Жезқазған соты Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшыларына қатысты парақорлық фактісі бойынша үкім шығарды.
Тергеу деректеріне сәйкес аталған лауазымды тұлғалар облыс аумағындағы ежелгі қорымдардағы археологиялық қазбалар жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарты бойынша актілерге қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін мердігер ұйым өкілімен сөз байласып, 2 миллион теңге көлемінде пара алған.
Сот үкімімен осы мемлекеттік мекемелердің басшыларына әрқайсысына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
"Мәдени мұраны зерттеу және сақтау орталығы" ЖШС мердігер компаниясының өкіліне 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталғандардың бәрі өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылады", – делінген сот хабарламасында.
Белгілі болғандай, жемқорлықтың алдын алу, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында сот процесі ашық форматта өткізіліпті. Сонымен қатар процеске облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қызметкерлері онлайн режімде қосылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.