RSS лента

COVID-19: «Қызыл аймақтан» құтқарар жалғыз жол…

  • 10.04.2021, 00:07,
  • 389
  • 0
  • Автор: AmandyqAudaru
Автор фото: әлеуметтік желі

Бұл – жалаң ұран, жалпылама сөз емес, бүгінгі күннің басты проблемасы. Қазір, турасын айтқанда, тұтас ұлттың тағдыры таразыға тартылды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

«Қайта шапқан жау жаман» дегендей, қайыра соққан қатерлі дерт қуырып барады. Екпіні былтырғыдан қатты болмаса, еш кемдігі көрінбейді. Азғана уақытта республиканың біраз бөлігі қауіпті саналып үлгерді. Аурудың таралу көрсеткішін айқындайтын әлемдік баға бойынша еліміз «қызыл аймаққа» кірді. Енді нендей амал бар?

95 пайыз вакцинация

Иə, əр мемлекет өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оның тұрғындарының осыншама мөлшері екпе жасатуы қажет екен. Сонда ғана қалыпты тұрмысқа қайта оралуға, ел адамдарының елеңдемей өмір сүруіне болады. Қазақстандағы қолданыстағы заңдылықтар бойынша, əр азаматтың профилактикалық екпеден өтуге құқығы бар. Ал, керісінше, вакцинация алмаса да, соған мəжбүрлейтін тетік жоқ. Демек, бұл шара əркімнің өз еркіндегі іс көрінеді. Бəзбіреулердің осыны алға тартып, COVID-19 ауруына қарсы еш амал жасамауы, оның таралуына қарсы əрекет етпеуі – өзіне ғана емес, өзгеге де зиян.


Бетпердемен өткен бір жылда қаншама жан ажал тырнағына ілінсе де, оң қорытынды шығармай отырғаны өкінішті-ақ. Бұл, мүмкін, қолданыстағы заңдылықтардың да осалдығы шығар. Осы орайда, өзгелердің тиімді тəжірибесін таразыға тартқан дұрыс. Қазір кейбіреулер дамыған елдер екпеден əлдеқашан бас тартқанын айтып жүр. Шындығында, солай ма? Саралап көрелікші. АҚШ, Ұлыбритания оқу орындарының табалдырығын кейбір кеселдерге қарсы екпесіз аттауға рұқсат жоқ. Сауд Арабиясына қажылыққа барушылардың менингокок инфекциясына екпесі болуы шарт. Немесе Бразилия, Боливия, Колумбия, Кения жəне бірқатар африкалық мемлекеттердің шекарасынан сары қызба ауруына егілмегендердің өтуіне тыйым салынған.


Ал, қазіргі тəжтажалға қатысты шаралардың бұрынғыдан қатаңырақ екеніне шек жоқ. Көрдіңіз бе, əлемнің көптеген елдерінде түрлі дертке байланысты екпе міндетті. Ешкімнің құқығына қол сұғылмайды. Жеке саулығы мен қоғам қауіпсіздігін таразыға тең тартқан тұрғындар өздері-ақ медицина мекемелеріне беттейді. Өркениеттің өрі де осы шығар. Əрине, ауылдастарымызды асқынған ахуалды ұқпайды деуге болмас. Əйтсе де, ілгері басқан қадамына өздері тоқтау салады. Анау əлеуметтік желіде желдей ескен желөкпе сөзге ереді. Не деген сенгіш халықпыз?! Əлдекім бір нəрсені бастаса, соған құлай кетеміз.


Өкініштісі, солардың сапында білімді деген, көзі қарақты, санасы сергек жерлестеріміздің болуы. Ғаламтордағы берекетсіздік əбден мезі етсе керек, сенаторлар бұл бағытта заң қабылдау қажеттігін айта бастады. Ресей мұндай шараны бұдан бірер ай бұрын жүзеге асырған. Əлеуметтік желіден келер қатерді ертерек түйсінді. Шындығында, тентектерді тежейтін тетік қажет-ақ.


