Экологиялық монииторинг нәтижесі бойынша 8 қалада атмосфералық ауаның ластануы жоғары деңгейге жатқызылған. Олар – Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш және Өскемен қалалары.
"Өткен аптада Атырау облысында бірқатар оқиға (экологиялық) болды. Қоршаған ортаның ластану себебінің бірі – Ақжайық табиғаи резерватындағы өрт. Екіншісі – Атырау мұнай өңдеу зауытындағы апат. Дәл сондай апат "KPI" өндірісінде де тіркелді. Атыраудың ауасын күкіртсутекпен ластап тұрған негізгі көздер – жұрт "Тухлая Балка" және "Квадрат" деп атап кеткен нысандар. Жел осы нысандарда буланған шығарындыларды қалаға жеткізген. Экология департаменті сынамалар алып, күкіртсутектің нормадан асып кеткенін анықтады" деді А.Абдуалиев.
Ол сонымен қоса экологиялық жағдайы алаңдатып отырған 8 қалаға қатысты қабылданатын шаралар туралы айтып берді.
Астана қаласы бойынша атмосфералық ауаның нақты шығарындыларының көлемі 2022 жылы 54 мың тоннаны құраған. Оның ішінде 89%-ы ЖЭО мен қазандықтардың үлесіне тиесілі болса, 11%-ы - өндіріс объектілерінің үлесінде. Спикер ластаушы заттардың шоғырлануы негізінен жылыту кезеңінде арта түсетінін айтты. Жол картасының іс-шараларын орындау шеңберінде қаладағы ЖЭО-1және ЖЭО-2 су жылыту қазандықтары табиғи газға ауыстырылған. Сонымен қатар жеке секторды газдандыру бойынша бірінші кезектегі жұмыстар орындалған.
Алматы қаласы бойынша 2022 жылы 1-санаттағы кәсіпорындар атмосфералық ауаға шығарындыларының жалпы көлемі 37 мың тоннаны құраған. Оның 97%-ы жылу энергетикасының үлесіне тиесілі, 3%-ы өнеркәсіп кәсіпорындарының үлесінде. Сол себепті, энергетика субъектілерінің шығарындыларын азайту үшін газ трубиналарын салу арқылы барлық жылу энергетика орталығын газға ауыстыру туралы шешім қабылданған. Бұл ЖЭО-2 шығарындыларын 93%-ға, ЖЭО-3 шығарындыларын 88%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, атмосфералық ауаны жақсарту мақсатында Алматы қаласының әкімдігі электр және газбен жүретін қоғамдық көлікті сатып ала бастады. Жанар жағармай құю станцияларының отын сапасын бақылаудың К-4 және К-5 экологиялық сыныптарына сәйкестігі күшейтілді. Ол үшін техникалық реттеу туралы ҚР заңы қабылданды. Сондай-ақ автокөліктерді техникалық байқау станцияларына қатысты тиісті заңнамаға түзетулер дайындалды. Қалаға кіру және шығу тұстарында «Сергек» жүйесінің 21 бекеті орнатылып, 19 экопост пайдалануға берілді. Шығарындыларды тіркеп, деректерді Алматы қалалық полиция департаментіне беру үшін «Сергек» жүйесімен кіріктіру жүзеге асырылды.
Сонымен қатар спикер Ақтөбе қаласындағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін жаңа кәріз тазарту құрылғылары жоспарланып отырғанын айтты. Ал Өскемен қаласында күкірт диоксиді шығарындыларын 2,2 мың тоннаға төмендету үшін «Қазмырыш» ЖШС Өскемен металлургия кешенінде күкіртті газды алдын ала тазарту бойынша 4 қосымша қондырғыны салады.