Ұзақ емнен кейін жас жігіт толық сауығып, сүйіктісімен отбасын құрды. Бұл туралы AtyrauPress тілшісі хабарлады. Райымбектің айтуынша, аурудың алғашқы белгілері студенттік кезеңде, музыкалық байқауға дайындалып жүрген кезде байқалған. Үздіксіз уайым мен күйзеліс оның денсаулығына кері әсер етіп, көп ұзамай дәрігерлер оған ауыр диагноз қойған.
Уақыт өте келе дерт асқынып, шап аймағынан кеуде тұсына дейін таралған. Кейін жас жігіт Оңтүстік Кореяда мамандардың бақылауымен ем қабылдады. Ұзақ терапия мен табанды күрестің арқасында ол қатерлі ісікті жеңіп шықты.
Бұл оқиға Райымбектің жұбайы Threads әлеуметтік желісінде бөліскеннен кейін кеңінен тарады.
Оның айтуынша, «Я влюблён в тебя» фильмі жұпқа ерекше әсер қалдырған, өйткені олардың тағдырлары ұқсас болған. Райымбектің Сеулде ем алып жүргенін және өзін жалғыз сезінетінін білген бойжеткен оған баруға шешім қабылдайды.
«Біз ол қатерлі ісікпен күресіп жүрген кезде таныстық. Ол Сеулде емделіп жатқанын және өзін жалғыз сезінетінін айтты. Мен бірден оған баруды ұйғардым. Осылайша бір-бірімізді сүйіп қалдық. Оны қолдау үшін: егер жазылып шықса, тұрмысқа шығамын деп уәде бердім. Екеуміз де уәдемізде тұрдық», — деп жазды ол.
Қиын кезеңді бірге өткерген жұптың қарым-қатынасы одан әрі нығая түсті. Биыл қыста олар Доссор кентінде үйлену тойын өткізіп, өмірлерінің жаңа кезеңін бастады.
Райымбек Даулбаевтың оқиғасы – тек ауыр дертті жеңудің ғана емес, махаббаттың, үміт пен сенімнің күшін дәлелдейтін жарқын мысал.