Рас, Қазақстанда мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ақпарат таратушыларды ауыздықтайтын ереже бар. Дегенмен, соның орындалуы оңды емес. Əйтпесе, қазіргі сын шақта əрбір алыпқашпа əңгіме тұтас ұлт тағдырына сына қағуы ықтимал. Ендеше, бүгінгі қолданыстағы тыйымды басшылыққа алса да біраз шаруа тындыруға болар еді ғой. Құзырлы орындар неге үнсіз? Қандай бұйрықты күтіп отыр?


Мамандардың айтуынша, тұрғындардың дені екпеге мойын бұра бастаған. Тура төнген қауіпті түйсінген. Сақтық жолы сол екенін ұғынған. Өзім тұрақты тіркелген шаһардағы №3 емхана аймақта бірінші болып вакцинацияны қолға алды. Ұжымды ұйытты, өзгелерге өнеге көрсетті. Соңғы барғанымда таныс дəрігерлер кезекті екпеге дайын екендіктерін айтып отыр. Қуанып қалдық. Міне, осылай бəріміз де бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарсақ, алынбас қамал қалмайды. Дертті де жеңеміз, оның таралуына да жол бермейміз.


Сонымен, әр ел тұрғындарының 95 пайызы тәжтажалға төтеп беретін вакцина қабылдаса, соның халқына тура қатер де төнбейді екен. Қалған бес-ақ пайызы түрлі себептермен екпе салдыруға жатпайтын әлеуметтік әлсіз топ өкілдері бола қойсын. Бұл азшылық тұтас ұлтпен салыстырғанда теңізге тамған тамшыдай ғана ғой. Көпшілік аурудан аман болса, қатерлі дерттің таралуы да тоқтар еді. Ендеше, сол межеге ұмтылайық.

«Спутник-V» қауіпті ме?

Айта алмас едік. Əйтпесе, əлемнің отыз шақты мемлекеті ресейлік вакцинаны мойындай ма? Қазақстан 27- ші мемлекет болып мақұлдапты. Бізден кейінгілер де құптап жатыр. Еуропа елдері тұтына бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы рұқсатын берді. Бұдан артық не керек? Əрине, сын сағаты соққанда жұмыр жердің жағдайына алаңдаған елдер тəжтажалға төтеп беретін вакцина шығаруға жаппай кірісті. Бірақ, солардың бəрі сынға шыдады деуге болмас. Бірінің қайтарымы кемшін түссе, екіншісі тіпті кəдеге аспады. Əрине, мұндай дəрілерді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құптамады.


Осы орайда Ресей ғалымдары озды. Жалпы, əзірге əлемде тиімділігі тоқсан пайыздан асатын үш-ақ вакцина бар екен. Басқалары мықтылығы жөнінен бұған жетпейді. Ресейлік вакцина – солардың бірі. Оның көрсеткіші – 91,6 пайыз. Бұл ойдан шығарылған дерек емес. Жаңа препарат жиырма мыңға жуық адамға сыналыпты. Ешқайсысы сыр берген жоқ. Жалпы, əлемдік апат орын алғанда екпе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сəйкес жүргізіледі. Мəселен, Австрия, Израиль, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Түркия тəрізді мемлекеттер соны басшылыққа алған. Біз де осы жолды таңдадық. Осы орайда, Жапония алдыңғы қатардан көрінеді. Негізі, қай елде инфекциялық ауруларға қарсы екпе тізбесі жоғары болса, сонда өмір сүру деңгейі де көтеріңкі көрінеді.


