Министрліктің мәліметінше, алғаш рет БҰҰ Қазақстанға бітімгерлік миссияны өз бетінше жіберуге және орындауға мандат берді. Қазақстандық контингенттің құрамында 139 әскери қызметші бар. Біздің бітімгерлер БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес қарсылас тараптар арасында атысты тоқтату режимін сақтау міндеттерін орындайтын болады.
Миссияны орындау үшін қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ-ның талаптары мен стандарттарына сәйкес мұқият іріктеуден және даярлықтан өтті. Кешенді 6 айлық дайындық Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында ұйымдастырылды. Әскери қызметшілерді оқытуға бітімгерлік операциялар, минадан тазарту және әскери медицина орталықтарының нұсқаушылар құрамы қатысты.
Әскери қызметшілер ағылшын тілін, күш қолдану ережелерін, халықаралық және гуманитарлық құқық нормаларын оқыды. Бітімгерлік базаны қорғау, тосқауыл бекеттерін ұйымдастыру, патрульдеу, жарылғыш құрылғыларды залалсыздандыру, көмек көрсету және эвакуациялау бойынша міндеттер іс жүзінде пысықталды.
ҚР Қорғаныс министрлігі миссияны БҰҰ-ның стандарттарына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерімен жан-жақты қамтамасыз ету жөнінде ауқымды іс-шаралар кешенін жүзеге асырды.
Миссиядан өту кезінде бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілеріне ай сайынғы жалақысы 3 есе төленетін болады. Бұдан өзге, БҰҰ бюджетінен олар ай сайын 1448 доллардан аса қаражат алатын болады. Миссияда қызмет аяқталғаннан кейін әскери қызметшілер шипажайларда емделе алады және негізгі демалысқа жыл сайын қосымша 14 тәулік қосылады.
16 жыл ішінде 600-ден астам қазақстандық әскери қызметші БҰҰ-ның Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі жеті бітімгерлік миссиясына қатысты. Қазір 19 қазақстандық әскери қызметші БҰҰ-ның Ливан Республикасындағы, Батыс Сахарадағы, Конго Демократиялық Республикасындағы және Орталық Африка Республикасындағы бітімгерлік миссияларының құрамында қызмет етіп жүргенін айта кетелік.