Бүгінгі таңда елімізде 1,6 млн азаматтың жұмысқа рұқсат туралы белгісі бар жеке медициналық кітапшалары бар. Бұл жайлы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов ОКҚ брифингінде хабарлады. Оның айтуынша, электрондық форматты енгізе отырып, жеке медициналық кітапшаларды бірден бірнеше ұйымда ұсынуға болады, бұл азаматтардың қаражатын үнемдейді. Сондай-ақ 1-шілдеден бастап Қазақстанда 68 млн астам дәрі-дәрмек қаптамасы таңбаланған. Оның ішінде 39 млн астам қаптама препараттардың үлесіне тиесілі, 29 млн астамы – отандық өндіріс, қазір айналымда 28,5 млн дәрілік қаптама бар.
«Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасын табады. Бүгінгі таңда 1800-ге жуық медициналық ұйым цифрлық интеграциясын жасап, таңбалау арқылы қызметтерін көрсетіп жатыр. 3100-ден астам жеке дәріхана қызмет көрсетіп жатыр», – деді спикер.
Бүгінгі таңда медицина қызметкерлері Egov Mobile қосымшасының «Әлеуметтік әмиян» бөліміндегі QR-код арқылы пациенттерге 470 мың рецепт негізінде тегін дәрілік заттар берді. Осы сервис арқылы препараттарды электрондық беру жөніндегі пилоттық жобаға 700-ден астам медициналық ұйым қатысады. Жыл соңына дейін бұл жоба тегін амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде препараттар алатын барлық адамды қамти отырып, бүкіл республика бойынша масштабталатын болады.