Міне, байқайсыз ба, əр азаматтың денсаулығы тұтас ұлттың саулығымен сабақтасып жатыр. Дамыған державаларда екпе алу немесе алмау мəселесі талқыға түспейді. Тұрғындар өзінің ғана емес, отбасының, ағайынтуыстарының, тіпті, түптеп келгенде, күллі елінің қауіпсіздігіне алаңдайды. Ортақ қатерге қарсы тұруды өзінің патриоттық парызы санайды. Қазақ «асатпай жатып құлдық» деуші ме еді? Бұл асығыстарға айтылған əңгіме. Вакцина əсері де сондай. Ол антиденелердің қалыптасуын тездетеді, аурудың асқынуына жол бермейді. Рас, дертке душар болған адамның бойында қоздырғыштарды жоятын антиденелер əбден жинақталғанша біраз уақыт қажет. Бұлар жеткілікті мөлшерде толғанда ғана сырқат сауығады. Яғни, екпеден соң 5-6 күнде антиденелер өңделеді, ал 20-22 тəулікте ең көп мөлшеріне жетеді. Демек, шыдам керек. Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығатынын ұмытпалық.


Сонымен, әлем елдері ресейлік вакцинаға ден қойды. Сәуірде Қазақстанға тағы екі миллион данасы жеткізілмек. Республика тұрғындарын толық қамтуға ол да аздық етуі ықтимал. Сондықтан, оны өзімізде өндіруге бетбұрыс жасалмақ. Жалпы, халқының саулығын сақтау әр мемлекеттің стратегиялық саясаты екендігін ескерсек, фармацевтика саласын әбден сауықтыруға тура келеді.


Сәби саулығына ата-ана жауапты


Өк і н і ш к е о р а й , республиканың бірқатар өңірінде балалар арасында да қауіпті дерт қылаң бере бастады. Демек, екпе шарасын соларға да жүзеге асыру қажеттігі туындады. Жалпы, бұған дейін де түрлі аурулардың алдын алу үшін вакцинация жасау керектігі айтылып жүр ғой. Ата-ананың дені оған түсіністік танытады. Бұл – кешегі кеңестік кезден бері бар қалыпты құбылыс. Мектеп қабырғасында жүргенде бəріміз де егілдік. Одан жаман болғанымыз жоқ. Соның салдарынан көлденең кеселге шалдыққанды естімедік. Ендеше, қазір неге ат-тонымызды ала қашамыз?


Мамандар бұған діни нанымдардың қырсығы тиіп отырғанын айтады. Əсіресе, жат ағымды ұстанғандар ұл-қыздарына екпе салдырудан мүлдем бас тартады. Рас, соны желеу етіп оларды оқу орындарына немесе балабақшаларға жібермеу жөнінде талап жоқ. Бұл – əркімнің еркіндегі шаруа. Бірақ, екпе алмаған сол бүлдіршіндердің бірінен немесе бірнешеуінен инфекциялық ауру анықталса, оларды оқшаулауға тура келеді. Басқалармен араласуына тыйым салынады. Əбден айыққанша қатарларына қосылуға рұқсат берілмейді. Бүлдіршіндерін мұндай шектеу əке-шешеге қажет пе? Құрбыларымен ойнап-күлуі керек ұландарының үйде қамалып отырғаны жарасымды ма?


Бəзбіреулер заманауи вакциналар құрамында уытты заттар барлығын, олар жылдар бойы жиналып, кейін елеулі зиян келтіретінін айтады. Мамандар мұны да жоққа шығарып отыр. Өйткені, вакцина белгілі бір дертке ғана арналған жəне ағзаға еш залалы жоқ. Осы орайда тұмауға қарсы əр жылы салдырып жүрген екпеден зиян шегіп жүрген жан кездеспегенін жұрттың өзі-ақ біледі емес пе? Жалпы, сəбидің қанына шешесінің жүктілігі кезінде де антиденелер енеді. Яғни, анасы ауруынан айығу үшін ем алғанда немесе екпе салдырғанда пайда болады. Бірақ, олар тез жойылып, нəрестенің үш айлығынан бір жасқа толғанша ғана созылатын көрінеді. Демек, бүлдіршін көптеген инфекцияға дəрменсіз. Шақалақ өмірге келген сəтте-ақ өкпе дертіне қарсы екпе салуды қостаушылар бар.


