Бұл туралы Polisia.kz жазады. Музейдің ашылу салтанатына ішкі істер органдарының ардагерлері, сондай-ақ бүгінгі күні ел қауіпсіздігі жолында қызмет етіп жүрген жас полиция қызметкерлерінің ата-аналары қатысты. Салтанатты жиында олар тарихтың әр парағына айналған тың деректермен, фотосуреттермен, арнайы құралдармен және қызмет барысында қолданылған жәдігерлермен танысты. Экспозицияларды музей меңгерушісі Гүлназира Мұхтарова таныстырды. Ол қонақтарға сала ардагерлерінің жүрек түкпірінен шыққан естеліктерін жеткізіп, музейдің мазмұны мен маңызын кеңінен әңгімелеп берді. Жаңа музей – ішкі істер органдарының қалыптасу кезеңдері мен жеткен жетістіктерін бейнелейтін бірегей кеңістік. Мұндағы әрбір жәдігер – тәртіп пен тыныштықтың күзетінде жүрген жандардың ерлігін әйгілейтін құнды мұра. Сонымен қатар бұл рухани орда жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, елге адал қызмет етуге шабыттандырады. Қос мереке қарсаңында ашылған бұл музей – өткенге тағзым, ерлікке тағылым, келешекке аманат.