Құжатта 2 бағыт бойынша түзетулер көзделген. Отбасыларға көмек ұйымдастыру, қиын жағдайдан шығару функциясы әлеуметтік басқармаға жүктелді. Себебі, бұған дейін әкімдіктерде бұл мәселеге жауапты басқарма болмады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі мәлім етті. Отбасылар мен зорлық-зомбылықты анықтау үшін жедел әрекет ету топтарының құрылуына байланысты түзетулер көзделген. Сондай-ақ әр ауданда Отбасын қолдау орталықтары ашылатын болады. ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева ОКҚ алаңында осылай деді.
Оның айтуынша, мұндай орталықтар психологиялық көмек көрсетеді. Олар 3 жыл бойы пилоттық негізде жұмыс істейді. Мамандар агрессорлармен психологиялық жұмыс жүргізеді, оларды үйден көшіру, балалар арасындағы зорлық-зомбылықты, суицидтік көңіл-күй мен буллингті анықтап, оларға арнайы көмек ұйымдастырады.
«Сонымен қатар осы Заңда жергілікті жерлердегі бала құқықтары жөніндегі уәкілдерге қатысты түзетулер көзделген. Осы институт бұрын заңмен реттелмеген. Және 111 телефонына қатысты нормалар көзделген. Екіншіден, Заңда жазаны біраз қатаңдату үшін түзету көзделген. Ұрып-соғуға және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге қатысты қылмыстық жауапкершілік көзделген. Орташа мен ауыр зиян келтіруге бас бостандығын шектеу деген жазаны алып тастадық. Себебі, ол нақты жаза емес, бұл жаза бойынша, адам үйде отырады», – деді спикер.
Балаларға қарсы зорлық-зомбылық үшін татуласу рәсімі алынып тасталды. Бұрын қылмыстардың 30%-ы татуласумен аяқталатын. Балаларға жыныстық сипатта тиісу деген жаңа бап енгізілді. Педофилияға тек өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген.