RSS лента

«Әйел еркектен артық болмаса, кем емес!»

Автор фото: freepik.com

Қазақстанда əйелдер еңбек етуде, демалуда, əлеуметтік қамсыздандырылуда ерлермен тең құқылы, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Мемлекетітк қызмет саласының ардагері  Злиха Дүйсекенованың айтуынша, саясаттағы əріптестік, мүмкіндіктер теңдігіне ие болу – мемлекеттік мəселе.

 

«Күш-қуаты нығайған, өркендеген Қазақстанды құру үшін əйелдер де бар ықыласымен белсенділік танытып, ақылы мен күшін жұмсап, еңбек етіп келеді, - дейді ол. – Соған сəйкес Қазақстан өкіметінің гендерлік саясат жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Оның басты мақсаты – билік орындарында ерлер мен əйелдердің қызметке ие болу алшақтығын болдырмау, əйелдердің қызметте ілгерілеу мен экономикалық салада тепетеңдігін қамтамасыз ету, аналарды түрлі зорлық-зомбылықтан қорғау.

 

Əлемдегі дамушы мемлекеттермен салыстырғанда елде заңдылық тұрғысынан алғандағы əйелдердің құқықтары барынша қорғалған. Бүгінде қоғамдағы гендерлік саясаттың жеке адамның еркіндігіне ықпалы жан-жақты. Сарапшылардың пікірінше, гендерлік саясаттың дұрыс жəне бұрыс жақтары туралы көптеген пікір жинақталып, ұсыныстар айтылуда. Дұрыс жағы туралы айтсам, бұл – халықтың еркіндікке жетудегі саяси белсенділігінің артуы, сана-сезімінің оянуы. Əлеуметтік-экономикалық жағдайы дамыған өркениетті елдерде əйелдер қоғам өмірінде объектіден гөрі субъектіге айналып отыр. Ол шыдамдылығымен, кешірімділігімен, басқа да жағымды қасиеттерімен ерекшеленеді. Нəзікжандылар қоғамның революциялық емес, эволюциялық дамуын қолдайды.

 

Қазіргі қазақ əйелдері маңызды роль атқаратын қоғамдық ұйымдардың жаңа үлгісін құру арқылы жаңа даму жолына қадам басты. Бұл көбінесе, əйелдер атқарып отырған мемлекеттік емес ұйымдардың белсенді жұмыстарынан көрінеді. Жақсы істерді Атырау облысының белсенді қыз-келіншектерінің көптеген заманауи бастамаларынан да анық көруге болады. Олардың елдің саяси өміріне белсенді қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында көшбасшылық дағдыларды үйретіп, жан-жақты дамытып, жұмыспен қамтып, кəсіп ашуға қолдау көрсету мақсатында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыс та аз емес. Соған сəйкес, қазіргі əйелдер саясатқа араласып, жеке кəсіпкерлікке бет бұрып, жоғары өкімет орындарына, мекеме басшысы қызметтеріне тағайындалып, ерлермен қатар еңбек етіп жүр.

 

Көптеген жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар мен саудасаттық мекемелерін əйелдер басқаратынын өмірдің өзі дəлелдеп отыр. Бұл жердегі ерекшелік – əйелдердің бизнес-қаржы мəселесін, бухгалтерлік есеп жəне қарым-қатынас технологиясын, маркетингті жақсы білуімен қатар, шебер жүзеге асыра білуінде. Себебі, бизнесте əйелдер ерлерден бірнеше қасиетімен ерекшеленеді. Мəселен, олар кеудемсоқтыққа бармайды. Жандары нəзік болғанымен, зор жауапкершілікпен келешекке болжам жасап, нақты мақсат қойып, соған ұмтылу, өзгелердің кеңесімен, тəжірибесімен санасушылық, эмоциялық, өзгеге жанашырлық қасиеттері басым. Меніңше, əйелдер басқарған бизнесте өзіне-өзі сенім басымырақ болады жəне əйелдер тарапынан сөз бен істің арасында алшақтық болмайды. Белсенді əйелдердің пікірі мен күшін, интеллектуалдық əлеуетін ортақ мүддеге пайдалану үшін олардың саяси қызметте белсенді болуын қолдаған жөн. Өйткені, белсенді əйел қиындықтан жасқанбайды, еркін сөйлеп, ұсыныстарын ашық жеткізіп, қоғамда оң шешім қабылдануына ынтымақтастықпен батыл əсер ете алады.

 

Қарап отырсақ, көз қорқақ, қол батыр екені анық. Алайда, қазақы ортаның бұрыннан бар түсінігі, бəлкім, əлдекімдердің «гендер – бар билікті əйелдерге беруді көздеу» деп, əдейі бұрыс түсінік қалыптастыруға ұмтылуы себеп болар. Оның екінші бір себебі, гендерлік саясат ұғымын əйел заты өздеріне берілетін шексіз мүмкіндік деп түсінгендігінің салдарынан да болуы мүмкін. Бұл пікірлер осы саясаттың бұрыс жақтарын айқындап береді. Яғни, адам өзінің еркіндігін дұрыс түсінбеуі, ұлттық салт-дəстүрді ескермей, батыстық азғындау, біржақты шешімдер жасалуы, қыздардың көшедегі тəртібі, түрлі қылмыстарға баруы, əлі де гендерді түсіндіру бағытындағы ақпараттардың жетіспеушілігін байқатады. Бұл жердегі алдағы мақсат – гендерлік саясатты шынайы мəнінде, бұрмаламай жүзеге асыруда. Ол үшін бізге қайтпек керек?

 

Біріншіден, гендерлік саясат ұлттық құндылықтарға нұқсан келтірмеуі жəне ұлтқа түсінікті болуға тиіс. Екіншіден, оны жүзеге асыруда батысқа көзсіз еліктеуге жол берілмеуі керек. Үшіншіден, гендерлік еркіндіктің шынайы талаптарын орындау жолында асығыстық танытпаған абзал. Еліміз егемендік алып, адам құқықтары мен бостандығы ескеріліп, адамдар жынысына, нəсіліне, ұлтына қарамастан тең саналып отырған бүгінгі қоғамда əйелдің алатын орны ерекше. ƏйелАна қазақ қоғамы үшін де қасиетті. Ол өз отбасымен қатар қызметіне де зор жауапкершілікпен қарайды. Бір қарағанда, қарапайым мəселе саналғанымен, қоғамдағы ер-азамат арқалар ауыртпалықтың əйелдердің мойнына түсіп жатқаны жасырын емес. Үйде де, түзде де еркек пен əйелдің өзіндік ролі айқын көрінуі тиіс жəне соған сай əрекет еткені жөн. Мұны «гендерлік стереотип» деп алсақ та, қазақтың этномəдениеті үшін дəстүрлі əрекет. Əр ата-ана өз перзентінің қоғамнан өз орнын тауып, бақытқа кенелгенін қалайды. Оны бəріміз де құптаймыз. Олай болса, гендерлік əлеуметтендіру – заман талабы. Бұдан шығатын қорытынды: біз балаға өз жынысына сай тəрбие беріп, қоғамда өз орнын тапқанын, ата-ананың орнын басып, атабабадан қалған дəстүрлі тəрбиені жалғастыру. Бұл – өсу, тəрбие мен білім алу, мамандық иесі атану, ортамен жақсы қарым-қатынас жасау, өзінің өмірлік жұбын таңдай білу, отбасын құрып, бала өсіру, басқа да міндеттер.

 

«Үлкендердің ақылсыз шешімінен балалар қасірет шекпеуі керек...» деген сабырлы сөзді ойына түйіп, болашақты қалыптастыратын ақылды, парасатты қыз-келіншек көп болуы керек. Əйел заты санымен емес, санасымен қоғамда жоғары тұрады. Өйткені, ақылды əйел – қай заманда да отбасының қазынасы. Əйел-ана ақылды болмай, бақытты жұптың саны көп болмайды. Сондықтан əйелдерді саясатқа араластырып, жоғарғы заң шығарушы жəне атқарушы органдарға көбірек тарту қажет».

Оставить комментарий
Последние новости