Анығын айтқанда, 20 гектар алқапқа егілген көкөніс-бақша дақылдарының суарылмағанына бір айға жуықтапты. Бұл туралы серіктестік директоры Үмбет Сұлтановтан естідік.
Елді ырысынан айырмас үшін
– «Егін – ел ырысы», ол рас. Осы жерде егін өсіргенімізге 20 жылдан асты. «Зарослый» деген бұл əу баста Жайық өзені мен Каспий теңізін жалғастырып тұрған өзек еді. Ел өзек бойына егін салып, малын бағатын. Арна суға толып тұрған жылдары жағалауы ну, тіршілікке де қолайлытұғын. Бертінде өзек суы құрғап, тартылып қалды. Үш жылдан бері «Бухарка» өзегіне көштік. Бұл да Каспий теңізінің бір сағасы еді. Оның да суы тартылып кетіп, егін суара алмай қалдық. Содан Атырау жылуқуат орталығынан шыққан қайталама су құйылатын «Перетаска» өзегінен өз күшімізбен ұзындығы 1 шақырымдай канал қазу арқылы «Бухаркаға» ағызып, одан əрі сорғының көмегімен суды егіндікке айдадық. Екі жыл бойы солай тығырықтан шығып едік. Биыл жылу-қуат орталығы «Перетаска» өзегіне бөгет қойды да, əбден егін көтеріліп, жиын-терім уақыты туғанда суға мұқтаждық туындады. Тек биылғы маусымның өзінде «Перетаска» арқылы келетін су екінші рет жабылып отыр. Ондағылардың айтатын уəжі – «Жайық өзенінің суы да азайып кетті. Турбиналарды салқындату мақсатында пайдаланылатын судың деңгейі төмендеді. Сондықтан, осылай істеуге мəжбүр болып отырмыз». Ал, егін əлі де кемінде 4-5 рет су ішуі керек. Сонда ғана одан ойдағыдай өнім алуға болады. Əйтпесе, жаз бойғы еңбек еш кетіп, егіншілердің нəпақасыз қалуы кəміл, – дейді шаруашылық басшысы.
Жасыратыны жоқ, пісіп жетілген өнімдерді егіншілер саттыққа шығара бастапты. Əйтсе де, қазірдің өзінде судан шөлдеген егіндіктің бір бөлігі сарғайып, қурап жатыр. Бұл тек «Алғабастың» емес, сол аумақтан егін салған бірнеше шаруа қожалығының жанайқайы. Олардың да əрқайсысының 4-5 гектардан егіндік алқабы бар. Басты проблемасы – жаздың қақ ортасында суға жарымауы. Кейбіреулері су тапшылығына төзбей, егінді тастап кетіп қалған. Ал, алғабастықтар қанша қиналса да, жаз бойғы маңдай тердің өтеуін қайтарудың қамында жүр. Рас, бұл есекдəме емес, керісінше дабыл қағып, шұғыл шарасын алатын шаруа.
– Осыны айтып, ТЭЦ-ке де бардым, қала əкімдігінің кəсіпкерлік жəне ауыл шаруашылығы бөліміне де хабарластым. Əзірге одан күткендегідей нəтиже жоқ. Бұл мəселені қала əкімі де, облыс əкімдігі мен ауыл шаруашылығы басқармасындағылар да жақсы біледі. Əрине, небəрі 20 гектар жерді суару үшін ТЭЦ-тегілер су жібере қоймасы белгілі. Дегенмен мəселенің қандай да бір шешімі болуы керек қой. Менің ойымша, ең болмағанда «Перетаскадан» бір сорғымен суды «Бухаркаға» құлатып, содан егіндікке айдаған дұрыс. Бұл уақытша болса да, қиындықтан шығып кетудің ұтымды жолы, – дейді Үмбет Хисмаұлы.
Дəл осы жер бір кезде «Теңдік» кеңшарының №4 фермасының орталығы екен. Мұнда қазір егін салатын 30-ға тарта адам – негізінен, Дамбы бойындағы ауылдар мен қаланың тұрғындары. Диқандар жалгерлік əдіспен жұмыс жасайды. Жыл басындағы серіктестікпен келісім бойынша, тапқан табыстың 60 пайызын серіктестікке өткізіп, қалғанын өздері алады. Сонда айлық орташа табыс – 120-130 мың теңге көлемінде. Серіктестік егістік алқабын бөліп, танапты бекітіп береді. Бірінші кезекте егіндік қоршалып, су жүйелері реттеліп, дақыл отырғызатын атыздар дайындалады. Алқап алдыңғы жылдың күзінде жыртылып, сүдігері көтеріліп, келер көктемге əзірленіп қойылады. Назар аударарлығы, диқандардың 80 пайызы – зейнет жасындағылар. Демек, егін егуге жастардың құлықсыздығын аңғару қиын емес. Егіншілер Дамбы бойындағы ауылдар мен қала тұрғындары болғандықтан, оларды күн сайын көлікпен тасымалдау да бөлек жұмыс. Жиналған өнімді базарға жеткізу де серіктестіктің мойнында.
Сайып келгенде, мұның бəрі – шаруашылық үшін қыруар шығын. Аратұра су айдайтын сорғы бұзылып, ақауға ұшыраса оны да серіктестік жөндейді. Бұрындары тең жартысы субсидия түрінде жеткізіліп берілетін егіс алқабын өңдеуге арналған тыңайтқышты да қымбат бағасына диқанның өзі сатып алады. Нитроаммофос тыңайтқышының 50 келілік бір қабы 13-14 мың теңге тұрады. Өйткені, Қапшағай зауытында өндірілетін тыңайтқышты төмендетілген бəсімен сатып алуға тапсырыс беру үшін облыстан берілетін сұраныс бір вагоннан (60 тонна) кем болмауы тиіс. Оның ақысын серіктестік алдын-ала аударып қойғанымен, арзаны қолға тимеген.
Ерінбегеннен егінші шығады
Айтылған проблеманың аныққанығына көз жеткізу үшін егіс басындағы еңбекшілермен кездестік. Үмбет Сұлтановтың айтуы орынды, қалыптасқан ахуал шынында да күрделі екен. Көпшілігі бұған дейін біраз жыл Дамбы бойындағы шаруашылықтарда егінші болған тəжірибелі адамдардың əрқайсысы 0,25-1 гектар аралығындағы алқапты игеріп отыр. Олардың ерінбей еңбектенуге ынтасы зор, оны айтқан сөзінен де, күнге күйіп, тотыққан жүзінен де байқадық.
– Зейнеткерлікке бұрынғы Құрманғазы атындағы ұжымшардың егіншілігінен шықтым. Үйреншікті кəсібім ғой, үйде отыра алмай, осында келдім. «Алғабастың» басшылығымен келісімшартқа отырып, қабілетіме қарай жер алып, егін салып жүрмін. Бұрын мұндай таршылық көрмеуші едік. Биылғы су тапшылығы қинап тұр. Егіннің алды пісіп, базарға апарып сатып та жатқанбыз. Енді су болмаса, соңы қалай болар екен деп алаңдап отырмыз. Менің жерім онша көп те емес, бір гектардың төрттен бірі ғана. Соның өзін игеріп кету оңайға түспейтін сыңайлы, – дейді жасы жетпістен асқан Мəриам Урабаева.
Оның ауылдасы Алмагүл Мəжитованың жасы да жетпісті алқымдапты. Осы жерден егін салғанынан бес жылдан асқан. Бұған дейін табысы мол бұл диқан да зая кеткелі тұрған еңбегіне алаңдаулы.
– Түсінген адамға бау-бақша өсіру деген зейнетінен гөрі бейнеті басымдау жұмыс қой. Сəуірден бері осы жерде жүрміз. Тұқым сеуіп, тыңайтқыш шаштық, алқапты арамшөптен тазарттық. Осындай қыруар жұмысқа алдымен төзім мен сабыр қажет. Маңдай терің ақталып, өнжеулі өнімге қол жеткізсең, көрген қиындығыңа ризасың ғой. Науқанның аяқталуына əлі екі айға жуық уақыт бар. Тек су мəселесі шешілсе, ісіміз оңға басар еді, – дейді ол да əріптесінің сөзін қостап.
Жиырма жылдан бері егіншілер бригадасында еңбек ететін Əлия Есəлиева да мұның үлкен проблемаға айналғанын ашық айтты. Оның айтуынша, серіктестік басшысынан бастап, қалғандары қостаса да, шөлдеген егінге су жеткізу əрекеті əзірге нəтиже бермей тұр. Бірақ қайткенде де егінді сусыз қалдырмау керек. Əйтпесе, биылғы еңбек еш кетіп, тіпті, егіншілер орасан шығынға ұшырауы да мүмкін. Біз тілдескен тəжірибелі диқандар Сұлухия Молдашева, Шолпан Қуанова, Сəния Харесова, Света Жұмағалиева көлік жүргізушісі Жұмабай Бимановтардың барлығы да əңгіме түйінін осыған тіреді.
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Амангелді ҚАБИДУЛЛИН, «Алғабас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі егіс бригадасының жетекшісі:
– Тамыз айы да ортасынан асты. Шамалауымызша, егіске əлі төрт-бес рет су берілуі керек. Судың тиісті деңгейге көтерілмеуінің салдарынан көкөніс-бақша дақылдары бірнеше апта бойы сусыз қалды. Келісім-шарт бойынша біз бұл проблеманы қандай жолмен болса да шешіп, егінге суды жеткізуге міндетті едік. Алайда, түрлі себеп қолды байлап тұр. Қазір проблеманы шешудің барлық жолдарын қарастырып жатырмыз. Тіпті, ТЭЦ-тегілер «теңізден күшті жел тұрса, Жайықтың суы көтеріліп, «Перетаска» каналын суға толтырар еді. Сонда біз де «Бухаркаға» су арнасын бұрамыз, сіздердің проблемаларыңыз солай шешіледі» дегенді алға тартады.
Руслан ДƏУЛЕТОВ, Атырау қалалық кəсіпкерлік жəне ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
– Расында да, бұл – үлкен проблемалардың бірі. Серіктестік басшылығының «Перетаска» каналының «Бухаркаға» қосылатын тұсына насос орнатып, мəселені шешу туралы ұсынысы болды. Əкімдік тарапынан көмектесіп, насосты тауып орнатып көрдік. Бірақ онымыз үйлеспеді. Енді су соратын мотопомпа қойып көреміз, үмітіміз бар. Жасыратыны жоқ, əкімдіктің жекеменшік нысандағы шаруашылық субъектілерінің проблемасына араласуға құқы жоқ. Соған қарамастан, қала аумағындағы іргелі шаруашылықтардың бірі болғандықтан, алғабастықтардың өтінішін аяқсыз қалдырмай, қолдау білдіруді ұйғардық. Дегенмен, мұның өзі уақытша амал ғана. Мəселе түпкілікті шешімін табуы үшін кешенді шараларды жүзеге асыру қажет. Оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық.