Астанадағы ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) 20 маусым мен 5 шілде аралығында үш университетте өтеді: Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (2 589 оқушы, 13 аудитория), С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті (1818 оқушы, 7 аудитория) және Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті (1884 оқушы, 13 аудитория).
«Бүгінде ҰБТ қатысушыларының мәліметтер базасы бар, сәйкестендіру кодтарын беру рәсімі өтті. ҰБТ өткізу орындары барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы.
Биыл лек саны екі есе артып, барлығы 14-ке жетті. Осылайша былтырғы оқу жылындағыдай күнара емес, әр күн сайын өткізіледі.
ҰБТ кезінде қоғамдық тәртіпті 100 полиция қызметкері мен 10 арнайы көлік қамтамасыз етеді. Сонымен қатар 9 медицина қызметкері және үш жедел жәрдем жұмылдырылады. 24 қызметкер өрт қауіпсіздігін қадағалайды, 46 автобус қала шетінде тұратын 540 түлекті тасымалдауды қамтамасыз етеді.
Хабарланғандай, биыл мектепті 6515 оқушы бітірді. ҰБТ-ға қатысуға 95% немесе 6255 адам өтініш берді, оның ішінде 3661-і қазақ, 2554-і орыс, 40-ы ағылшын тілінде.