Жыл соңына дейін Ұлттық жобаларда, «Өңірлік жұмыспен қамту картасында» 2023-2025 жылдарға жоспарланған көрсеткіштер толығымен орындалатын болады. Халықты жұмыспен қамту және табысын арттыру бағытындағы шаралар облыс әкімдігінің тікелей бақылауында», — деп түйіндеді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев. 


Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірде халықты жұмыспен қамту жалғасуда. Биыл 10,6 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі күні 9,4 мыңы құрылды немесе 89%.

Әкімнің айтуынша, «10 мың адамға 100 жұмыс орны» индикаторы бойынша 3 181 жұмыс орны құрылады. Қазір 1 727 жаңа кәсіпорын ашу есебінен 2 669 жұмыс орны ашылды.


«2022 жылы 44 млрд теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Жалпы, 1 300 жұмыс орны құралады. Қазіргі уақытта 7-еуі іске қосылып, 655 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін қалған 6 жоба іске қосылады. Олар: «РиМ-КазАгро» ЖШС қағаз өнімі фабрикасы, «Микс универсал» ЖШС автоклавты газ-блок шығаратын және «Тезис» ЖШС сүт өнімін терең өңдеу зауыттары, «Жаңа Құс» ЖШС бройлерлік фабрикасы және басқалары», — деді Қ. Ақсақалов.


Сонымен қатар 17 сүт-тауар фермасы салынып жатыр. Жыл соңына дейін 8-і іске қосылады. Сондай-ақ «Даму» қоры мен Аграрлық несие корпорациясы арқылы ауыл халқына несие мен грант беруге 4 млрд теңге қарастырылған.

Осылайша, 1,5 мың жұмыс орны құрылады. Оның 500-і көрсеткіші 60%-дан кем 11 ауданда ашылады. Жыл қорытындысы бойынша индикатор 100% орындалады.


«Ұлттық жобалар аясында 142 жоба іске асырылып жатыр. Бүгінгі күні 1 755 адам жұмысқа орналасты. Оның 504-і «Электрондық биржа» арқылы еңбек қатынасын ресімдеді. Нәтижесінде, 2 408 жұмыс орны құрылады. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша жұмыспен қамту 100% орындалады», — деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости