RSS лента

Ассамблеяның мақсаты мүлде басқа...

  • 05.05.2023, 17:11,
  • 491
  • 0
  • Автор:
Автор фото: dknews.kz

Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының Атыраудағы меңгерушісі Мәншүк Мәменова ассамблеяның тек этникалық топтар үшін ғана жұмыс жасамайтынын айтты, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Ассамблея тек этникалық топтар үшін қызмет істейді деген қате түсінік, - дейді ол "Atyray" газетіне берген сұхбатында. – Ассамблеяның барлық жұмысы қазақтар мемлекет құраушы субъект, полиэтносты халықтың тарихи, мəдени-рухани өзегі екендігіне негізделеді. Бұл ретте Ассамблея этностарды қазақ халқының айналасында біріктіру саясатын жүргізеді. Бірлік, ең алдымен, өз мемлекетін құрып, барлығын өз жерінде біріктіретін қазақ халқы үшін қажет. Тəуелсіздік таңында беделді халықаралық сарапшылар Қазақстанды этникалық жəне діни қақтығыстарға байланысты ыдырайды деп болжамдағаны көпшіліктің есінде. Збигнев Бжезинский өзінің «Ұлы шахмат тақтасы» кітабында Қазақстанды этноконфессиялық негізде бөліну ықтималдығы жоғары елдер – «Еуразиялық Балқан» қатарына қосты. Бірақ, бұл пессимистік болжамдар орындалмады. Бұл рөлді Ассамблея өз мойнына алып, еліміздің барлық этносын қазақтардың айналасына жинап, абыроймен атқарды. Ассамблея полиэтникалық халықтың интеграциялық өзегіне айналды. Құрылым бүкіл Қазақстан халқының мүдделерін білдіреді жəне қорғайды.

 

Егер сізден шетелде қазақтар кім, олардың ерекшелігі неде деп сұраса, сіз бірінші кезекте домбыраны қолыңызға алып, шаңырағы бар киіз үйді тігіп, киіз төсеп, қазанды ортасына қойып, дастарханға ас табағын тартып, алдарына «бұл – қазақтың еті» деп қоясыз. Солай ма? Бұл біздің қасиетті дүниеміз – жəне ол кез-келген халықта бар. Сондықтан, дəстүрлі мəдениетті сақтау жəне дамыту – Қазақстан этностарымен жұмыстағы маңызды бағыттарының бірі. Дегенмен, ҚХА барлық этносты Қазақстанның біртұтас халқына біріктірумен айналысады – қазақстандық бірегейлікті, қазақстандық патриотизмді, жалпыазаматтық құндылықтарды қалыптастырады жəне мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде ілгерілетеді.

 

Ассамблея – этномəдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардан тұратын қоғамдық институт. Оның құрамына кіретін этномəдени бірлестіктердің қызметіне бюджеттен қаржы бөлінбейді. ҚХА құрамына кіретін түрлі қоғамдық құрылымдар (аналар, ақсақалдар, медиация кеңестері, қоғамдық медиаторлар жəне т.б.), сондай-ақ этномəдени бірлестіктер мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Олардың барлығы қызметті коммерциялық емес негізде, қоғамдық бастамамен, демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырады. ҚХА əлеуметтік маңызы бар жобаларды жүргізеді, қайырымдылықпен, волонтерлікпен, этносаралық негіздегі жанжалдардың алдын алумен, медиациямен, өскелең ұрпақты тəрбиелеумен айналысады, қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.

 

Этносаралық жəне құқықтық жанжалдарды шешуге Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация кабинетінің қызметі бағытталған. Осы жылдың бірінші тоқсанында республикалық акция аясында «Ашық есік күні» өтті. «Медиация» кабинеті «Мектеп медиациясын» дамыту мақсатында мектептерде шеберлік сабақтарын ұйымдастырды. Оған 200-ден астам адам қатысты. Сонымен қатар, жуырда ғана «Этносаралық қатынастардағы дауларды реттеуде медиация тəсілін қолдану ерекшеліктері» тақырыбында үшкүндік семинар тренинг өткен болатын. Арнайы осы шараны өткізу үшін республикадан шақыртылған «Парасат» медиация жəне құқық орталығының сарапшы жаттықтырушысы, кəсiби медиатор, конфликтолог Бақыт Амангелді қатысушыларға этносаралық жанжалдарды шешудегі оңтайлы тəсілдерді үйретіп, дауласқан тараптарды бітімге келтіріп, жанжалды шешудің тиімді жолдарын табуды түсіндірді. Ал, медиатор-тренер, «Республикалық медиаторлар қауымдастығының» президенті Н.Оразқұлованың қатысуымен «Медиацияның жанжалдарды шешу əдісі ретінде қолдану» тақырыбын арқау еткен төрт күндік шеберлік сабағына жеті ауданнан 21 қоғамдық медиатор, облыстағы 50 мектептің 300-ден астам өкіл қатысты.

 

 

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости