Бір қызығы, бұл стақандарды қолданып болған соң жеп қоюға болады екен. Халықаралық «Miniboss» бизнес-мектебінің шәкірттері әлемдік «Startup World Cup 2023» байқауында ел намысын абыроймен қорғап қайтты. Сайысқа 15 мемлекеттен 50 команда бақ сынаған. «Әлеуметтік жобалар» санаты бойынша қатысқан отандастарымыз қазылар алқасына «Пайдалы стақандар» жобасын ұсыныпты. Осылайша, олар мұндай стакандар пластикалық ыдыстардан он есе артық екенін дәлелдеген. Өйткені, пластиктен табиғатқа келетін залал ұшан-теңіз екені айтпаса да түсінікті.
«Кәсіпкерлік тек табыс табу емес. Бұл – қоғамға пайда әкелу деп түсінген жөн. Сондықтан бала кезден кәсіпкерлік негіздерін үйрете берген артық етпейді. Бизнесті жан-жақты түсінетін адам қоғамның дамуына да үлкен үлес қоса алады. Мәселен, әлемдік жарыста біздің балалар ұсынған «Пайдалы стақандар» жобасы сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның ғаламдық мән-маңызы зор екенін қазылар алқасының өзі мойындап отыр» дейді Қазақстандағы халықаралық «Miniboss» бизнес-мектебінің құрылтайшысы Лилиана Ким.