Ол қазір Атырау облысындағы Махамбет ауданында аядай ғана апатты пәтерде анасымен және жүкті әйелімен бірге өмір сүріп жатыр. Баспана кезегінде 19 жылдан бері тұрса да, әзірге еш нәтиже жоқ. 29 жастағы Русланның бала кезден екі құлағы да естімейді. Жеті жасында Ақтөбедегі құлағы мүкіс балаларға арналған мектеп-интернатқа түскен. Бесінші сыныптан жеңіл атлетикамен айналыса бастаған. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында көп мәрте ел чемпионы атанған. Қазір де Ұлттық құраманың құрамына кіреді. Халықаралық жарыстардың талай мәрте жеңімпазы болып табылады. Ал, 150-ден аса медалі қазір құлайын деп тұрған қабырғадан орын тапқан.
«Бұл үйге, дәлірек айтқанда, ескі аурухана ғимаратына 2004 жылы 14 отбасымен бірге қоныстанған едік. 2019 жылы апатты деп танылды. Кірпіштері шытынап, шатырдан су кетеді. Мұнда қарапайым дәретхана да жоқ, табаққа су құйып алып жуынуға тура келеді. Талай рет әкімдіктің табалдырғын да тоздырдық. Бірақ ондағылар баспана тек кезекпен ғана берілетінін айтып міз бақпайды. Қазір үй кезегінде 25-ші болып тұрмыз, бірақ арман болған пәтердің нақты қашан берілетіні белгісіз» дейді спортшының анасы Гүлхан Салихова.
Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, қазір 60 пәтерлік тұрғын үй салынып жатыр. Оны келесі жылдың көктемінде пайдалануға беру жоспарлануда. Айтуынша, оны тек кезекте тұрғандар ғана алады. Ал, апатты үйлердің тұрғындарына қаражат бөлінбейді екен. Біз әңгімелеп отырған үйдегі 14 отбасының сегізі кезекте тұр. Бұл мәселені әкім өз бақылауына алатынын жеткізді.