Министрліктің хабарлауынша, “Құқықтық тәртіп” жедел алдын алу іс-шарасы шеңберінде Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мен Төлеби ауданының поилцейлері бірлесіп, облыс аумағында мал ұрлығымен және ет өнімдерін өткізумен айналысатын адамдар тобының қылмыстық қызметін тоқтатты.
Полицейлер жедел-іздестіру арнайы іс-шаралар кешенін өткізу барысында, Қазығұрт, Төлеби аудандарында жасалған мал ұрлығына қатысы бар 6 күдіктіден тұратын мал ұрлаушылар тобын ұстады. Олар Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты.
Қазіргі уақытта күдіктілердің мал ұрлығының 5 фактісіне қатысы бары дәлелденді. Барлығы 30-дан астам мал ұрланып, шығын 10 миллион теңгені құрады. Айғақты зат ретінде ГАЗель жүк көлігі, телефондар мен ұрланған 5 бас мал тәркіленді.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.