Бақыт Байжанов 1916 жылы сол кездегі Гурьев облысының Сарайшық ауылында дүниеге келген. Ал, 1940 жылы 24 жасында әскер қатарына шақырылды. Соғыс басталған кезде тұтқынға түседі, алайда рухы сынбай, тура лагерьдің өзінде жаумен жасырын түрде күресе бастайды. 1942 жылдың жазында ол тұтқындар арасында жауға қарсылық көрсету бағытында үнпарақтар таратады. Кейін Дүсіп Ораловпен бірге ауқымды қашу операциясын ұйымдастырады.
Ақыры, 1942 жылдың желтоқсанында жоспар жүзеге асады: 108 кеңестік тұтқын күзетті бұзып өтіп, шамамен 30 неміс жауынгерінің көзін жояды. 64 жауынгер Қызыл армия қатарына қайта қосылады, жетеуі жауынгерлік наградалармен марапатталады. Ал, Бақыт Байжанов қашуға бірнеше күн қалғанда тұтқындалып, операцияға қатыса алмай қалады. Тергеу кезінде ол жолдастарын сатудан бас тартқаны үшін ату жазасына кесіледі.
Байжановтың ерлігі ұзақ жылдар бойы айтылмай келді: сталиндік кезеңде тұтқынға түскендердің барлығын анық-қанығын сұрамастан, сатқын ретінде қарастырған. Тек Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана құжаттар қайта қаралып, көптеген жауынгердің адал есімдері ақтала бастады.
«Халық жады» порталында («Память народа») Қызыл армия жауынгері Бақыт Байжанов туралы жеке мәліметтер (анкета) бар. Онда 1942 жылдың қыркүйегінен бастап онымен жазбаша байланыстың үзілгені көрсетілген. 1946–1947 жылдары Бақыт Байжановтың туыстары әскери комиссариатқа жүгініп, оны іздеген, алайда бұл еш нәтиже бермеген.
Дереккөз: pamyat-naroda.ru
2025 жылы ҰҚК-нің Арнайы мемлекеттік мұрағатынан Бақыт Байжановтың ерлігін растайтын материалдар табылды. Қазіргі уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивтік және іздестіру жұмыстарын жалғастырып, Ресей мен Германияға тиісті сұраныстар жолдауда.
Сондай-ақ, ҰҚК Бақыт Байжанов немесе сол оқиғаларға қатысқан басқа да адамдар туралы деректері бар азаматтардан келесі телефон нөмірлеріне хабарласуды сұрайды: 8-7172-76-14-09, 8-7172-76-14-10.