Пленарлық отырыста Премьер-Министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім саласын дамытудың басымдықтары туралы хабардар етті. Оқу-ағарту министрі Ұлттық платформа негізіндегі аттестаттау процесі автоматтандырылғанын атап өтті. Сондай-ақ педагогика және оқыту әдістері бойынша тестілеу алынып тасталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы әзірленуде. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға кәсіби мамандарды тарту мақсатында осы жылдың қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің еңбекақысы 30%-ға өседі.
Орта білім мазмұнын одан әрі жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Алғаш рет ауылдық және шағын жинақты мектептерді қолдау жұмыстары қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде. Биылдың өзінде 12 апатты және 29 үш ауысымды мектепті қысқарту мақсатында 132 мың оқушыға арналған 154 мектеп салынады. Келесі жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған тағы 217 мектеп пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық білім беру ұйымдарында ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары жұмыс істей бастайды.
Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде білім беруді дамытудың Жол карталарын жасақтады. Мұнда білім жүйесінің барлық бағыттары, оның ішінде балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлықпен күресу шаралары қамтылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Балалар кітапханасы» жобасы қолға алынып, оның аясында мектеп кітапханаларының қорын отандық және әлемдік әдебиеттің үздік туындыларымен толықтыру жоспарлануда.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша назарға алынды. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарының 90%-ы ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылды, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілді және дабыл түймелерімен жабдықталды. Сондай-ақ, тағы бір маңызды шаралардың бірі - жаңа оқу жылында 1,5 миллионға жуық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету қолға алынды.