Үкімет басшысының айтуынша, бүгінгі таңда жылжымалы құрам мен магистральдық желілердің тозу деңгейі шамамен 60%-ға жетіп отыр. Мұның бәрі пойыздардың жүрісі мен теміржолдың өткізу қабілетіне кедергі келтіруде.
"Шекарада жүктердің рәсімделуіне қатысты проблемалар бар, бұл транзит, экспорт және импорт көлеміне әсер етеді. Сондықтан, бизнес үшін құжаттарды барынша жылдам қарап, дайындап беретін "бір терезе" жүйесін құру қажет. Барлық қызметтер жедел әрі бір мезетте, яғни синхронды түрде жұмыс істеуі тиіс".
Оның айтуынша, тұрғындар тарапынан ҚТЖ қызметіне қатысты көптеген шағымдар келіп түсуде. Бұл пойыздың үнемі кешігіп келуіне, сервистің нашарлығына, ескірген вагондарға қатысты. Ал, бизнес болса вагондардың уақытында берілмеуін, ұзыннан-ұзақ келісу рәсімдерін айтып, шағымдануда. Осының барлығы бүкіл экономиканың дамуына кері әсер етеді.
Үкімет басшысы Теміржол саласында машина жасау, рельс өнімдеріне және түрлі жабдықтарға деген сұраныс үнемі жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар отандық өндірушілер бұл сұранысты қанағаттандыра алмай келеді, дегенмен республикада қызметі теміржолмен байланысты көптеген маңызды кәсіпорындар бар.
Премьер-Министр Көлік, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне, Шекара қызметіне, «Қазақстан темір жолына» және «Самұрық-Қазына» қорына жыл соңына дейін жүктерді рәсімдеуді оңайлату мәселесін пысықтауды тапсырды.