Бұл жайлы ҚР қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында хабарлады. Оның айтуынша, көрсетілетін қызметтердің 99%-ы электрондық форматқа ауыстырылды. Бұл қызметтерді салық төлеушінің кабинеті, «Электрондық үкімет» порталы, Е-лицензиялау, мемлекеттік органдар мен банктердің мобильді қосымшалары арқылы алуға болады. Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстырудың арқасында еңбек ресурстары оңтайландырылды, қағаз құжат айналымы, көрсетілетін қызметті алушылардың уақыты және қаржылық шығындары қысқарды, тікелей байланыстар азайтылды және нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азайды.
«Электрондық қызметтерді дамытудың шеңберінде қазіргі таңда қаржы институттармен өте жақсы қарым-қатынас орнатылған. Айта кететін болсақ, Kaspi, Halyk bank, Bank Center Credit банкі арқылы қазіргі таңда 39 салық есептілігін тапсыруға болады. Басқа да цифрлық платформалар арқылы да осы қызмет түрлері іске асырылып жатыр», – деді спикер.
Бүгінгі таңда ең танымал цифрлық платформалардың бірі – E-salyq. Мобильді қосымшада тіркелу салық органына бармай-ақ, онлайн режимінде жүзеге асырылады. 2020 жылдан бастап жеке тұлғалардың салықтарды төлеуіне ыңғайлы «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы іске қосылған. Оны пайдаланушылар саны 4,5 миллионға жетті.
«Қазіргі таңда жалпыға бірдей деларациялау шеңберінде кіріс декларациясы, декларацияның басқа да түрлерін толтыру осы қосымша арқылы іске асырылады. Уақыт шеңбері 2 минуттан аспайды. Жеңіл, тез, қосымша ақпарат берілген. Тек осы қосымша арқылы пайдаланушылар 3 миллион декларацияны электрондық түрде тапсырды», – деді ведомство өкілі.
Екінші қосымша – Е-Salyq-Business. Жеке кәсіпкерлер қызметтің 33 түрі бойынша осы қосымша арқылы салық мөлшерін біліп, такси, курьер, жылжымайтын мүлікті жалға беру жөніндегі қызмет, құрылыс жұмыстары, техниканы жөндеу, шаштараз сынды қызметін іске асыра алады. Қазіргі таңда оны пайдаланушылар саны 312 мыңды құрайды. Мұнда дара кәсіпкер ретінде тіркелуге болады. Қосымша бақылау-касса машинасының чектеріне тең келетін чектерді береді. Сондай-ақ алынған кірістерді автоматты түрде есепке алуды жүргізу және фискалдық деректер операторларының қызметтеріне ақы төлеуге болады.
Мемлекеттік кірістер органдары 2023 жылдың наурыз айынан бастап соттан тыс банкроттықты қолдануға 80 мың азаматтан өтініш қабылдады. 16,5 миллиард теңгеден астам қарыз бойынша 9 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды.
Спикердің хабарлауынша, мемлекеттік кірістер органдары бұл процестерді автоматтандырды. Тексеру процестері басқа мемлекеттік органдармен, екінші деңгейлі банктермен, қаржы ұйымдарымен онлайн түрде жүргізіледі.
«Қандай да бір субъективті факторлар жоқ. Барлығы автоматтандырылған. Соның арқасында осы 80 мыңға жуық өтініш беруші тек қана салық органдарына жүгініп, өздерінің осы процеске қатысуына мүмкіншілік алып отыр. Егер бұл процесс автоматтандырылмаған болса, барлық мекемелерге барып, анықтама жинап, содан кейін ғана осы процеске қатысуына болар еді. Сондықтан осы цифрлық шешімдер осы процесті жеңілдетуге қолғабыс болып отыр. Дегенмен де, қазіргі таңда біз осы жеке тұлғалардың банкроттығы заңнамасын жетілдіру аясында жаңа нормалар енгізетін боламыз. Процес одан әрі жеңілдетіледі»,- деді спикер.
Тағы бір жаңашылдық – POS-терминалдар мен бақылау кассалық машиналарын біріктіру бойынша пилоттық жоба. Оның мақсаты фискалдық деректер операторының қызметтері үшін кәсіпкерлердің шығыстарын оңтайландыру, сатып алушыда бір чек, кәсіпкерде бір аппарат болуын қамтамасыз ету болып табылады. Жобаға қатысушылардың саны 31 мыңнан асты. Жалпы сомасы 510 миллиард теңгеден астам 23 миллион чек алынды. Жобаның арқасында жеке кәсіпкерлер 500 миллион теңге шамасында қаражат үнемдеді.