Оларды іске асыру жөніндегі шаралар туралы ОКҚ алаңында вице-министр Еділ Оспан айтып берді. Біріншіден, білім беру бағдарламаларына балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін әдеттерден қорғау тақырыптары енгізілді. Мәселен, «Биология» пәнінде адамның дамуы үшін темекі шегу мен есірткінің зияны тақырыбы оқытылады (7-9 сыныптар); «Салауатты өмір салты» компоненті «Дүниетану» (1-4 сыныптар) және «Жаратылыстану» (1-6 сыныптар) пәндерінің мазмұнына енгізілген.
«Екіншіден, білім беру ұйымдарының тәрбие жұмысының жоспарына полиция қызметкерлері мен медицина қызметкерлерінің қатысуымен білім алушылар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмысқа 90 мың маман, 8 мыңнан астам педагог-психолог және 4 мың әлеуметтік педагог тартылды. Үшіншіден, білім беру ұйымдарының тәрбие жұмысының жоспары психоактивті заттар мен вейптерді қолданудың алдын алу шараларын қамтиды», – деді спикер.
2023 жылы оқушылардың бастамасы бойынша 3 мыңнан астам акция, челлендж және басқа да іс-шаралар өткізілді. Бұл жұмыс жалғасуда.
Сондай-ақ, Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектеп» жобасын іске асырып жатыр. Оның мақсаты – оқушылардың денсаулығын жақсартып, оларды жаман әдеттерден қорғауға балалардың өздерін, ата-аналар мен мектеп әкімшілігін тарту. Жобаға 1,2 мың мектеп қатысады, оны еліміздің басқа мектептерінде де ұйымдастыру жоспарда бар.