Бұл бағытта Оқу-ағарту министрлігі арнайы жол картасын қабылдады. Оның аясында «Менің бауырым» жобасы іске қосылып, 3 мыңнан астам волонтер балалық шақтың бақытты өтуіне бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруға кірісіп кетті. Жас еріктілердің бастамасымен мектептерде «Досболlike» - достық қолыңды соз» акциясы өткізілді. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ОКҚ алаңында хабарлады. Оның айтуынша, жалпы ел бойынша «Жас сарбаз», «Жас волонтер», «Жас эколог», Жас дебатер» және тағы басқа балалар мен жасөспірімдер қозғалысына 2,5 млн бала тартылған. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмыстарын жетілдіру мақсатында тағы бірқатар маңызды шара қолға алынды.
«Балалар әндерінің дамуына тың серпін беретін «Әншуақ» балар әндерінің фестивалі жобасы іске асырылуда. Республиканың әр түкпірінен ән құмар өрендер өз әндері мен орындауын әлеуметтік желілерге орналастырып, тыңдаушыларының дауысын жинауда. Үздік әндер республикалық деңгейдегі фестивальге ұсынылатын болады. Қазірдің өзінде 10 мыңға жуық жас өнерпаздаз #әншуақ хэштегімен өз өнерлерін әлеуметтік желіге орналастырды», – деді ведомство өкілі.
Сондай-ақ балаларды жан-жақты рухани дамыту үшін білім беру ұйымдарындағы жауапты өкілдер оларды театрлар мен мұражайларға, түрлі тарихи орындарға үнемі апарады. Былтыр мұндай орындарға 930 мыңнан аса оқушы барды.
«Тарихын терең таныған ұрпақ қана рухы мықты азамат ретінде қалыптасатыны баршамызға аян. Сондықтан биыл бұл жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Қазіргі уақыт талаптарын ескере отырып балалардың сыни тұрғыда ойлауын, ақпаратты талдау және игеру, уақытты дұрыс пайдалану және қаржылық сауаттылығын дамыту маңызды болып отыр. Осы мақсатта білім беру стандартына, үлгілік оқу жоспары мен оқу бағдарламаларына өзгертулер енгізу іске асырылуда», – деді Еділ Оспан.
Осы орайда «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Құқықтық мәдениет», «Медиасауаттылық», «Қаржылық сауаттылық» бағыттарын қамтитын 5-9 сынып оқушыларына арналған «Жаһандық құзыреттілік» оқу құралы басылып шығарылды.
Мектептерде оқушылардың белсенді қатысуымен «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Еңбегі ерен жас өрен» жобалары қарқынды іске асырылуда. Тәрбие бағытындағы осындай жобаларға жетекшілік ететін курстардан 11 мың педагог өтті.
«Балаларға қауіпсіздік, сақтық дағдыларын үйретуді төтенше жағдайлар органдарымен бірге қолға алдық. Жақында Алматы қаласында жер сілкінгенде балабақшалар мен мектептерде балалар сақтық шараларының озық үлгісін көрсеткеніне көпшілік куә болды. Бұл бағыттағы жұмыс құзіретті органдармен бірге одан әрі жалғасатын болады», – деп түйіндеді спикер.