WhatsApp-та тараған аудио хабарламада Қырғызстаннан құтыру ауруымен ауырған малдың еті Қазақстанға әкелінгенін айтады. Одан бәліш пісіріп, жол үстінде сатады екен. Ресми stopfake.kz мұның ескі фейк екенін мәлімдеді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі де бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
«2011 жылғы 19 қазанда ауыл шаруашылығы жануарларының аусыл ауруы бойынша енгізілген қолданыстағы шектеуге байланысты Қырғыз Республикасы аумағынан ауыл шаруашылығы жануарлары, сондай-ақ сиыр, қой және шошқа еті әкелінбейді. Егер етті контрабандалық жолмен тасымалдау әрекеті расталса, шекарада бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылданады», – делінген ведомство хабарламасында.
Дәл осындай аудио хабарлама танымал мессенджерде 2021 жылы таралған болатын.
Айта кетейік, Жамбыл облысында Қырғыз Республикасымен шекарада төрт ветеринариялық-бақылау бекеті жұмыс істейді: Қарасу, Қордай, Сыпатай Батыр және Айша-Бибі, онда ветеринариялық инспекторлар бақылауға жататын тауарларды әкелу, әкету және транзиттеу кезінде құжаттамалық, физикалық және зертханалық тексеру жүргізеді.