Әлеуметтік желіде "екі қазақстандықтың Оңтүстік Корея шекарасын заңсыз кесіп өту оқиғасынан кейін сондағы отандастарымызды жұмыстан шығара бастады" деген ақпарат тарады. Алайда сыртқы істер министрлігінің өкілі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Бұл – жалған ақпарат", - деп жауап берді Айбек Смадияров.
Сонымен қатар СІМ ресми өкілі Оңтүстік Корея шекарасын заңсыз кесіп өткен екі қазақстандықтың тағдырына қатысты жергілікті полициядан хабар күтіп отырғанын жеткізді.
Айта кетсек, осыдан бірер күн бұрын екі отандасымыз Оңтүстік Кореяға кіруге тыйым салынғанына қарамастан, аталған елге заңсыз кіріп кеткен еді. Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, көп ұзамай оның біреуі ұсталып, екіншісіне іздеу салынды.
Екі қазақстандықтың әрекеті Оңтүстік Кореяда қоғамдық резонанс тудырып, жергілікті БАҚ-та кеңінен жарияланғаны айтылды. Кейін белгілі болғандай, Инчхон әуежайынан қашып кеткен екінші қазақстандық полицияға өз еркімен берілді.