RSS лента

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік туды көтеру рәсіміне қатысты

  • 05.06.2023, 12:07,
  • 584
  • 0
  • Автор:
Автор фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік туды көтеру рәсіміне қатысып, жоғары әскери оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік шен тапсырды, деп хабарлайды Turantimes.kz Ақордаға сілтеме жасай отырып. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этно-мемориал кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Ең алдымен, Құрмет қарауылы ротасының бастығы рәсімге дайындығы жөнінде Президентке рапорт берді. Содан кейін Мемлекеттік әнұран шырқалып, Көк байрағымыз көтерілді. 


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған қауымды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, олар егемендік пен елдіктің ең басты белгісі екенін атап өтті.


"Көк байрағымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – күллі халқымызға қастерлі нышандар. Біз үшін тәуелсіздік – ең қымбат құндылық, ал туымыздың асқақ желбірегені – аса биік мәртебе. Батыр бабаларымыз сын сағатта әрдайым бір тудың астында жиналған.  Бөрілі байрақ күллі түркі жұртын біріктірген. Абылай ханның ақ туы бүкіл қазақтың басын қосқан. Алаш туы арыстарымыздың жігерін жанып, намысын қайраған. Біз бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келеміз. Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны ғарышкерлеріміз көк жүзіне көтерді. Альпинистеріміз әлемнің ең биік шыңдарына орнатты. Спортшылар жеңіс тұғырынан желбіретіп, Әнұранымызды шырқатты. Күллі әлем Қазақ елін көк байрағына қарап танитын болды", – деді Мемлекет басшысы.


Сонымен қатар Президент мемлекеттік рәміздер тарихымызды, өзіндік болмысымызды және халқымыздың жарқын болашаққа ұмтылысын айғақтайтынын атап өтті.


Салтанатты рәсім барысында жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды. Олар: 

ҚР ҚМ Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты:
1) Есенбаев Мирас Сүлейманұлы
2) Әшім Ақыл Ермұратұлы

ҚР ҚМ Құрлық әскерлері әскери институты:
3) Аманалы Айдәулет Медетұлы
4) Саткеев Әділ Марғұланұлы

ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясы:
5) Бекболатов Ержан Бекболатұлы
6) Бірлік Бауыржан Жанатбекұлы

ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы:
7) Темірбеков Самат Талғатұлы
8) Бақтиярова Дана Асланқызы

ҚР Ұлттық ұлан академиясы:
9) Тілеген Өмір Русланұлы
10) Керімбеков Ерболат Сұлтанұлы

ҚР ТЖМ М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы:
11) Полатов Ербағлан Еркінұлы
12) Бакирамов Дихан Нұрланұлы


Шара соңында Мемлекеттік күзет қызметінің, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің Құрмет қарауылы роталары Президент пен жиналған қауым алдынан салтанатты маршпен жүріп өтті.


Ту көтеру рәсіміне Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министр Әлихан Смайылов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Олжас Бектенов, мемлекеттік органдар басшылары, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия мүшелері, жоғары әскери оқу орындарының курсанттары мен олардың туыстары қатысты.


 

 

 

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости