Бұл мәселені әлеуметтік желіде Алтай Нұрмағанбет деген азамат көтерді. Оның ойынша, ұлттық заңнамада келімсектердің азаматтығымызды жаппай алып, елді ен жайлауына жол беруі мүмкін тұсы бар сияқты.
«Мына бапқа дереу өзгеріс енгізбесек, болашақта Франция еліндей кірмелер мекеніне айналарымыз анық! 16-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау шарттары: ҚР азаматтығына: 1) Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданатын болады» деп жазды ол.
Бұған пікір айтқан адамдар ұлт болашағына алаңдаушылық білдірді. «Қытайларға қолайлы заң екен», «Жұмысқа келген бойда үйленіп ал да 3 жыл күт дейсің ғой», «Қазақстан ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басындағы Францияның күйін кешіп жатыр. Шата ұлтқа айналуға шақ тұрмыз» деген байламдарын ортаға салды. Бұл бап болашақта Қазақ еліндегі қазақ ұлтының үлес-салмағын күрт азайтуға соқтырмай ма? Іргедегі жұңғо елі қазақстандық қыздарға үйленіп, үш жыл сайын топ-тобымен азаматтығымызды алып, қазақ жерінің иесі болып шыға келмей ме?
Біз бұл сұрақтарды ғалым, құқықтанушы Марат Қазыбекке қойдық. Оның айтуынша, постта қандай құжат екені нақтылап жазылмағанымен, әңгіме «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңы туралы болып отыр екен. Оның 16-бабында шынында солай жазылған. Ол ол ма, заң бойынша кәмелетке толмағандардан, әрекетке қабiлетсіздерден және Қазақстан алдында ерекше еңбек сiңiрген адамдардан тіпті 3 жыл тұру да талап етілмейді. Бұған қоса ел Президентi белгiлейтiн тiзбе бойынша кәсiптерге ие және талаптарға сай келетiн адамдарға, олардың отбасы мүшелерiне Қазақстанның көгілдір төлқұжаты бірден берілуі мүмкін.
Сонымен қатар Қазақстан азаматтарының iшiнде жақын туыстарының бiрi бар болса, айталық, қазақстандық асырап алса, «жұбайы және ата-анасының бiреуi, апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар болса» да осындай жеңілдікке ие болады. Сондай-ақ Қазақстанға тұрақты тұру мақсатымен келген бұрынғы одақтас республикалардың (мысалы, Ресейдің) азаматтары Қазақстанда тұру мерзiмiне қарамастан, азаматтыққа қабылданатын болады.
«Бұл еліміз азаттық алған тұста қабылданған алғашқы заңдардың бірі: Жоғарғы кеңес оны 1991 жылғы желтоқсанда қабылдады. Кейін оған 2004, 2009, 2018, 2020 және басқа жылдары бірнеше рет түзету енгізілді. Бір қарағанда, мұндай бап неге қажет болды? Қазақстан жас республика ретінде өзін әлемдік қоғамдастыққа адам құқықтарын сыйлайтын мемлекет ретінде паш етуі қажет еді. Жан-жағын жау көретін, темір шымылдырықпен оқшауланған КСРО-дан ерекшелігі ретінде Қазақстан азаматтық алу заңнамасын либерализациялады. Бұл барлық дамыған елге тән» дейді сарапшы.
Бірақ мұндай либерализация мемлекеттілік пен азаттыққа қауіп төндірмей ме? Себебі Қазақстанның азаматы атанған жатжұрттықтар еліміздегі биліктің барлық тармағына жұмысқа тұруға, Парламентке, жергілікті өкілді билік органдарына сайлануға және өз адамын сайлауға мүмкіндік алады. Тіпті ол Қазақстан азаматы ретінде ұлттық әскерге шақырылып, иығына шен, қолына қару ала алады. Мемлекеттік құпияларға қанығады.
«Әрине, азаматтығымызды алған адам Қазақстан азаматына берілетін құқықтар мен артықшылықтарды пайдаланады. Тек Президент бола алмайды, себебі Ата заңымыздың 41-бабына сәйкес, Қазақстан Президенті болып елімізде туған азаматымыз ғана сайлана алады. Дегенмен заңның әлгі бабын айталық, қытайлар қажетіне жаратып, қыздарымызға үйленіп, Қазақстан азаматтығына жаппай қол жеткізе ала ма? Теория бойынша ондай мүмкіндігі бар. Ал практикада жоқ. Өйткені болашақ қазақстандықтардың кандидатурасы бірнеше сатыдағы іріктеуден өтеді. Мыңдаған ниеті бұзық, мемлекеттілігімізге қас жандардың азаматтыққа қол жеткізуіне ұлттық қауіпсіздікке жауапты құрылымдар жол бермейді» деді құқықтанушы.
Оның мәліметінше, нақты қандай шетелдіктерге азаматтық беруге болатынын ұлтжанды азамат, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев басқаратын Президент жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссия мүшелері шешеді, нақты тізімін қалыптастырып, Мемлекет басшысына ұсыным түрінде жолдайды.
«Бұл комиссия сирек жиналады. Жаңылмасам, биыл әзірге бір-ақ рет отырысын өткізді. Ақорда хабарлағанындай, биылғы 27 мамырда онлайн режимде өткен сол отырыс қорытындысында комиссия Мемлекет басшысының қарауына алыс-жақын шетелдерден келген әртүрлі ұлттардың 955 өкілін ел азаматтығына қабылдау туралы ұсыныс енгізіпті. Былтырғы соңғы отырысы 26 қарашада ұйымдастырылған және 1 037 шетелдікке Қазақстан азаматтығын беру туралы ұсыным жасапты. Оның басым көпшілігі атажұртқа оралып жатқан қандастар. Яғни, қытайлар жаппай қазақстандық атанып жатыр деп қорқуға негіз жоқтай. Ендеше мемлекеттілігімізге, жеріміздің бүтіндігіне қауіп төндіретін сын-қатерлерге тосқауыл қоятын ішкі тетіктер жақсы жұмыс істеп тұр» деді сарапшы.
Осының алдында Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Қазақстан азаматтығын алатын шетелдіктер үшін мерзімді арттыру мәселесі талқыланғанын жеткізді.
«Қоғамда: «Қытайлар қаптап азаматтығымызды алып жатыр» деген пікір болды. Алайда талдау барысында оның негізсіз екені анықталды. Себебі соңғы 29 жылда ҚХР-дың тегі қытай төрт азаматы ғана Қазақстан азаматтығын алыпты» деді М.Бақтиярұлы.
Сенат депутаты бір мәселеге назар аударды: ресми деректер бойынша 1991 жылдан 2018 жылдар аралығында Қазақстан тұрғындарының саны 11%-ға ғана өскен, ал Өзбекстанда бұл көрсеткіш – 60%, Тәжікстанда – 68%, Қырғызстанда – 43%-ға артқан. Оның айтуынша, Отандастар қорының тапсырмасымен жүргізілген сауалнама нәтижесінде шетелде тұратын қазақтардың 1,5 миллионы атамекенге оралғысы келетіні анықталыпты. Алайда соңғы 8 жылда репатрианттар саны небары 10 мың адамды ғана құрады.