БИЫЛҒЫ 11 МАМЫРДА МЕКТЕПТЕГІ ӨРІМДЕЙ БАЛАЛАРДЫ ҚАС-ҚАҒЫМ СӘТТЕ АЖАЛ ҚҰШТЫРҒАН ТАТАРСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ МЕН КҮНІ КЕШЕГІ РЕСЕЙДІҢ ПЕРМЬ МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ОҚИҒА (ОДАН 8 АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ) ҚОҒАМҒА ТӨБЕДЕН ЖАЙ ТҮСІРГЕНДЕЙ ӘСЕР ЕТТІ. ЕЛ АМАН, ЖҰРТ ТЫНЫШТА МҰНДАЙ ЖАҒДАЙ БОЛАДЫ ДЕП ЕШКІМ ОЙЛАМАҒАН ЕДІ. АДАМЗАТҚА ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚТЫҢ, АСҚАН ҚАТЫГЕЗДІКТІҢ АЙҚЫН КӨРІНІСІ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫН ҚАЙТАДАН КҮН ТӘРТІБІНЕ ШЫҒАРЫП ОТЫР. БІЗ ҰРПАҒЫМЫЗДЫ ҚАУІП-ҚАТЕРДЕН ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙ АЛАМЫЗ?
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, Қазақстан Республикасының Білім жəне ғылым министрі:
– Қазан қаласындағы теракт кезінде жақындары қаза тапқандардың жан-жаралары əлі де жазыла қойған жоқ. Бүгінгі оқиға жығылғанға жұдырық болып отыр. Бұл оқиғалар еліміздегі мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы қауіпсіздікті күшейтудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Оқу орындарының əрбір басшысы балаларды қорғау мəселесіне басымдық беруі тиіс.
Арнайы құжат әзірленді
Білім жəне ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Пермь университетінде болған атысқа қатысты сол күні пікір білдіріп, еліміздегі оқу орындарында қауіпсіздік күшейтілетінін жəне оған оқу орындарының басшылары мүдделі болуы керектігін айтты. Министр бұл мəселе бойынша мемлекет басшысы бұған дейін білім беру орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тапсырма беріп, мəселе Үкімет отырысында егжейтегжейлі қаралып, əкімдіктерге міндет жүктелгенін атап өтті. Сондай-ақ, жоғары оқу орны басшылығына оқу корпустары мен жатақханаларда қауіпсіздікті күшейту керектігіне тоқталды.
– Бұл тапсырмалар – жабдықтарды түгендеу, жедел басқару орталығына бейнекамераларды қосуды қамтамасыз ету, ЖОО кіру режимін күшейту жəне төтенше жағдай туындаған кезде қабылданатын іс-қимылдар бойынша сабақтар өткізу, - деді А.Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында.
Министрлік басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп білім беру нысандарының терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру бойынша құжат əзірленгенін де баяндады. Аталған нормативтіқұқықтық актіні талқылау барысында 2000-нан аса сұрақ пен ұсыныс келіп түскен.
– Бұл құжат кейбір азаматтарды алаңдататынын білеміз. Олар «дабыл» батырмаларын, бейнебақылау жүйесін, турникеттерді орнатуға жəне төтенше жағдайдағы оқу-жаттығулар өткізуге қарсы екендігін жазды. Мен бұл ережелердің балаларға қауіп төндірмейтінін, керсінше, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жəне мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталатынын мəлімдеймін. Əрбір білім беру ұйымында барлық қауіпсіздік шарасы қабылдануы қажет, - деді министр.
Камера қорған бола ма?
Айдың күні аманында көрші елде қолына қару алған қаскөйлердің оқу орындарына баса көктеп кіруі Қазақстан халқын да дүр сілкіндірді. Себебі, ата-ана үшін баланың амандығы мен қауіпсіздігі бəрінен қымбат. Жамандық шақырудан аулақпыз, дегенмен, атааналар бүгінде білім ордасындағы қауіпсіздікке қатты алаңдаулы. Қауіпсіздік туралы айтылғанда алдымен бейнекамералар ойға оралады. Оның көмегімен көптеген құқықбұзушылықтар мен көлденең жағдайлардың анықталғаны рас. Əйтсе де жаңа технологияның Қазан қаласындағыдай атыс болғанында баланы қорғауға қауқары жетпейтіндігі анық. Сондықтан, бүгінде қауіпсіздік шараларын қылмысқа қарсы, заманға сай жасақтау қажеттілігі туып отыр. Бұдан да басқа мықты қорғаныс жүйесін ойлап табу керек-ақ...
«Дабыл» батырмасы
Қоғам дамығанда қылмыстың да түрленетіні бар. Келеңсіз құбылыс күрделенген сайын оның алдын алу əрекеті де оған төтеп беретіндей болуы тиіс. Ал, қазіргі таңда мектептерде балаларды «кіргізіп-шығаратын» (екінші аяқкиімін түгендеп тұратын) орта немесе егде жастағы əйел адамдар екенін білеміз. Қауіппен бетпе-бет келгенде оған қарсы тұруға олардың қауқары жетпейтіндігі анық. Тіпті, мектептің əр бұрышына бейнекамера толтырып қойылса да жедел əрекет етуге шамасы келмейді. Сондықтан, оқиға кезінде арнайы жасақ жете алатындай мүмкіндіктер қарастырылуы қажет. Себебі, бұл бүгінгі күннің басты сұранысы. Əлемде орын алған ахуалға байланысты елімізде антитеррористік қорғаудың жаңа талаптары бекітілді. Бала қауіпсіздігіне бейжай қарамаған құзырлы орган өкілдері ендігі уақытта мектептерде мамандандырылған күзет болатынын мəлімдеген еді.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі əкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев былай деді:
– Егер бұған дейін мұндай талаптар ұсыныс сипатында болса, енді білім беру нысандары бақылау жүйесімен, қызметкерлер мен келушілерді хабарландыру құралдарымен, «дабыл» батырмасымен, мамандандырылған күзетпен, өткізу жүйелерімен міндетті түрде жабдықталуы тиіс.
«Сақтанған сақ жүрер»
«Сақтанған сақ жүретініндей», біздің елдің оқу орындары Пермь оқиғасынан сабақ алуы керек-ақ. Осы орайда, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің бүгінгі ахуалымен жақынырақ танысуды жөн көрдік. Облыстағы белді оқу орнының бірі саналатындықтан мұнда 8 мыңға жуық студент білім алуда. Университет аумағында барлығы 297 бейнебақылау камерасы бар. Оның 230-ы аудиториялар мен дəліздерде, 67-сі ғимарат сыртында орнатылған. Осының 23-і ішкі істер департаментінің «Сергек» бейнебақылау жүйесіне қосулы. Университеттің ректор аппаратының жетекшісі Гүлфайруз Қайырғалиеваның айтуынша, білім ордасында 25 өткізу бекетінің бақылаушысы, 1 бейнебақылау операторы жұмыс жасайды.
– Ресей еліндегі оқиға, бізге бейқам болмау қажеттігін ескертеді. Біздің университетте «Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын» қамтамасыз ету мақсатында, бірыңғай үлгіге сəйкес паспорт жасақталған. Терроризмге жəне экстремизмге қарсы əрекет етудің негізгі іс-шаралар жоспары бар. Университет оқытушы-қызметкерлері, студенттер мен келушілер үшін бақылауөткізу бекеттеріндегі бақылаушылар лауазымдық нұсқаулықпен жіті таныстырылды. Бекеттер турникеттер, бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Автокөліктер үшін де арнайы бақылау-өткізу пункті орнатылған, - деді Г.Қайырғалиева.
Бүгінгі бала – ертеңгі ел тірегі. Олардың алаңсыз бақытты балалық шағы, тəлім-тəрбие мен білім алуы – ересектердің басты жауапкершілігінде. Балаға алдымен ата-ана керек болса, оның жан-жақты, білікті маман болып ер жетуі үшін қауіпсіз қоғам қажет. Ал, ол қауіпсіздік отбасында, 11 жыл білім алатын білім ұясында орнауы шарт. Ендеше, өңірдегі мектеп жасындағы балалар қаншалықты қауіпсіз?
Тобықтай түйін
Көпшілікті дүр сілкіндірген көрші елдегі екі қылмысты мектеп түлегі және сол оқу орнында оқитын студент жасаған. Былайша бейбіт заманда, жазықсыз жандарға оқ ату – ақыл-ойға сыймайтын әрекет. Ал, жас буынның дәл мұндай асқан қатыгездікке баруы қоғамның басты проблемасын айқындай түсті. Бұл бүгінгі қоғамның көлеңкелі тұсын ғана көргендердің ісі екені белгілі. Иә, анығын айтар болсақ, мейірімсіз ортадағы тәлім-тәрбиенің «жемісі». Мұның қатарына ғаламтордағы қант‑гіс, қырғын ойындарды қосуға болады. Өйткені, психолог мамандар ес білгелі интернеттен бас алмаған балалардың болашағы да сол ғаламтор ойындарымен байланысты өрбитінін айтып, дабыл қағуда. Бәлкім, біз бұған құлақ түргенде дабыл батырмасы туралы ойламас па едік? Дабыл!..