Бұл туралы stopfake.kz мәлім етті. Мессенджерлерде белгісіз адамдар ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың атынан жалған хабарламалар таратуда. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында хабарлады.
«ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мессенджерлердегі жалған аккаунттардан белгісіз адамдар ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың атынан қоңырау шалып, хабарлама жіберіп жатқанын жеткіземіз. Алаяқтар адамдарды әңгімеге тартуға тырысып, қолма-қол ақша алуды меңзейді. Бірінші кезекте алаяқтардың әрекеттері ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларына бағытталған. Егер сіз осындай жағдайға тап болсаңыз, хабарламаларға жауап бермеуіңізді, әңгімелеспеуді, сілтемелерге өтпеуіңізді және деректерді бермеуіңізді сұраймыз. Қоңыраулар және/немесе хаттар туралы ақпаратты жергілікті полиция бөліміне хабарлау қажет», – делінген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ, белгісіз біреулер WhatsApp және Telegram қосымшаларында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі басшылығының атынан түрлі мазмұндағы фейк хабарламалар таратуда.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мессенджерлерде соңғы күндері министрлік басшылығының атынан тараған әртүрлі мазмұндағы хабарламалар көбейгенін хабарлайды. Алаяқтардың айла-амалдары мен манипуляциясына бой алдырмауға және хабарлама авторының байланыс деректерін, сондай-ақ басқа да ақпаратты тексеріп отыруларыңызды сұраймыз», – деп ескертеді ведомствоның баспасөз қызметі.