Біз бұған дейін аталған кешенде жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарды ұрып-соққаны жөнінде жалған ақпарат тарағанын жазған едік. Осыған орай заңдылық пен этиканың сақталуы бойынша тұрақты комиссия құрылды. Оның құрамында облыстық мәслихат депутаттары – Асылбек Жәкиев, Амангелді Абдолов, Нұржан Ермұханов және Нұрлан Мүтәлиев бар.
«Біз депутаттар болып Атырау облыстық полиция департаментінің басшысы мен аймақ прокурорына арнайы хат жолдадық. Онда әлеуметтік желіде, соның ішінде «фейсбукте» жарияланған азаматтардың жазбаларын жан-жақты тексеруді сұрадық. Әсіресе, полицейлердің ұсталғандарға күш көрсетіп жатқаны жөніндегі жазбалармен мұқият танысып шығу керек.
Сондай-ақ, кеше облыстық полиция департаментінің басшысымен кездесу өтті. Онда ол соңғы оқиғалардың барлығын егжей-тегжейлі баяндап берді. Біз өз кезегімізде халық мүддесін қорғайтынымызды жеткіздік. Ал, халықты ұрып-соғу деректері расталса, кінәлілерді анықтап, жазаға тартуды сұрап отыр. Егер расталмаған жағдайда жалған ақпарат таратушыларды тауып, тәртіпке шақыру қажет» деді Асылбек Жәкиев бізбен әңгімесінде..
Ал, Атырау облыстық мәслихат депутаты Амангелді Абдоловтың айтуынша, «Динамо» спорт кешенінде ешкімді ұрып-соғып жатқан жоқ.
– Соңғы оқиғаларға қатысты әлеуметтік желіде неше түрлі жазбалар жарияланып, небір ақпараттар тарап жатыр. Құқық қорғаушылар шеруге қатысқандарды ұрып-соғып жатыр деген де жазбалар жетерлік. Арасында азаматтардың ұсыныс-пікірлері де бар. Халық қоғамдық резонанс тудыратын осындай жайттардың ақ-қарасын дер кезінде ажырата білуі керек. Сондықтан тұрғындарға құқықтық ақпарат үздіксіз беріліп отыруы тиіс деп ойлаймын, – деді депутат бізге берген сұхбатында.