RSS лента

Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні

  • 04.06.2025, 09:08,
  • 84
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Елдің елдігін білдіретін маңызды белгілердің бірі – мемлекеттік рәміздерінің болуы. Сондықтан оларға атүсті қарауға болмайды. Бірақ, соңғы кезде елімізде рәміздерге қатысты келесіз оқиғалар мен жағаұстар жайттар жиілеп кетті. Осы орайда, біз Мемлекеттік рәміздерді  насихаттау жөніндегі  Ұлттық орталықтың атқарушы директоры Руслан Хамзамен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Дұрысы мемлекеттік Әнұран ба, әлде Гимн бе?

 

– Мемлекеттік рәміздер – қай елдің болса да, ең басты қасиетті құндылығы. Сондықтан болар, кезінде Тұңғыш Президент: «Біз Тәуелсіздігіміздің нышандарын көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туын, Елтаңбасы мен Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар – халқымыздың мақтанышы, біздің ең киелі құндылығымыз» деп айтқан болатын. 

 

2009-2010 жылдарда республикалық газет беттерінде «Әнұран мәтініне зер салсақ...» тақырыбына материалдар жарияланып, онда Әнұран мәтінінде қазақ тілінде қалыптасқан пунктуациялық талаптар ескерілмей, бірнеше тыныс белгілерінің қате қойылғаны және кейбірінің тиісті орнына дұрыс қойылмағаны жайында жазылған болатын. Қазіргі уақытта елімізде төтенше жағдайға байланысты «Ана тілі» газетіндегі көтерілген тақырыпты қайта жаңғырта отырып, осы мәселеге оралып, бір нақты шешімге келтірілсе деймін. Осы тақырып бойынша алдымен  Білім және ғылым министрлігінің А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына хабарласқан болатынбыз.

 

«Гимн» – көне гректің тілінен енген (ὕμνος – «біреуді немесе бір нәрсені мадақтап айтыла-тын өлең») сөз. Бұл сөз әу баста діни жөн-жоралғы үшін қолданылған. Кейіннен бұл сөздің мағыналық ауқымы кеңейіп, әр ел өзінің әнұранын «гимн» деп аталды. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстанда да «гимн» сөзі қолданылып келді. Қазақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы (бұдан әрі – Мемтерминком) «Гимн» сөзінің қазақ тіліндегі баламасы ретінде «Гимн» сөзін бекітті (гимн – гимн (1971-1981), Государственный Гимн – Мемлекеттік Гимн (1971-1981). Егемендік алған соң бұл сөздің мағынасы терең зерттеліп, «Гимн» сөзінің орнына «Әнұран» деген атау қолданыла бастады. Мемтерминком-ның шешімі бойынша 1992 жылы «Гимн» сөзінің қазақ тіліндегі баламасы ретінде «Әнұран» сөзі бекітілді. Қазақстан Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясының 2014 жылғы 11 желтоқсанындағы отырысында «Гимн» сөзінің қазақ тіліндегі баламасы ретінде «Гимн» және «Әнұран» сөздері, ал 2018 жылғы 6 сәуірдегі отырысында «Гимн» сөзінің қазақ тіліндегі баламасы ретінде «Гимн» сөзі бекітілген болатын. Гимннің мәтініндегі үшінші жолынан кейін «дефис» белгісі емес, «тире» (сызықша) белгісі қойылады: Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы, Ерліктің дастаны – Себебі қазақ тілінде оңашаланған айқын-дауыш мүше мен айқындап тұрған сөздің арасына сызықша қойылады.

 

Бірінші шумақтың сегізінші жолында «Қазағым мықты ғой!» сөйлемінен кейін леп белгісі қойылады. Қазағым мықты ғой! Себебі әртүрлі көңіл күймен (көтеріңкі, қатты ашу-ыза, бұйрық және т.б.) айтылған ойды білдіретін сөйлемдерден кейін леп белгісі қойылады. Терминолог ғалымдардың және жалпы жұршылықтың пікірін ескере келе, қазақ тіліндегі «Гимн» сөзінің орнына «Әнұран» сөзінің қолданылуы мақсатқа сай екенін айтады институт мамандары.

 

Шынымен, қай қалаға немесе ауылға бармасақ та, жалпы білім ошақтарында педагогтар арасында, сынып оқушылары және ата-аналар еліміздің заң бойынша айтылуы тиіс «Гимн» сөзін «Әнұран» деп айтып келеді. Ғалымдармен пікір таластыру, әрине оңай шаруа емес. Дегенмен қорытынды мәліметті саралауға алып, Мәжілістің күн тәртібінде «Мемлекеттік рәміздер туралы» №258 Конституциялық заңының үшінші қосымшасындағы Қазақстан Мемлекеттік Гимні мәтінінің тыныс белгілеріне өзгеріс енгізілуін ұсынамын. Бүгінгі уақытта, әр облыстың Білім беру басқармасының әдістемелік орталықтары жалпы білім беретін ұйымдардың тарих, қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдерінің арасында Мемлекеттік Гимн атауы мен редакциялық мәтіндегі тыныс белгілеріне ресми түрде өзгеріс енгізу төңірегінде талқылау, талдау жұмыстары жүргізіліп келеді. Сонымен қатар аталған мәселе Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен Ғылым комитетінде қаралу үстінде. Ұлы ақын Абай айтқандай, «Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп жүрмесін деп, аз ғана сөз шығарған» едік, ұсынысымыз азды-көпті кәдеге жараса болар еді.  

 

– Ал, рәміздерді қорлау деректері неге азаймай отыр деп ойласыз?

 

– Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет әр елдің өзінен басталады. Егерде бөтен елдер Гимнімізді шатастырып, масқаралап жатса, оның себебін өзімізден іздеуге тура келеді. Ал, рәмiздерiмiздi ұлықтау, құрмет тұту – бiр Тудың астында берекелi күн кешкен жандарға ортақ мiндет.

 

Тұғырлы Тудың қасиетiн айтамыз, бiрақ сол қасиеттi қорлап жатқандарға бұл күнi қандай жаза қолдана алдық? Ойландыратын жайт.

 

«Бөрі басы – ұраным,

Бөрілі менің байрағым,

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым».

 

Сүйінбай бабамыздың мұндағы «қайдағысы» жанып тұрған намысы ғой! Жазатайым сол бөрілі байрақ құласа, не болар еді? «Бөрілі байрақ құласа, күйремей кеткен жан емен». Ал, мынандай бейбіт заманда байрақ құлағаны былай тұрсын, Мемлекеттік Туымыз қайта-қайта қорланып жатыр.

 

– Ең көп қорланатыны Ту болып тұр ма?

 

– Иә, әріге бармай-ақ беріден бастайық. 2010 жылы қыркүйектің басында Тараздағы Абай атындағы гуманитарлық колледжде өткен сенбілікте көк байрақпен қоқыс тасып жүрген екі студенттің ұялы телефоны арқылы түсіріліп алынған бейнекөрініс масқара болып жарияланған болатын. Алайда, аталған дерек бойынша қандай да бір шара қолданылғанын естімедік.

 

Сол жылдың желтоқсанында Талды­қорғанның мамандандырылған аймақаралық әкімшілік сотында ҚР Мемлекеттік Туынан шырша ойыншықтарына арналған қап тігіп, сатылымға шығарған «Жигули» компаниясының тірлігі май шаммен қаралды.

 

2012 жылғы наурызында Нұр-Сұлтан қаласындағы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті ғимаратының төбесінде жыртылып қалған ҚР Мемлекеттік Ту бірнеше күн ілініп тұрды. Аталған мекеме осы келеңсіздік үшін кешірім сұрауға да жараған жоқ.

 

ҚР Мемлекеттік Туды қорлау фактісі, 2012 жылғы сәуірдің басында Атыраудағы Орталық ықшамауданындағы Көлік прокуратурасының ғимараты жанынан көшені тазалап жүрген гастарбайтерлердің қоқыстарды еліміздің көк байрағына салып жүргені байқалды. Атырау облысы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі атап өткендей, аталған факт бойынша қылмыстық іс ашылып, күдіктілерді және еліміздің Туының олардың қолдарына қалай түскені анықталып жатқанын хабарлады.

 

2012 жылдың шілдесінде ХХХ Жазғы олимпиада ойындарының ашылуы қарсаңында Лондонның орталығындағы Парламенттік алаңда, күн бейнесінің орнына тесігі бар ҚР Мемлекеттік Туы орнатылған. Сол Туға байланысты «Ақ жол» ҚДП төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты А.Перуашев сол кездегі ҚР Мемлекеттік хатшысы М.Құл-Мұхаммедке ашық хат жолдаған болатын. Алайда, осыған тікелей жауапты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі нақты ресми жауап қайтара алмады.

 

2012 жылғы қыркүйекте1989 жылы туған К. есімді Атырау қаласының тұрғыны «Мерседес Бенц-320» маркалы автокөлігінің алдына Қазақстанның Туын заңсыз орнатып, жазаға тартылды. Әрине, «атыраулық азамат осылай еліне деген патриоттық сезімін көрсетпекші болған шығар, содан көлік капотын да білместіктен жапқан шығар» деген ой келсе де, Атырау қаласы прокурорының аға көмекшісі атап өткендей, соттың шешімін қатаң жаза деп санауға болмайды. К. есімді әлгі азамат көлігінің лас капотына Туды қалай болса, солай жапсыра салғанын айтты. Бұл қадамға ол саналы түрде барған болып шықты.

 

2014 жылы шілде айында әлеуметтік желіде Қазақстанның Мемлекеттік рәміз­дерінің бірі – көк Туды жүк көлігінің брезенті ретінде пайдаланған сурет кеңінен талқыланды. Бұл фотоны танымал жүргізуші, шоумен Марат Оралғазин түсіріп, Instagram желісінде жария еткен болатын. Суреттен жүк көлігінің Алматы көшелерінде кетіп бара жатқанын байқауға болады. Бұл жөнінде жауапты министрліктерде және Парламентте нақты мәселе ретінде қаралмады. Қарасай ауданының тұрғыны А.Есімбеков небары әкімшілік жазамен құтылып кетті.

 

Нұр-Сұлтанда тұратын Жандос Құрманбаев балконына Қазақстан Туын Г.Головкиннің жеңісіне орай ілгенін әлеуметтік парақшасында: «ҚР жалауын терезе жаққа патриоттық сезіммен әрі #GGG жеңісіне байланысты ілгенмін. Бүгін жалауды алып тастады. 394 400 тг айыппұл салды». «Бұл қалай болғаны? Біз неліктен өз патриоттығымыздан, еліміздің жалауынан қысылуымыз керек? Түркияда, мысалға, Ту ілінбеген балкондар мен шатырлар сирек кездеседі», – деп жазады Facebook-тағы қолданушылар. Қорыта келгенде, Жоғарғы Сотының ұйғарымымен аталған іс қысқартылып, айыппұл алынып тасталды.

 

2015 жылдың 11 маусымы күні «Бек-Асыл Сервис» ЖШС-нің жұмысшылары Шымкенттегі Ғали Іляев көшесінің бойындағы қоқыс контейнерінен қалдық­тарды тазалауға М.Сайлаубаевтың басқа­руындағы «Dong Feng» автокөлігімен келеді. Жәшіктен қоқыстарды алып жатқанда арасынан ақ түсті қалтадан Қазақстанның Мемлекеттік Туы табылады. Жұмысшылар Туды жайып, соған қоқысты сала бастаған. Бұл сәттің фотосуреттері сол күні-ақ ғаламторға тарап кетеді. Ал, коммуналдық жұмысшылар туды қорлағандары үшін жазаланды. Шымкенттегі әл-Фараби аудандық сотының 2015 жылдың 8 шілдесіндегі үкімімен «Бек-Асыл Сервис» мекемесінің екі жұмысшысы Т.Биболат және Г.Қалдыбаева айыппұл төледі.

 

2015 жылғы қазан айында Қазақстандық тәттіқұмарлар шоколад қабындағы ҚР Мемлекеттік Туының суретіне лайықты құрмет көрсетпейді. Сенаттың пленарлық отырысында сөз сөйлеген С.Еңсегенов ҚР Мемлекеттік рәміздерін пайдаланатындарға көңілі толмайтынын жеткізді. Аталмыш шоколад «Рахат» АҚ шығаратын өнім болып табылады. АҚ басқарма төрағасы міндетін кәріс азаматы атқарады. Шетелдік компанияларға ҚР Мемле­кеттік Туын ілу Конституциялық заңмен міндеттелмек пе?

 

Кезінде Парламенттің Сенат отырысында «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» №258 Конституциялық заңына осындай өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс қаралды. Өкінішке қарай, аталған заңға өзгеріс жасалғанымен шетелдік компаниялар кеңселерінің алдында қазақтың байрағын желбіретуге аса құштар емес.

 

2016 жылы Ольга Шумилова ҚР Мемлекеттік Туын қоқысқа тастағаны үшін қоғам сынына ұшырады. Қостанайлық әйел халықтан кешірім сұрап, қатаң сөгіспен жазадан құтылды.

 

2017 жылы қазан айында Қызылорда қаласының тұрғыны Сұлтан Тумашинов шағымданған болатын. Азамат патриот болғаным үшін заң алдында жауапқа тартылдым деп ашынып отыр. Мемлекеттік туды терезесінің алдына іліп қойғаны үшін айыпталған азаматқа 453 мың теңге көлемінде айыппұл салынып отыр.   Қызылордадағы Ішкі істер басқармасының учаскелік инспекторы тиесілі пәтердің терезесінде ілініп тұрған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көріп, осы азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, ҚР Жоғарғы Сотының ұйғарымымен қабылданған шешімнің күші жойылды.

 

Түркістан облысы Келес ауданының білім ошағында Қазақстан Туына түйреуішпен дәрі тамызғыш іліп, ем алып жатқан әйелдің видеосы таралып кетті. Оқиға Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Абай ауылындағы Саз мектебінде болған. Сарыағаш ауданының тұрғыны Л.Дарханбаева Facebook желісіндегі парақшасына 2020 жылдың 6 тамыз күні сағат 13:50-де Келес ауданы Абай ауылында орналасқан Саз мектебі басшысының міндетін уақытша атқарушы З.Умаргазиеваның Мемлекеттік Туды қорлағаны туралы жазба жариялаған. Оны Абай балалар саз мектебінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Е.Асанов есімді мұғалімі ұялы телефонының бейнекамерасына түсіріп, әлеуметтік желіге салған болатын. Өкінішке қарай, құзырлы органдар басшыға қатысты ешқандай шара қолданбады.

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторы Шәкен Ниязбеков: «Халқыма тек бақыт тілеймін. Білгенімнің бәрін халқымнан үйрендім. Менің еңбегімді бағалаған сол ұлтымның әр азаматы бала-шағасы, немере-шөбересімен бақытты ғұмыр кешсе екен» деген екен.

 

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости