RSS лента

Қазақстандағы қымбатшылыққа ресейліктер кінәлі ме? (жолжазба)

  • 13.10.2022, 05:27,
  • 425
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Ресейдегі әскери жұмылдыру Қазақстандағы қымбатшылыққа әкелді. Бұған арнайы жолсапарға аттанған Turantimes.kz тілшісінің жолжазбасы куә.

КҮНІНЕ ҚЫРЫҚ ҚҰБЫЛҒАН ҚАЗІРГІ ЗАМАНДА ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІКТІҢ «АЛТЫН КӨПІРІ» САНАЛАТЫН ЖУРНАЛИСТЕР ҚАУЫМЫ ҮШІН ӨЗ ҚҰҚЫН БІЛУ АСА ҚАЖЕТ. ОСЫ МАҚСАТТА АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ӘДІЛ СӨЗ» ҰЙЫМЫ СЕМИНАРТРЕНИНГ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ЕДІ. ОҒАН БІЗ ДЕ АРНАЙЫ ШАҚЫРЫЛҒАНБЫЗ. БҰЛ ЖОЛСАПАР АЯҚТАЛЫСЫМЕН-АҚ ЖОЛЖАЗБА ЖАЗУҒА ТҮРТКІ БОЛДЫ...

 

Бір күндік шара болған соң шығар, ұйымдастырушылар қатысушыларды ұшақпен алғызуды жөн көріпті. Сөйтіп, 27 қыркүйекке жоспарланған семинарға еш кідіріссіз жеттік. Алатау баурайындағы әуежайдан күтіп алған такси жүргізушісіне дейін өте сыпайы, әрі геосаяси жағдайдан да нақты хабары бар екенін әңгімесінен аңғартты.

 

– Алпауыт компаниялар орналасқан Атырауда жұмыссыздық деген атымен жоқ шығар. Қателеспесем, ел бойынша ең жоғары жалақы жарты миллион теңге сіздің өңірде тіркелді емес пе? Алматыда да жұмыс қайнап жатыр. Тұрақты жұмыс табылмағанның өзінде, жастар ұялы телефон мен түрлі электроникалық тауарларды саудалап, табыс тауып жүр. Мен секілді такси жүргізушілері де қала ішінде 4-5 мың теңгеден төменге тасымайды, - деді ол.

 

«Расында да, атыраулықтар жарты миллион теңге табыс таба ма екен?!» деп біз аңтарылып қалдық. Айтылған сома естіген құлаққа жағымды болғанмен, Атыраудағы нақты тұрмыстан әлдеқайда қашық мәліметке иланған такси жүргізушісін аяп кеттік..

 

Алматыдағы тренинг ойымыздан шықты, көп нәрсені үйрендік. «Бұл бүгінде дүние жүзін жайлаған ақпараттық кикілжің жағдайында қажет болар» деген сеніммен ат басын үйге қарай бұрдық.

 

Қызықтың көкесі Алматы әуежайына келгенде басталды... «Алматы–Атырау» бағытындағы әуе рейсі бір сағатқа кешікті. Соның кесірінен әуежайда екі сағат күтіп отыруға тура келді. Себебін сұрастырып едік, «ғаламтор желісінде ақау болды» деп түсіндірді. Өйтпегенде ше?! Қазір ғаламторға көп салмақ түсіп отыр. Өйткені, Ресейдегі әскери жұмылдырудың әсерінен елімізге келіп жатқан көршілеріміз де ұшақ билетіне интернет арқылы тапсырыс беріп жатыр. Әуежайдағы арнайы мамандар жолаушыларды белдіктен бастап, ауыр сөмкелеріне дейін жіті тексеруден өткізіп тұр. У-шу, азан-қазан тірлік. «Әр күнін осында өткізетін қызметкерлер бұған қалай шыдайды екен?» деп таңғалыстық. Өйткені, бір сағат ішінде біздің басымыз ауырып, берекеміз қашты. Тексеру демекші, жолаушылардың көрсетіп жатқан төлқұжаттарына қарап, олардың дені ресейліктер екенін аңғардық. «Басқа түссе, баспақшыл» демекші, көпшілігі «Сәлеметсіз бе?» деп қазақша амандасып, сызылып қалыпты. Сөйтіп жүргенде, ұшаққа отырғызу да басталып кетті...