Сонымен қатар бала туылған соң 6-12 айлығында қызылша мен қызамық ауруларының алдын алу мақсатында вакцинация жасау ұсынылады. Қысқасы, бұл шара қаншалықты ерте жасалса, сəбидің иммунитеті де соншалықты шапшаң қалыптасып, инфекциялық сырқатқа шалдықпайды екен. Жылдар бойы тəжірибеде таразыға тартылып, сан сынақтан өткен осы жүйеге сенімсіздік танытқан жөн бе? Талай ғалым бас ауыртып, мамандар жүзеге асырып жатқан шараның қайтарымы барлығына кім күдік келтіреді? Ақырында, бір күнде балаға екі немесе одан да көп екпе жасаудың дұрыс-бұрыстығы жөнінде де əңгіме тараған-ды.


Əрине, бүлдіршінге ине сұғу оңай емес. Оның орны ауыратындығы, сəбидің шырқырап жылайтыны белгілі. Бірақ, əлемдік медицина əзірге аурудың алдын алатын немесе бетін қайтаратын басқа тəсіл тапқан жоқ. Əйтсе де, бірқатар елде препараттың бір мөлшерінде бірнеше антигендер бар құрамбөлікті вакциналар қолдана бастады. Бұл жалқы емес, жалпы инфекцияға қарсы иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік береді. Солардың толымды тəжірибесімен қаруланып, бізде де осындай озық əдісті пайдалануға болар-ау.


Діни түсініктерге қайта оралсақ, өздері де вакцинацияға жоламай, балаларына да екпе жасамай жүргендер – теріс ағымның торына шырмалғандар. Əйтпесе, бүгінде мұсылмандық қағиданың адам саулығына септігін тигізетін нəрседен бас тартпауын қолдайтыны жөнінде айтылып жатқан жоқ па? Рамазан айында да қатерлі дертке тап болғандарға одан айығу əдістерін іздеуге тыйым жоқ. Бұл ретте дəрі пайдалана ма, əлде екпе салдыра ма – əркімнің еркі. Ал, ұрпағының саулығы – əке-шешеге Алланың берген аманаты. Оны аттағандар да өздерін Құдай жолында жүргендер санай ма?


Қысқасы, ұл-қызының денсаулығы мықты болуына, олардың түрлі кеселге шалдықпауына ата-анасы жауап береді. Қоғамның талабы да сол. Әр перзент өз елінің азаматы екендігін ескерсек, оның амандығы мемлекетке де керек.

ТҮЙІН

Қорыта айтқанда, қазір арқаны кеңге салатын уақыт емес. Жағдай былтырғыдан да қиын болатын тәрізді. Оның үстіне, қатерлі дерттің жаңа түрлері пайда болуда. COVID-19 өз алдына, енді мұнымен де күресетін кез келді. Осы орайда тың тәсілдер қайда? Нендей тәжірибеге иек артамыз? Ғалымдар жағымды жаңалықпен қуантқанша, өзіміз де тірлік жасамаймыз ба? Ал, біздің үлесіміз – желөкпелердің жел сөзіне ермей, уақытында ем алу. Ендеше, профилактикалық шара ретінде вакцинадан өзге тәсіл көрініп тұрған жоқ. Айттық қой, екпе салған атыраулықтардың арасында ауруға шалдыққандарын естімедік. Ендеше, бұл оң нәтиже ғой.


Қысқасы, ел ертеңі – екпеде. Қазір соған селқостық танытып жүргендер – әлі басына нақты ауыртпалық түспегендер. Мейлі, жамандық болмай-ақ қойсын, бірақ басқаларды шатастырмау керек. Әйтпесе, аурухана төсегіне таңылып, коронавирустан емделіп шыққандардың сөзіне сенсек, адам айтқысыз сынақтан өткенін аңғару қиын емес. Атырауда екпе алатын орындар да белгілі. Бір қуаныштысы,соның табалдырығын аттаушылар саны артып келе жатқандығы. Ендеше, сіз де солардың сапынан табылыңыз, қадірлі оқырман.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости