RSS лента

Ауа сапасы көңіл көншітпейді...

  • 27.05.2024, 10:16,
  • 281
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turantimes.kz

Республика бойынша атмосфералық ауаның жай-күйіне қатысты ҚР ЭТРМ экологиялық бақылау және реттеу комитеті төрағасының орынбасары Айдар Абдуалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Оның айтуынша, республика бойынша 2023 жылы ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі 2,5 млн тоннаны құрады. Өнеркәсіп салалары бөлінісінде электр энергетикасына 37%, тау-кен металлургия секторына - 30%, мұнай өндіруге - 20%, басқа салаларға - 13% келеді.

 

Республика қалаларында атмосфералық ауаның ластануының негізгі себептері жылу көздері - ЖЭО, қазандықтар, өнеркәсіп, ескірген кәріз-тазарту құрылыстары, автокөлік және жеке сектор болып табылады.

 

«Өндірістік объектілерден қоршаған ортаға шығарындыларды азайту мақсатында Министрлік ең ірі 50 өнеркәсіптік кәсіпорын үшін шығарындыларды 20%-ға төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті; өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша Жол карталары іс-шараларының орындалуын бақылауды жүзеге асыруда. Өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша 18 Жол картасы бекітілді. 532 іс-шараның 204-і орындалды», - деп атап өтті спикер.

 

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының Сергеевка қаласында кәріз желілері мен тазарту құралдарының құрылысы аяқталды, Арал қаласында қуаттылығы жылына 37 мың тонна ҚТҚ полигоны салынды, Ақмола облысының Аршалы ауданында жел электр станциясы іске қосылды, Түркістан облысында «Түркістан жылу» МКК қазандығы табиғи газға ауыстырылды, «Техникалық реттеу туралы» Заң қабылданды. Автожанармай құю станцияларында өткізілетін отын сапасын бақылау функцияларын уәкілетті органға беру көзделген.

 

Республика аумағындағы атмосфералық ауаның жай-күйіне 69 елді мекенінде мониторинг жүргізіледі. Оның нәтижелері бойынша 45 өнеркәсіптік қалалар мен мегаполистердің ішіндегі 8 қалада атмосфералық ауаның ластануы жоғары деңгейге жатқызылды. Олар – Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Өскемен және Шымкент.

 

Алматы қаласы бойынша 2023 жылы 1-санаттағы кәсіпорындардан атмосфералық ауаға шығарындылардың жалпы көлемі 38 мың тонна болды. Оның 98%-ы жылу энергетикасының үлесіне тиесілі, 1% - өнеркәсіп кәсіпорындарынын үлесі. Сол себебті, энергетикалық объектілерден шығарындыларды азайту үшін газ турбиналарын салу арқылы екінші және үшінші ЖЭО-ларды газға ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жалпы шығарындылардың көлемін 84%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.

 

«Бүгінгі таңда қала тұрғындары  99%-ға газбен қамтылған. 2027 жылға қарай қаланы 100% газбен жабдықтау жоспарланған. Сонымен қатар қаланың атмосфералық ауасының жай-күйіне Алматы облысының Іле, Қарасай және Талғар елді мекендері де әсер етеді. Облыстың 124 елді мекенінің 79%-ы ғана газдандырылған. Сондай-ақ қаланың атмосфералық ауасының жағдайына автокөлік құралдарының шығарындылары да әсер етеді», – деді спикер.

 

Атмосфералық ауаға жүктемені азайту үшін қала әкімдігі газбен жүретін 1150 автобус және 100 троллейбус сатып алды. Экологиялық отын түріндегі қоғамдық көліктің үлесі 53%-ды құрады. «Техникалық реттеу туралы» ҚР Заңың аясында, жанармай құю станциясындағы отынның сапасын бақылау күшейтілді. Алматы қаласы полиция департаментіне шығарындыларды тіркеу және деректерді беру үшін 19 экопост «Сергек» жүйесімен біріктірілді.

 

Астана қаласы бойынша атмосфералық ауаға нақты шығарындылар көлемі 2023 жылы 58,3 мың тонна болды. Оның ішінде 81% ЖылуЭнергетикаОрталығы мен қазандықтардың үлесі, 19%-ы өндірістік объектілерге келеді. 2023 жылы қалада ауаның кәріз құдығынан күкіртті сутегімен жоғары ластану жағдайлар тіркелді. Күкіртсутекті локализациялау үшін ағызу нүктесінде 4 деңгейлі көміртекті жүктеу сүзгісі және ауаны тазартуға арналған желдету камерасы орнатылған. Астана қаласының 2023-2024 жылдарға арналған қоршаған ортаны жақсартудың кешенді жоспарында күкіртті сутегімен ластануды болдырмау шаралары қарастырылған.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости