Алдын ала мәлімет бойынша, екі күдікті Қазақстан азаматтарының елге кіруінің күрделі тәртібін пайдаланып, қылмыстарының нысаны ретінде қасақана қазақ әйелдерін іздеген. Олар әлеуметтік желі арқылы 20 жастағы қазақстандық қызбен танысып, оған Кореяда жұмыс табуға көмектесетінін айтқан. Кореяға барғаннан кейін қыздың төлқұжатын алып, зорлап, видеоны таратамын деп қорқытып, оны жезөкшелер үйіне тапсырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі оңтүстіккореялық Yna.co.kr басылымына сілтеме жасап хабарлайды. Қылмыстық топқа қатысты іс Оңтүстік Кореяның Чеджу провинциясы астанасының аудандық сотында қаралды. Сотталушыларға шетелдік әйелдерді жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі деген айып тағылды.
"Олар әйелдерді барда жұмыс істеймін деп алдап, елге кіргізген. Содан кейін олар жәбірленушілерді пәтерінде қамап, клиенттерге қызмет көрсетуге мәжбүрлеген. Бір әйел қашып үлгерген, содан кейін ол полицейлерге хабарласқан. Құқық қорғау қызметкерлері оқиға орнына барып, күдіктілерді тұтқындап, бұл факті бойынша жан-жақты тергеу жүргізді", – деді оңтүстіккореялық басылымы.
Сонымен қатар қылмыстық топ құрамында 40 жастағы Қазақстан азаматы болған. Айтуларынша, жас қазақ қызын жұмысқа орналастыруға кепілдік берген де сол кісі екен. Бірақ келген соң қыздың төлқұжатын алып қойған. Сот үкімімен айыпталушылар бір жылдан үш жылға дейін бас бостандығынан айырылды.