Атырау қаласы полиция басқармасы Жергілікті полиция қызмет бөлімі Ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты екі жылдың ішінде көптің көзайымына айналып үлгерді.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, Диана 2001 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. №24 орта мектепте білім алып, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе Заң институтының заңгер мамандығын меңгерген. 2022 жылдан бастап иығына шен тағып, алғаш еңбек өтілін учаскелік полиция инспекторының көмекшісі қызметінен бастайды. Аз уақытта көп жетістікпен қуантып, «Полицияға 30 жыл» медалі, Ішкі істер министрінің Алғыс хаты және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.
Бір қызығы, ол спортта да жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Атап айтқанда, кикбоксинг және қоян-қолтық ұрысымен шұғылданады. Бүгінде қоян-қолтық ұрысынан жастар арасында Қазақстан чемпионы, әйелдер арасынан Қазақстан финалисті және Әлем финалисті, қоян-қолтық ұрысынан әйелдер арасында Әлем чемпионы, ІІМ чемпионатының жеңімпазы, Қазақстан кубогының чемпионы және Әлем кубогының финалисті мен спорт шебері болып табылады.
«Ата-анам маған әділдік пен еңбектің қадір-қасиетін үйретті. Жеңіс пен жеңілісте де бірдей қолдап, қуаныш пен қайғымды бөлісе білген – осы адамдар. Оларға алғысым шексіз» дейді Диана Сәрсенбайқызы.