Астанадағы далалық лагерьде 200-ден астам тұрғын үй шатыры, шаруашылық тірек және тұрмыстық қызмет көрсету пункттері, далалық монша кешендері, далалық госпиталь орнатылған. Сонымен қатар, көлік паркі және техникаға арналған жөндеу-қалпына келтіру пункттері бар. Сарбаздар күн сайын машықтанып, өз шеберлігін шыңдауда. Ауқымды шараға дайындық барысымен таныстыру үшін далалық лагерьге пресс-тур ұйымдастырылды.
Әскери шеруге 4 мыңнан астам адам қатысады, оның ішінде 200-ге жуық әйел әскери қызметші бар. Сондай-ақ, 300-ге жуық әскери техника мен авиация жұмылдырылады.
Парадқа қатысушылардың көбі елордаға келіп, қарқынды жаттығуларға кірісті.
Әскери парадқа дайындық темірдей тәртіпті және жоғары жауапкершілікті талап етеді.
Әскери парадта қазіргі заманғы және тарихи кезеңдегі әскери техникалар мен авиация үлгілері көрсетіледі. Олардың ішінде «Арлан», «Cobra» сауытты дөңгелекті машиналары, «Стрела-10», «ТОР» және «БУК» зениттік зымыран кешендері, БТР-82А, «Алмаз» және «Агат» мобильді кешендері, «TEODor» роботехникалық кешені, есептеу-талдау станциясы, «EVO» Max 4T», «Skylark» ұшқышсыз ұшу аппараттары бар.
Жеңіс парадына дайындық — отандық армияның қуатын ғана паш етпейді, ол біздің өткенімізге деген терең құрметіміздің белгісі. Әрбір бесінші қазақстандық майданға аттанып, әрбір екінші қазақстандық соғыстан оралған жоқ. 10 оқтың тоғызы қазақстандық қорғасыннан құйылды. Майданға 1,5 мың вагон киім-кешек, азық-түлік жіберілді. Бұл – тарих, ол мәңгі жадымызда.