 

Үш сағатта туған топыраққа да табан тигіздік. Әуежайдан шыққанымыз сол еді, алдымыздан қарсы алған такси жүргізушілері бізді қаумалап алды.

 

«Балықшы дейтін жер бар көрінеді, соған дейін қаншаға апарасыз?» дедік әдейі, өзге өңірден келгендей сызылып.

 

– Брат, бес мың теңгеге жеткізіп тастайын, - дегені...

 

– Бұл тым қымбат емес пе? - дедік таңданысымызды жасыра алмай.

 

– Онда арзанын табыңыз!.. - деген жауап алдық.

 

Ақыры, Атыраудың тұрғыны екенімізді айттық. Сонда барып, әлгі көктегіні сұрап тұрған таксист күмілжіп, жолақыны 3 мың теңгеге түсірді. Біз онымен қош айтысып, онлайн «яндекс-такси» қызметіне жүгініп, небәрі 1000 теңгемен үйімізге жеттік.

 

Келесі күні жергілікті теміржол бекетіндегі жағдайды анықтамақ болып, таңғы сағат жетінің шамасында «Астрахан-Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызын күтіп алдық. Байқасақ, келушілердің қатарында әскерге шақырылатын жастағы азаматтар да жеткілікті екен. Сөзге тартып көргенбіз, көпшілігі келу себебін нақты айта алмай күмілжи берді. Мәселен, Николай есімді жігіт Атырау арқылы Астанаға бара жатқанын айтты.

 

– Жұмыс бабымен Астанаға баруым керек болды. Ал, жеке өзіме әскери комиссариаттан шақыру келе қойған жоқ. Егер шақырып жатса қайта баратын болармын. Әзірге Қазақстанда боламын, - дейді ол.

 

Біз тілдескіміз келген жас жігіттер әңгімелесуден бас тартты. Көбісі бейнекамераға түсірмеуді өтінді. Сондықтан, тек қысқа тілдесіп үлгердік. Грозный қаласынан келе жатқан бір жігіт Ресейдегі ахуал тұрақты, шекарадағы жағдай да бірқалыпты екенін айтты.

 

– Алаңдайтындай ештеңе жоқ деп ойлаймын. Шекара бекетінде де бізді көп ұстамады, күнделікті тексеру. Әрі, мен тұратын Шешенстанда әскерге шақыру жүріп жатқан жоқ. Себебі, онда бұл жоспар бұған дейін де артығымен орындалып қойған, - деді ол.

 

Айта кетейік, бүгінде елімізге кіріп жатқан көлік нөпірі 20 пайызға артқан. Қазақстанға биыл 4,3 миллион шетелдік және 1,66 миллион ресейлік келгені белгілі болып отыр. Олардың көпшілігі Отанына оралған. Қазір елімізде 20 мың Ресей азаматы жүр. Пойыздан түскендердің ішінде астрахандық қазақтар да бар. Тарихи отанына оралып жатқан олардың бірі әскери жұмылдыруды қолдамайтынын айтып қалды. Оның айтуынша, Ресейдегі қазақтардың 20 пайызы Астраханда тұрады екен. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерде шаруашылықпен айналысады. Сондықтан, олар тек полиция немесе әскери қызмет саласында жұмыс жасауға мәжбүр. Басқалай жолы жоқ көрінеді.

 

– Украинадағы арнайы операцияға тартылғандар қатарында астрахандық қазақтардың үлесі басым. Себебі, олардың көпшілігі ауылда тұрады. Яғни, қаладағыдай жұмыс жоқ. Сосын әскерге бармағанда қайтеді?! Әрі, әскери билеті болса, оқу да тегін, жұмыс та дайын. Маған да әскери қызмет ұсынғандар болды. Жалақысы жоғары болса да, бас тарттым. Өзімнің атаанам Атырауда тұрады. Алдағы уақытта Қазақстан азаматтығын алуды жоспарлап отырмын, - деді атын атамауды өтінген жігіт.

 

Айтпақшы, бұл пойызды тағатсыздана күткен такси жүргізушілері жолақы құнын екі емес, үштөрт есеге өсіріп жіберді. Тіпті, қаланың ішіне 1000 рубль, яғни, 8000 теңге сұрағандары да болды. Әрине, қай нәрсенің де өз бәсі мен рет-жөні болады. Алайда, «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген атадан қалған сөз бар еді ғой. Сонда бағаны кім бақылайды?!

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости