Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер стандарттарын қайта қарау және жан басына шаққандағы норматив енгізу туралы хабардар етті.
«Медициналық-әлеуметтік мекемелер қызметінің тетігі өзгереді, соның ішінде жан басына шаққандағы нормативтер енгізіледі, ал компенсаторлық техникалық құралдар шектеулі бағалар түрінде жіктелетін болады» деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.
Сонымен қатар Әлеуметтік кодекс арқылы әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесі бекітілді.
Еңбек министрлігінің хабарлауынша, біліктілігі тәуелсіз бағалаумен расталған сертификатталған мамандар ғана әлеуметтік жұмыспен айналыса алады. Әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігі, көрсететін қызметтерінің түрі мен сапасы туралы толық ақпарат қамтылған тізілімі жасалады. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтерінің біліктілік деңгейін, санаты мен ерекшелігін ескере отырып, әлеуметтік қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесі қайта қаралады.