RSS лента

Тоқаев карантинді тағы екі аптаға созуды тапсырды

  • 30.07.2020, 09:15,
  • 1 000
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Акорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты ең өзекті мәселелер бойынша кеңес өткізді, деп Turantimes.kz хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 


Премьер-Министр Асқар Мамин Президентке 5 шілдеден бастап елімізде қатаң карантин шаралары енгізілгеннен кейін індет жұқтырушылардың саны 29 пайызға төмендегенін баяндады. Бір күнде індет жұқтыратын адамдардың саны 1500-1600 аралығында тұрақтаған. Стационарлардағы емделушілердің қатары 43 пайызға, оның ішінде, реанимациялық палаталардағы науқастар саны 27 пайызға азайған. Сауығып шыққандардың саны 63 пайызға дейін өскен. Жедел-жәрдем шақыру жағдайы төмендеген. Осылайша денсаулық сақтау жүйесінің негізгі жүктеме көрсеткішін төмендетуге қол жеткізілген. 

 

Сонымен қатар Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа дертке шалдығу және адам өлімі, медициналық көмектің қол жетімділігі мен сапасы, халықтан тест сынамасын алу деңгейі, интенсивті терапия және реанимация палаталарының қажетті дәрі-дәрмектермен, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі секілді негізгі көрсеткіштер бойынша өңірлердегі ахуалға жүргізілген күнделікті мониторинг жайында мәлімет берді. 

 

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Мемлекет басшысына инфрақұрылым нысандарының эпидемиологиялық ахуалға және экономикаға әсерін ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету жолдарын баяндады. 

 

Мемлекет басшысы коронавирус індетіне шалдығушылардың және соның салдарынан болатын өлім-жітімнің көрсеткішін одан әрі төмендетудің аса маңызды екенін атап өтті. 

 

Шілде айында енгізілген шектеу шараларының оң әсерін одан әрі арттыру мақсатында, сондай-ақ, Қазақстандағы және шекаралас мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсу ықтималдығын ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік комиссияға карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды. 

 

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елде 86 192 науқас  тіркеліп отыр, оның 54 404-і емделіп шықса, 793-і көз жұмған.  

 

Жуырда Covid-19 жұқтыру көрсеткіші бойынша Қазақстан коронавирус алғаш рет тіркелген Қытайды басып озды.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости