Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов «Балалар жылын» өткізу аясында ведомство ұйымдастырған іс-шараларға тоқталды. Оның ішінде Ұлттық музейдегі үйірмелер көрмесі – «Графика және кескіндеме» мен «Шебер» – «Balavision 3.0», Академиялық корей музыкалық комедия театрында «Ағайындылар туралы ертегі» мен Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Көліктер тартысы» ертегісі қойылды; Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрындағы «Балалар әлеміне саяхат» қайырымдылық концерті өткізілді.
«Сонымен қатар басқа да ірі жобалар жүзеге асырылды. Мысалы, С.Прокофьевтің «Золушка» балалар балетінің тұсаукесері өтті; Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған «Newart» балалар шығармашылығы фестивалі өз нәтижесін көрсетті; Бұл театрларда балаларға арналған туындылар әлі де көрсетілуде. «Astana Piano Passion» республикалық жас пионистер конкурсы кеңінен өткізілді. Республикалық конкурста жүлде алған балалар халықаралық конкурстарға барады. Балалардың оқу белсенділігін арттыру мақсатында ведомство тарапынан алғаш рет «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы тағайындалды. Оның ішінде «Үздік балалар әдебиеті» номинациясы бойынша «Іздер құпиясы» шығармасымен Бекен Ыбырайым жеңімпаз атанып, 5 млн теңге қаржылай сыйлық алды» деді спикер.