Алдымен, химтрейлдер толығымен конспирологиялық теория және оған ешқандай дәлел жоқ екенін атап өткеніміз жөн. Уақыт өте келе Казнет пайдаланушылары оны «растады», алайда олардың бірде-біреуі тексеруден өткен жоқ. Бұл туралы толығырақ мына жерден оқи аласыздар.
Ең қызықты теориялардан бастайық.
1. Гельминт жұмыртқалары
Бұл жаңа пайым Қазнетте осы жылдың желтоқсан айының ортасында тарады. Теория ДДСҰ және басқа ұйымдар COVID-19 емдеудегі антипаразиттік «Ивермектин» препаратының тиімділігін жасырады деген сеніммен тығыз байланысты. Антипаразиттік дәрі ауруға қарсы көмектеседі, сондықтан аурудың өзі паразиттерден туындаған. Шын мәнінде, бұл екі идея да дұрыс емес. Толығырақ мына жерден оқуға болады.
2. Кептірілген адам қаны.
Бұл қорқынышты идеяның авторы – белгілі конспиролог Юрий Лир. Ол ұшақтар «онкологияға қарай мутацияланған адамның қан жасушаларынан жасалған арнайы кептірілген препараттарды» шашады деп мәлімдеді. Сонымен қатар, ол адамдарды жасырын түрде клондармен алмастырады, ал әртүрлі елдердің үкіметтері жер үсті өркениеттерінің өкілдерімен үнемі байланыста болады деп айтты. Бұл мәлімдемелердің ешқайсысының дәлелі жоқ.
3. Белгісіз құрттар
Бұл теорияда COVID-19 – вирустық ауру емес, ұшқан ұшақтан төменге шашқан құрттар тудыратын ауру делінген. Теория егжей-тегжейлі сипатталған видео туралы біз мында жаздық. Автордың сөзінің шын екендігіне ешқандай дәлел жоқ.
4. Қауіпті жәндіктер
Осы жылдың наурыз айында Қазнетте таза, жаңа ғана жауған қарда пайда болған ұсақ қара қоңыздар бейнеленген видео кеңінен тарады. Ұшақтар мен қастандық теорияларының оларға ешқандай қатысы жоқ екендігі анықталды. Бұл жәндіктер – жылымық кезде жер бетіне көтерілетіні топырақтың қанатсыз қоңыздары. Олар адамдарға ешқандай қауіп төндірмейді.
5. Микроскопиялық дрондар
Бұл дрондар «ақылды шаң» деп те аталады. Қазнет пайдаланушылары мұндай нанороботтар тобының көмегімен адамдарды, олардың мінез-құлқын, тіпті ойларын бақылауға болады деп сенеді. Алайда, бұл қызықты теорияның шын болуы екіталай, өйткені «ақылды шаң» әлі де жасалуда және жаппай қолданылмайды. Сонымен қатар, жоба ойларды басқаруға бағытталмаған. Бұл туралы толығырақ мына жерден оқи аласыздар.
6. Графен оксиді
Биыл жазда Қазнетте автокөліктің алдыңғы әйнегін тазалап жатқан ер адамның видеосы талқыланды, оның айтуынша, шыныға қонған шаң – ұшақтар шашқан графен оксиді. Бұл ретте роликте ұшақтардан мұндай сирек кездесетін және қымбат затты не үшін шашу керектігі түсіндірілмейді. Ал ең бастысы, ролик авторы автомобильден жиналған шаң басқа бір химиялық қосылыс емес, нақты графен оксиді екенін қалай анықтағанын айтпайды. Жалпы айтқанда, ролик дәлелденбеген және оны шын деп қабылдаудың қажеті жоқ.
7. Сананы өзгертетін заттар
Бұл тақырып Қазнетте осы жылдың желтоқсан айында көтерілді. Осыған ұқсас басқа теориялардағыдай мұнда да ешқандай дәлел келтірілген жоқ. Дегенмен, біз талдау барысында мұндйдың болуы мүмкін еместігін дәлелдейтін бірқатар нақты фактілер келтірдік. Бұл материалды мына жерден оқи аласыздар.
8. Азотты сутек қышқылы
Қазнет қолданушылары дәл осы затты доңыз тұмауының туындауына себеп болды деп атады. Теория авторлары азот қышқылымен улану және доңыз тұмауын тудыратын N1H1 вирусын жұқтырудың клиникалық көрінісі мүлдем өзгеше екендігін ескермейді. Оның үстіне, мұндай улы заттың шашылғанын байқамау мүмкін емес, өйткені оның иісі өткір және жарылыс қауіпті.
9. Коронавирус
Биыл наурыз айында Қазнет пайдаланушылары Қарағандыда аспаннан коронавирус шашқаны туралы хабарлады. Әрине, мұндай ақпараттың тарауына ұшып өткен ұшақтардан қалған конденсациялық іздер себеп болды.
Қорытындылай келе, мұндай толықтайы иррационалды жолмен айыптыларды іздеу жаңалық емес деуге болады. XIV ғасырда оба індеті кезінде адамдар біреулер топырақ, ауа мен суды улап, әдейі ауру жұқтыруда деп сенді. Ал қазір, ХХІ ғасырда, бізде ақпарат тексерудің көптеген жолдары бар.