Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз конференциясында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров осылай деді. Оның айтуынша, заңда қазақстандықтарға электронды форматта және жазбаша түрде де петиция беру мүмкіндіктері қарастырылған.
«Әкімшілік-рәсімдік кодексте петиция беру және қараудың рәсімдері жеке қосымшамен реттелетін болады. Республикалық басқару нысанын, әкімшілік-аумақтық құрылымы және шекараларды өзгерту, сот төрелігі, рақымшылық, Ұлттық қауіпсіздік және басқа мәселелер бойынша петициялар беруге мүмкіндік болмайды», - деп нақтылады спикер.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі петицияларды қарау тәртібіне де тоқталып өтті.
«Петицияны аудандық жерде қарастыру үшін 2,5 мың адамның қолдауы керек болады, ал Үкімет қарайтын болса, ол жерде 50 мыңнан аса қолдаушылары болуы керек. Және де петицияны қарау барысында мемлекеттік орган бірқатар іс-шаралар жүргізеді, жұмыс топтарын құрады. Қоғамдық талқылау жасайды. Халықаралық тәжірибені зерделейді. Содан кейін шешім шығарады», - деді Данияр Қадыров.
Осы ретте ол петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана бере алатынын жеткізді. Ал қажет қолдау көлемін жинай алмаған петициялар назарсыз қалмайтынын хабарлады.
«Шекті мәнге жетпеген петициялар үндеу ретінде қарастырылып, әкімшілік-рәсімдік кодекс бойынша олар да қаралатын болады», - деп қорытындылады өз сөзін Мәдениет және ақпарат вице-министрі.
2023 жылдың 2 қазанында «Қоғамдық бақылау туралы» Заңға және петицияларды реттейтін ілеспе заңға қол қойылды. Заң қол қойылғаннан кейін 6 айдан кейін күшіне енеді, бұл – 2024 жылдың 4 сәуірі.
«Бұл жерде алғаш рет заңмен «қоғамдық бақылау», қоғамдық бақылаудың «субъектілері» және «объектілері», «қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезіндегі мүдделер қайшылығы» ұғымдары берілгенін атап өту қажет. «Қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжат», «қоғамдық бақылау тобы» ұғымдары, сондай-ақ «дәлелді жауап» ұғымы берілген. Заңда қоғамдық бақылаудың мақсаттары мен міндеттері айқындалып, оның принциптері ретінде «заңдылық», «жариялылық», «ашықтық», «ерікті қатысу» және «қоғамдық бақылау субъектілерінің тәуелсіздігі» деп көрсетілген», - деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ заңда қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттары айқындалған. Сонымен қатар, петициялар институты реттеу ілеспе заңда қарастырылған. Бұл заңмен реттелетін алғашқы құрал.
«Бұл жағдайда заңда өтініш берудің шекті мәндері, өтініш беру процесінің өзі, уәкілетті органның іс-әрекеті айқындалған. Қарау мерзімдері анықталды, сондай-ақ «Е – Өтініш» ақпараттық жүйесінде қандай мәселелер мен ұсыныстарды қарауға болмайтыны туралы түсінік беріледі», - деп түйіндеді өз сөзін МАМ өкілі.