Құнсыз дүние
Мəселен, ұсақ малдың бір келі жүнінің құны 120-180 теңге шамасында. Науқандық шара кезінде ғана 270 теңгеге көтерілетін көрінеді. Ал, ірі малдың жүні 80-100 теңгеден аспайды. Тек биязы жүндісі ғана 500-800 теңге тартады. Оның үстіне, еліміздегі кəсіпорындар жүннің осы түрін ғана қабылдайды. Қылшық жүнді өңдейтін заманауи технология əлі қондырылмаған. Өкініштіақ. Өйткені, сырттан қымбат құнымен келетін иірімжіп, түрлі мата мен кілем дəл осы шикізаттан жасалған. Демек, қылшық жүнді өзіміз кəдеге жарата алмай, шикі күйінде төмен бағасымен шетел асырып, кейін сол жақтан жоғары бəсімен даяр тауар алып отырмыз. Бұдан асқан оралымсыздық болар ма? Сонда оған не себеп? Тағы да мамандардың пікірін басшылыққа алсақ, біздегі барлық қойдың дені ұсақ шаруашылықтарға топтасыпты. Шамамен айтқанда, 56 пайызы жеке қожалықтар меншігінде екен. Ал, бұларда мал-дəрігерлік талаптардың сақталмайтындығы, селекциялық жұмыстарға назар аударылмайтындығы жиі айтылады. Асылдандыру шаралары жүзеге асырылмағандықтан, оның еті мен сүті ғана емес, терісі мен жүні де нашар болады. Күнделікті күнкөрісінен артылмайтын аз ғана малын ауылдағылар селекцияға алуға құштар емес. Тіпті сол елді мекендерде бүгінде мал қырқатын адам да қалмаған. Кешегі кеңестік кезден қалған қырықтықшылар қатары селдіреп қалды. Қатарда жүргендерінің қауқары шамалы. Рас, кейбір жігіттер ақысына жалданып, малды ауылды аралап, осы шаруаны тындыратын көрінеді. Бірақ шуда жүні шұбатылып жүрген түйелерді көргенде «дала кемесін» аяп та кетесің. Жə, мұның бəрі – тосын жайт емес, бұрын да көтеріліп жүрген мəселе. Бірақ неге екенін қайдам, орталықтан ара-тұра ат арытып жететін шенеуніктер бірінші рет естігендей аузын ашып, көзін жұмады. Құнсыз дүниенің бағасын көтеру жөнінде үлкенді-кішілі басқосуларда айтып-ақ жатқанымен, естір құлақ көрінбейді. Əйтпесе, əлдеқашан бір шарасы алынар еді-ау. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, немересін ойнатып отырып əжелеріміз тоқи салатын қолғап пен шұлық қазір базарда сатылып жатыр. Əттең, түк жылуы жоқ. Қайдан келгені де күмəнді. Сатушы шімірікпестен «өзім тоқыдым» дейді. Сенесің бе, сенбейсің бе? Əйтеуір, Атырауда қазір бұрынғыдай қаһарлы қыс жоқ. Əйтпесе, саусаққа сеп болмас. Осы орайда біреулер үшін құнсыз дүние саналған жарықтық жүннің қадірі кеткен қасиетін ойлайсың.
