RSS лента

Таза судың тапшылығы депутаттық сауал болып жолданды

  • 07.02.2022, 03:23,
  • 610
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Қазақстандықтар бір жұтым суға зәру болып қалуы мүмкін, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА АЙРЫҚША НАЗАР АУДАРЫЛЫП, САЛАНЫ ӨРІСТЕТУ МАҚСАТЫНДА НАҚТЫ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУЫ КЕРЕК. ӘСІРЕСЕ, СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ МАЛ БАҚҚАН ШАРУАЛАРДЫ СУ КӨЗІНІҢ ТАПШЫЛЫҒЫ БІРАЗ ӘУРЕГЕ САЛЫП, ҚУАҢШЫЛЫҚ ТА ҚЫСПАҚҚА АЛҒАН ЕДІ. БИЫЛ ДА БҰЛ ПРОБЛЕМАЛАР ҚАЙТАЛАНБАУЫ ҮШІН ҚАЗІРДЕН АМАЛЫН ЖАСАҒАН ЖӨН. АТАЛҒАН МӘСЕЛЕЛЕРДІ АРҚАУ ЕТКЕН ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ СӘЛІМЖАН НАҚПАЕВ МӘЖІЛІСТІҢ ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫНДА ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВҚА ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ ЖОЛДАДЫ.

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде ел экономикасында қалыптасқан жағдайларды қамтып, «Соңғы жылы елімізде қуаңшылық болды. Бұл шикізатпен және жемшөппен қамтамасыз ету ісіне әсер етті. Болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін» деп атап өтті. Ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі бағытының бірі – су мәселесін шешу. Алайда, ел көлемінде трансшекаралық өзендер проблемалары әлі толық шешімін таппай отыр. Мәжілісмен Қызылорда облысындағы Сырдария және Батыс Қазақстан, Атырау облыстары арқылы өтетін Жайық өзендеріне қатысты ахуалды саралап, проблемаларды атап көрсетті.

 

Кейінгі кезде Арал-Сырдария бассейніне қатысты мемлекеттер өзеннің төменгі су ағысына су жіберу міндеттерін көп жағдайда орындамай жүргеніне тоқталған ол былтыр Шардара су қоймасына келісілген су көлемінің 56,7 пайызы ғана келгенін жеткізді. Осының нәтижесінде облыста күріш егісінің көлемі 5,9 мың гектарға қысқарып, қажетті судың жетіспеуі Арал өңірін құрғақшылыққа, жайылым өнімділігінің төмендеуіне, балық қорының азаюына алып келгенін сынға алды.

 

«Өткен жылы 207 көлдің 17-і толығымен тартылып құрғаса, қалған көлдердің толуы 50 пайыз шамасында болды. Қалыптасқан жағдайға бүгінде облыс халқы алаңдаулы» деді ол.

 

Ал, Жайықтың жыры біте ме? Мәжіліс депутаты Сәлімжан Нақпаев қос облыс үшін маңызы зор су көзіне қатысты тақырыпты да терең талдады.

 

– Атырау облысында Жайық өзенінен 13 суландыру-суару каналы су алып отыр. Осы арналардың бойында 1100 ауыл шаруашылығы құрылымы бар. Мұнда облыстағы мал басының 40 пайызы шоғырланған. Жайық өзені бойынша Ресей мемлекетімен үкіметаралық комиссия жұмыс жасауда. Алдағы көктемде көрші елден су жіберу мәселесі қалай реттелетіні облыстың ауыл шаруашылығына тікелей әсер ететін болады, – деген мәжілісмен мәселені шешу жолдарын да ұсынды.

 

Үкімет суды үнемдеу, жерасты су қорларының есебін қайта шығару, тұзды суларды тұшытуды қолға алу, ағынды және лас суларды қайта пайдалану жұмыстарын жүргізу керектігін атап, Сырдария, Жайық сияқты трансшекаралық өзендерде судың болуы көрші елдердің Үкіметтерімен тіл табыса жұмыс жасауға тікелей байланысты екенін де жеткізді. Сауал аясында ішкі өзендер жағдайы да сараланды.

 

Айта кеткен жөн, Сәлімжан Жұмашұлы былтыр да халықтың сұранысы бойынша Ойыл, Сағыз, Жем өзендерінің мәселелерін көтергенді. Аталған су көздеріне байланысты Үкімет тарапынан Атырау, Ақтөбе облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, жұмыс тобы құрылған еді. Көршілес Ақтөбе облысынан бастау алатын Ойыл өзенінің 30 мың халқы бар Қызылқоға ауданының тіршілігі үшін маңыздылығы ерекше. Жұмыс тобы Ақтөбе облысында Ойыл өзені бойында шамамен 56 бөгеттің салынғанын және олардың санаулысында ғана заңды құжаттары бар екенін анықтаған. Бұдан соң, Ақтөбе облысы әкімдігіне заңсыз бөгеттерді алу жөнінде тапсырма да берілген. Бүгінде оның орындалысы қалай? Өйткені, айдан аз уақыттан соң, көктем шықпақ. Кездескен кедергілер жойылмаса, былтырғы проблемалармен тағы да бетпе-бет келмесімізге кім кепіл?

 

«Бүгінгі таңда 56 бөгеттің тек 6-ы ғана алынған. Сонда Үкімет пәрменімен құрылған жұмыс тобының қауқары тек 6 бөгетке жеткені ме? Осыдан соң Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне үміттенген аудан халқы қандай ойда болады? Ертең су жоқтықтан экологиялық апат орын алып, айдалада отырған аудан халқы үдере көшсе, кімді кінәлаймыз? Мәлімет бойынша министрлік екі облыс әкімдігімен бірлесіп үшжақты іс-шара жоспарын жасақтаған. Бірақ, Атырау облысынан басқа тараптар оған әлі қол қоймаған. Біз трансшекаралық өзендер мәселесін шешу күрделі іс, өйткені оған шет мемлекеттердің келісімдерін алу оңай емес дейміз. Сонда еліміздің ішіндегі қасықтай суды бөле алмай отырған көрші облыстарға төрелік жасайтын құрылымның болмағанын халық қалай түсінеді?» деді мәжілісмен.

 

Расында да дабыл қағарлық-ақ жағдай. Жыл сайын Жайық өзенінің арнасы тарылып, суы таязданып бара жатқаны жанды ауыртады. Ал, малды өңір саналатын Қызылқоға ауданы үшін Ойыл өзені тіршіліктің өзегі іспетті. Мал бағу өз алдына, сусыз жерде жан бағудың өзі мүмкін еместігі айдан анық. Аталған тақырыпты ұдайы көтеріп, мәселенің оң шешілуіне ықпал жасап жүрген мәжілісмен Сәлімжан Нақпаевтың депутаттық сауалына орай нақты нәтижелерге қол жеткізсек, жаңа Қазақстанның жетістігі болары сөзсіз.


Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости