Қазақстанда эпидемиологиялық маусым басталғалы бері (2022 жылғы 1 қазаннан бастап) ЖРВИ-дың 2,2 млн жағдайы және тұмаудың зертханалық расталған 2300 жағдайы тіркелді, оның ішінде В тұмауы – 2002, А (H3N2) тұмауы – 14, А(H1N1) – 300 жуық. Ауырғандардың 65%-ы 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында осындай мәліметтерді атап өтті.
ЖРВИ және тұмау маусымы жыл сайын қазан-сәуір айларында өтеді, ағымдағы эпидемиологиялық маусым тұмау вирусының айналымының ерте басталуымен сипатталды
«Өткен жылдың осыған сәйкес кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ-мен сырқаттанушылық 10%-ға өсті. Қазан-қараша айларында республика бойынша тұмауға қарсы вакцинация өткізілді. Бүгінгі күні 2,4 млн адам егілді. Оның ішінде 500 мыңнан астамы балалар. Сондай-ақ респираторлық вирустық инфекциялардың ішінде риновирустық, РС вирустық және аденовирустық инфекциялар басым, олар оң үлгілердің 30%-на дейін тіркелуде. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарында фильтр кабинеттерінің жұмысы қамтамасыз етілген, санитариялық-дезинфекциялық және эпидемиологиялық режим сақталады, штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Науқастардың 90%-ы амбулаториялық деңгейде емделуде. Республикада медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 5695 объекті жұмыс істейді», - деді вице-министр.
ЖРВИ-мен ауыратын және КВИ-ға күдікті пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін МСАК ұйымдарында 2300 мобильді бригада жұмыс істейді, оның ішінде ауылда – 1000 астам, резервте – 1500 астам. Сондай-ақ 740 Call-орталық құрылды, 2700 фильтр кабинеті орналастырылды. Шұғыл медициналық көмек көрсету үшін 1500 жедел медициналық жәрдем бригадасы бар.