Тәртіп бар, талап жоқ
Индустрия жəне жаңа технологиялар министрлігінде 2013 жылғы желтоқсанда «Жүн өндірісі» кəсіби стандарты бекітілді. Ол келесі жылғы мамырда Əділет министрлігінде тіркеліп, заңды күшке ие болды. Демек, басшылыққа алатын басты құжат. Осында айтылған тəртіп бойынша, бұл бағытта жұмыс істейтін мамандардың міндеті, шикізат түрі мен оны өңдеу тəсілдері, қызмет кезінде қажетті құрал-жабдықтар тізімі айқындалды. Қысқасы, еш нəрсе ұмыт қалмағандай. Əйтсе де, сол талаптардың орындалуы оңды емес. Ауылдағы ағайынмен əңгімелесіп көрсек, олардың цех ашып, жүн өңдейтін жағдайы жоқ. Қысы-жазы төрт түліктің қамымен жүрген жандарға бұл міндетті қосымша арту да жараспайды. Мұны айтып отырған себебіміз – бəзбіреулердің жіп иіретін де, киім тігетін де кəсіпорынды шикізат базасына жақынырақ салу мəселесін көтеруі. Бұрын да қалаларда тігін фабрикаларды болды ғой. Алайда, солардың жанында жайылып жүрген отар қойды көрмедік. Демек, мəселе – төрт түліктің қайда қыстағанында емес, соның терісі мен жүнін тиісті жеріне жеткізуде. Жалпы, жүн өңдеу дегеніміз – оны май мен шайырдан, шаң-тозаңнан тазарту. Бала кезімізде əжелеріміз əбден жуып, түйірлеп түбіт түтіп отырмайтын ба еді? Қазіргі технология – соның дамыған түрі. Малдың жүні заманауи техника күшімен нағыз шикізат деңгейіне жетуі керек. Министрлік стандартындағы осы талап неге орындалмайды? Жеңіл өнеркəсіп саласында маман жеткілікті ме? Кешегі кеңестік кезде кадрлар арнайы даярланды. Қазір осындай оқу орындары бар ма? Жылына қанша жас диплом алып шығады? Мүмкін соларға сабақ беретін тəжірибелі оқытушылар да жоқ болар? Себебі, аға ұрпақ пен кейінгі толқын арасындағы байланыс əлдеқашан үзіліп қалған. Кітаптан оқып, теориясын түсінер. Ал, толымды тəжірибені қайдан жинайды? Қолданыстағы ережеде бұл да көрсетілген. Бірақ қабылданғанына сегіз жыл өтсе де жылт еткен жағымды жаңалық сезілмейді. Əйтпесе, аймақтан-ақ байқар едік қой. Тонналаған жүннің кəдеге аспауы салдарынан шопандар қыруар шығынға батып отыр. Ішкі жеңіл өнеркəсіп оның аз ғана бөлігін тұтынады. Онда да биязы жүндісін ғана. Тағы біразы арзан бағасына шетелге шығарылады. Ал, дені ешқандай с ұ р а н ы с қ а и е б ол м а ғ а н д ы қ т а н шұңқырға көміледі неме се отқа жағылады. Құрманғазылық малбегілер тəрізді қара жолға жайып тастайтындар да бар. Өзге қандай амалы бар? Текке шірітіп қорада сақтағаннан не пайда? Міне, ауылда осындай жағдай қалыптасқан. Қабылданған кəсіби стандарт осы олқылықтың да орнын толтыруға тиіс еді. Амал не, жұмыс істегені көңілден шықпайды. Кеңестік кезде Алматыда бірнеше тігін комбинаты болды. Семей мен Қостанайдан шыққан тауарларды тұтындық. Ал, Гурьевтегі бұрынғы Ленин көшесі, қазіргі Азаттық даңғылы бойындағы тігін цехы байырғы тұрғындардың жадында шығар. Осыдан сəл кіші кəсіпорын байырғы химия зауытына баратын жолда орналасты. Соларда тігілген киімдер дүкен сөрелерінде толып тұратын. Шетелдік киімді біреудің үстінен анда-санда ғана көретінбіз. Бəрі де өзіміздің өнімдер еді. Енді соның барлығы ертегіге айналып кеткені ме? Өкінішті-ақ.
Тыстан тасылған тауар
Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ даласынан тонналаған жүн жыраққа жөнелтіліп жатыр. Ол шикі күйінде, тіпті өңделместен шығарылғандықтан, құны да түкке татымайды. Бірақ соның ар жағында салмақты сыр жатыр. Осы шикізат өзімізге даяр тауар күйінде қайта оралады. Иығыңа пальто, бұтыңа шалбар, қолыңа қолғап, аяғыңа шұлық болып жетеді. Əрине, бұл жолы оның бағасы биік, жоралғысы жоғары. Мəселен, жеңіл өнеркəсіп өнімдерінің 80 пайызы Қытайдан, Италиядан, Түркиядан тасылады екен. Солармен іргелес Өзбекстан да жыртығымызды жамайды. Тіпті анау Бангладештен дайын өнім тасылатын көрінеді. Ал, қолғаптың 93, шұлықтың 73 пайызы Аспанасты елінен əкелінеді. Сонда өзіміз не тындырып отырмыз? Үкімет бұл бағытта бірнеше бағдарлама бекітті. Парламент депутаттары дабыл қақты. Обалы не керек, республиканың əр жерінен жетіп, астанада бас қосқандар бастапқыда белсенділік танытып-ақ тастайды. Елдің аманатын арқалап келгендерін айтып, биік мінберден мəселенің бірінен соң екіншісін қояды. Бірақ солардың дені науқандық сипатқа ұласады, соңы сиырқұйымшақтанып кетеді. «Баяғы жартас – сол жартас» дегендей, ілгері басқан іс көрінбейді. Əйтпесе, арада өткен отыз жылда ахуал айығып, жағдай жақсарып кетер еді ғой. Бірлі-жарым жетістікке жетсек, оны ешкім иеленіп кетпес. Əңгіме – мəселенің түбегейлі шешілмеуінде. Осы орайда о бастағы ұстаным ұ ш қ а р ы б о л ғ а н . Т ə у е л с і з д і к табалдырығында-ақ қолында билігі бар біреу «мұнайдың ақшасы жетпей ме, бізге киім тігу неге керек?» деп келте қайырыпты. Содан саланың құлдырауы басталған. Арғы жағын айтпағанда, 2016 жылы бұл бағытта жұмыс істеп тұрған 79 кəсіпорынның 27 пайызы қызметін тоқтатыпты. Қарапайым тілмен айтқанда, төрттен бірінен артық. Бір елге біраз салмақ қой. Осы жылы ғана тоқыма түріндегі 12, киім тігу саласындағы сегіз өндіріс ошағының оты өшіпті. Қазір де қалыптасып кеткен шаруа жоқ. Арнайы зерттеу республикада жеңіл өнеркəсіп тауарларына сұраныс бес-алты миллиард доллар төңірегінде екендігін айтса, соның 97 пайызы импортпен жабылады. Шындығында, тыр жалаңаш жүрген секілдіміз. Есепке алынған 2016 жылы аяқ киімнің 96, сырт киімнің 97 жəне мақтамата бұйымдарының 60 пайызы сырттан жеткізіліпті. Ал келесі жылдың бірінші жартысында ғана 144,3 млн. доллардың импорттық киім-кешегі алыстан əкелінген. Бұл – бұдан бес жыл бұрынғы ахуал. Сонда республикада тігіншілік саласы мүлдем жоқ деуге тұрарлық қой. Тыстан тасылған тауар ұлт саулығына да салқынын тигізеді. Мəселен, еліміздегі импорттық киімкешектің 80 пайызы Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінен келеді екен. Бұлар соңғы уақытта өнімнің өзіндік құнын кеміту үшін табиғи шикізаттың орнына химиялық қоспаларды көбірек қолдана бастаған. Шикізат шығынын азайту амалы. Сырттан саудаланатын киімдердің арасынан түрлі бөгде нəрселердің табылып жатқаны да содан. Бірақ ол тұтынушы денсаулығына едəуір зиян. Отандық өнеркəсіп өркендемесе, осындай қауіпті де бастан кешеміз. Жеңіл өнеркəсіп үлесі АҚШ, Италия, Германия, Португалия, Түркия тəрізді мемлекеттерде ортақ табыстың 12-20 пайызын құрайды. Іргелес Өзбекстан пайдасының қомақты бөлігін осы саладан тауып отыр. Қырғыз елінде бұл көрсеткіш ішкі жалпы өнімнің үштен бір дерлік көлеміне жеткен. Ал, біздегі жетістік – 1,2 пайыз ғана. Өзіңіз ойлана беріңіз.
Отандық өндірістің өрісі неге тар?
Шы н ы к е р е к , Қ а з а қ с т а н д а шығарылған киімді кигіміз-ақ келеді. Бірақ жоқ. Базарды бес мəрте аралап қайтсаң да, отандық өнім көрінбейді. Өйткені қазақстандық кəсіпкерлердің қызметі бюджеттік тапсырыстарға ғана бейімделген. Əскерилер мен полицейлердің, өрт сөндірушілер мен мектеп оқушыларының формасын тігуден ауыспайды. Сонымен ғана жан бағады. Арасында кейбір кəсіпорындардың аз-кем сұранысын қ а н а ғ а т т а н д ы р а д ы . Ш е т е л д і к капиталдың қатысы бар ірі компаниялар жұмыс киімдерін əдетте тыстан тасымалдайды. Ендеше, осындай жағдайдың қалыптасуына не себеп? Алдымен, от а н д ы қ ө н і м д е р өте қымбат. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, Қытайдан келген əр шұлықтың құны 27 теңге десек, біздегі баға – 120 теңге. Аспанасты елінің бір костюмі 4,5 мың теңге тұрса, өзіміздікі 40 мыңға жетіп жығылады. Сонда тұтынушының қайсысын таңдайтынын өзіңіз біле беріңіз. Жасыратыны жоқ, сапа жағы да жоғары емес. Одан əрі, осы баға қымбатшылығы қалай қалыптасады? Біріншіден, біздің бизнес иелерінің дені несиемен жұмыс істеп жатыр. Үлкенді-кішілі тігін цехтарына қондырылған қондырғылардың бəрі дерлік шетелден қыруар қаржыға əкелінген. Сол қарызды тезірек қайтару үшін тауар бағасын көтеруге мəжбүр. Өткізе алмай жатса, ойбайын салып, мемлекетке алақан жаяды. Амал жоқ, оларды кезекті тендердің бір бөлігіне жатқызуға тура келеді. Субсидия сұрайды. Бұл борышпен қашанғы қызмет істейді? Екіншіден, шикізат жоқ. Мыңғыртып төрт түлікті түгел бағып отырған елімізде осындай ахуал бар. Жоғарыда айтқанымыздай, азды-көпті пайдаға жарайтын жүн тонналап тысқа тасылады да, қалғаны отқа оранады. Неге? Себебі, бізде тігін фабрикалары тек биязы жүнді шикізатты ғана қабылдайды. Соларды тазалап, одан əрі жіп иіреді. Ал, қылшық жүнге сұраныс жоқ. Атыраудағы кəсіпорын да солай. Мұны малбегілері де дұрыс түсінеді. Мəселен, жылыойлық ауыл кəсіпкері Сейітжан Балжігітов өз өнімін тықпалай беруден аулақ. Өйткені аймақта мұндай жүнді өңдейтін жабдық жоқ екенін біледі. Биязы жүнге арналған құрал көп күш салғанды көтере алмайды, тез бұзылады. Сондай-ақ, жеңіл өнеркəсіп, соның ішінде тігіншілік – оңай сала емес. Мұны мемлекеттен 5-10 млн. теңге алып, құдалыққа көрпе тігумен салыстыруға болмайды. Сырттан келетін өнімге толық бəсекелестік туғызып, импорттық тауарлармен иық тіресетін дəрежеге көтерілу керек. Əйтпесе, ешқандай мемлекеттік қолдаудан қайтарым күтілмейді. Бұл бағыттағы қазіргі кəсіпкерлер бүгін ісін ашып, ертең-ақ көл-көсір табысқа кенелгісі келеді. Олардың ж ұ рт ш ы л ы қ т ұ т ы н ат ы н ж а л п ы бұйымнан гөрі, тендердегі тапсырысты қанағаттандырумен шектелуі д е с о н д ы қ т а н . У ы с т ап а л ат ы н ұтыстан айырылса, өздерінің тақырға отырғандығын айтып, ұлардай шулайды. Мұндай күнделікті күйбеңмен көп іс тындыру мүмкін де емес.
P.S.
Рас, мемлекеттің нақты бағдарламасы қажет-ақ. Ол төрт түліктің терісі мен жүнін өңдеуге бағытталуы керек. Бұл, біріншіден, ауылдағы жиналып қалған немесе далаға тасталып жатқан шикізатты мақсатты пайдалануға жол ашады. Малбегілерінің қолына азды-көпті қаражат түседі. Екіншіден, іргедегі шикізатты қолдану өнімнің өзіндік құнын кемітеді. Шығын қаншалықты аз болса, даяр тауар құны соншалықты арзанға түседі. Үшіншіден, қосымша фабрикалар ашу арқылы мыңдаған қыз-келіншек қызметпен қамтылады. Тігіншілік мамандығының мәртебесі артады. Бүгінгі бірер айлық курсты бітіргендер - әлі де қас шеберлер емес. Төртіншіден, жаңа сала бюджетке де толымды табыс түсірмей ме? Қайтарым дегеніміз сол болса керек.