Құқық қорғау органдары барлығы 5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеді. Тергеу кезеңінде 4,5 мың сараптамалық зерттеулер жүргізілді. Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу және ұйымдастыру фактісі бойынша 131 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген. Осы қылмыстарды жасағаны үшін 931 адам күдікті деп танылды, 96 адам қамауда, 471 адам сотталды. ОКҚ алаңында өткен брифингте Бас прокуратураның 1 қызметі бастығының орынбасары Елдос Килымжанов осындай деректерді келтірді.
«Тергеу барысында бейбіт азаматтар мен полицейлерге қатысты зорлық-зомбылық жасау үшін импровизацияланған құралдарды ұйымдастырылған тасымалдау жүзеге асырылғандығы анықталды. Мысалы: арматура, таяқтар, төсеніштер, тастар, Молотов коктейльдері, сондай-ақ ғимараттарды өртеу үшін автомобиль шиналары мен бензин жеткізілді. Бір күнде, 5 қаңтарда сағат 6.00-ден 23.00-ге дейін Алматы қаласындағы ғимараттарға: қала әкімдігіне, Резиденцияға, әуежайға, «Хабар», «Қазақстан», «Мир 24» телеарналарының кеңселеріне және Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басқармасы ғимаратына шабуыл жасалды. Шымкент қаласында қала әкімдігінің ғимараттары, «Көрме» орталығы, «Түркістан Сарайы» мәдениет үйі, Ж.Шанин атындағы драма театры, әл-Фараби және Қаратау аудандарының полиция бөлімдері, Абай аудандық прокуратурасы зақымданды. Тараз қаласында облыс және қала әкімдігінің, полиция және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің, қалалық бөлімдер мен полиция басқармасының ғимараттары зақымданды. Талдықорған қаласында облыс және қала әкімдіктерінің, облыс әкімінің резиденциясы, полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттері, қалалық бөлімдер мен полиция басқармаларының ғимараттары зақымдалып, басып алынды. Қызылорда қаласында қалалық полиция басқармасының ғимаратына қарулы шабуылдар, облыстық және қалалық соттардың ғимараттары басып алу әрекеті жасалды» деді спикер.
Жалпы, «қаңтар оқиғалары» бойынша 1 350 адамға қатысты 673 іс сотқа жіберілді, оның ішінде 1 113 азамат сотталды. 315 адамға қатысты 127 қылмыстық іс тергеу сатысында. Мәселен, Қызылордадағы тәртіпсіздіктер кезінде қаскүнемдер жүк көлігін басып алып, Ұлттық ұланның мерзімді қызметінің әскери қызметшісі Қайсаровқа шабуыл жасалып, ол алған жарақаттарынан сол жерде қайтыс болды.
«Қылмыс фактісі осы жылдың басында әлеуметтік желілерде кеңінен таралған видеода түсірілген. Осы қатыгез қылмысты жасағаны үшін кінәлі адам 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Тәртіпсіздіктердің шыңында да полиция қызметкерлері өлім қаруын қолданбады, бірақ шабуылдаушыларға қарсы қолда бар арнайы құралдарды пайдаланды. Дәл осы себепті жараланғандардың басым бөлігі қауіпсіздік күштерінің арасында болды. Сол күндері әртүрлі жарақаттармен 3 393 құқық қорғау органдарының қызметкері ауруханаға жатқызылды. Олар өздерінің қызметтік және әскери міндеттерін адал орындады. Азаматтардың құқықтық тәртібі мен тыныштығын қамтамасыз етті. Кейбір саналы азаматтар тұтқынға түскен және жараланған қызметкерлер мен әскери қызметшілерге көмек көрсетіп, оларды көпшіліктің талауына тастауына жол бермеді», - деді Е.Қилымжанов.
Қаруды ұрлау және сақтау фактісі бойынша 519 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген.Осы қылмыстар үшін 183 тұлға күдікті деп танылды, 11 адам қамауда, 154 адам сотталды, оның ішінде 27 бас бостандығынан айырылды.
«Он аңшылық дүкені тоналды, сол жерден 1 672 мылтық ұрланды. Сондай-ақ 1 288 қызметтік қару ұрланған. Осы көлемнің үштен бірі немесе 958 бірлігі табылды, ал екі мыңнан астамы (2002), оның ішінде гранаталар, автоматтар, мылтықтар, тапаншалар мен граната атқыштары әлі күнге дейін қолдарында. Қаруды ерікті түрде тапсыру бойынша жұмыс жүргізілуде, азаматтар барлығы 119 бірлік тапсырды. Бұл қару қылмыстық элементтердің қолында болуы мүмкін. Бұрын хабарланғандай, қылмыстық қудалау органдары қаңтар оқиғаларына қылмыстық топ мүшелерінің қатысуын анықтады. Бұл Жұмагелдиевтің, «Қазақстандық» және «Айшуақ-Жантүгел» топтары, олардың қылмыстық әрекеттерінен азаматтар зардап шекті, оның ішінде қайтыс болғандар да бар. Барлығы ұйымдасқан қылмыстық топтың 24 мүшесі жазаға тартылуда», – деді Бас прокуратура өкілі.
Мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік мүдделеріне қайшы, қарсылық көрсетпей, қызметкерлер қару-жарақ пен оқ-дәрілер орналасқан Алматы және Жамбыл облыстарының полиция департаменттерінің ғимараттарын тастап кеткен фактілері де орын алды. Сондай-ақ Алматы қаласы, Алматы және Қызылорда облыстары Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің лауазымды тұлғалары да әрекетсіздік танытты.
«Осы фактілер бойынша арнайы прокурорлар тергеуді аяқтады, қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу рәсімі жалғасуда. Сонымен қатар қауіпсіздік күштері тарапынан тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану фактілері тіркелді. Қазір ұсталғандарға дене жарақатын келтірген Алматы облысы полиция департаментінің бірқатар қызметкерлеріне қатысты сот процесі жүріп жатыр. Процесс бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, ашық форматта өтетінін атап өткім келеді. Күдіктілерге қатысты түрлі бұлтартпау шаралары, оның ішінде қамауда ұстау да қолданылды», - деп баяндады Бас прокуратура өкілі.
Әлеуметтік желілерде жекелеген азаматтар «Қаңтар оқиғасы» кезінде қаза болған азаматтардың санына сенімсіздік білдіретін жазбалар жариялайды. Бас прокуратураның 1 қызметі бастығының орынбасары Елдос Килымжановтың ресми мәліметінше, қаңтар оқиғалары кезінде 238 азамат қайтыс болды.
«Әрбір өлім фактісі бойынша тергеу органдары сотқа дейінгі іс жүргізуді тіркеді. Қаза тапқандар туралы сандық деректер сенімді, жүргізілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде қайта тексерілген. Қылмыстық кодексте көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске саламын», - деп түйіндеді спикер.
Осы жылдың 3 қарашасынан бастап «қаңтар оқиғалары» барысында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты «Рақымшылық туралы» ҚР Заңының ережелері күшіне енгені белгілі. Қазіргі уақытта 1 071 адамға рақымшылық жасалды.
Атап айтқанда, тергеу органдары сотқа дейінгі кезеңде ауырлығы орташа қылмыс жасаған 8 күдіктіге қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты.
«Сот 9 адамға қатысты істерді тоқтатты, үкім шығарылған кезде 77 адамға жаза мерзімі қысқартылды. Сондай-ақ соттар 902 сотталушының жазалау мерзімін қысқартты, оның 827-сі есеп беретін пробациялар, ал 75-і жазадан босатылды. Өткен ай ішінде рақымшылық актісін қолдана отырып, бас бостандығынан айыру орындарынан 60 адам, ал пробациялық бақылаудан 68 адам босатылды», - деді спикер.
Сондай-ақ ол қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарының сақталуы және заңдылық қамтамасыз етіліп жатқанын атап өтті. Жаңа мән-жайлар анықталуына қарай олар жұртшылықтың назарына жеткізілетін болады. Прокурор тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.
Қаңтарда наразылықтар жаппай тәртіпсіздікке ұласты, оның барысында бұзақылар мемлекеттік және жеке нысандарды, банктерді, дүкендерді, сауда үйлерін тонап, көлік құралдарын қиратты. Нәтижесінде мемлекеттік органдарға, кәсіпкерлерге және жеке тұлғаларға миллиардтаған залал келтірілді.
«Тек Алматы қаласында 7 аңшылық дүкендері тоналды, олардан 1 440 дана қару, аңшылық жарақтары мен киімдері ұрланған. Тараз қаласында 3 дүкенге шабуыл жасалған, олардан 206 дана қару ұрланған. Күштік құрылымның ғимараттарына шабуыл жасау барысында 1 288 дана қару ұрланған. Көрсетілген мәліметтер бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне 37,5 млрд теңге залал келтірілген, оның ішінде негізгі бөлігі Алматы қаласында. Онда кәсіпкерлердің 34,3 млрд теңгелік мүлкі бүлінген, жойылған және ұрланған. Сонымен қатар мемлекеттік нысандарға да орасан залал келтірілді. Тек, Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департаменттерінің ғимараттарын қалпына келтіруге Үкіметтен 2,7 млрд теңге қаражат бөлінген», – деді спикер.
* * *
Сондай-ақ, ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Дүйсенбаев «қаңтар оқиғаларына» қатысты полиция тергеушілерінің өндірісіндегі қылмыстық істер туралы баяндады. Полиция тергеушілермен аталған оқиға бойынша қылмыстық істердің тергелуі аяқталуда.
1 156 қылмыстық іс өндіріспен аяқталды, оның ішінде 627 айыпталушыға қатысты істер сотқа жолданды.
«Бүгінгі күнде 579 адам сотталды, оның ішінде 462 адамға қатысты бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалар тағайындалған. Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу, тонау, тұрғын үй-жайға кірумен жасалған ұрлық, қаруды ұрлау және де төтенше жағдайда көрінеу жалған ақпарат тарату сияқты ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 117 адам бас бостандығынан айыруға сотталды. ҚАЖК мәліметтері бойынша 992 адамға рақымшылық жасалады. Бүгінгі таңда 740 сотталушыға рақымшылық жасалды, 50 адам босатылды, 690 адамға жаза мерзімі қысқартылды. ІІО өндірісіндегі істер бойынша рақымшылық бойынша 5 адамға қатысты 4 іс тоқтатылды», – деді полковник.
Жаппай тәртіпсіздік азаматтар мен қызметкерлер арасында қаза тапқандарға әкеліп соқты. Заңнама мұндай қылмыстардан зардап шеккендерге мемлекеттік бюджет есебінен өтемақы төлеуге кепілдік береді. Қазіргі таңда қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккендерге мемлекет тарапынан 14,6 млрд теңге төленді.
«Сонымен қатар құрбан болғандардың, осал топтарға жататындардың отбасыларына тергеу нәтижелеріне қарамастан гуманитарлық төлемдерді төлеу туралы шешімі қабылданды. «Қазақстан халқына» қоры 91 қаза тапқандардың отбасыларына 637 млн теңге материалдық көмек көрсетті. Сондай-ақ мемлекет тарапынан күштік құрылымның қаза тапқан барлық қызметкерлерінің отбасыларына материалдық жәрдем берілді», - деді полковник.